«Алтын қалам» әдеби жүлдесінің жеңімпаздарын марапаттау шарасы биыл алғаш рет жабық есік жағдайында ұйымдастырылып, салтанатты жиынға тек жеңімпаздар мен жоба серіктестері және журналистер шақырылды. Наурыз айының 15-нен қыркүйектің 15-не дейін қабылданған 600-ге жуық шығарма байқаудың akalam.kz ресми сайтында жарияланып, оқырмандар мен қазылардың сараптауынан өткен. 19 қазанда жарияланған байқаудың қысқа тізіміне әр жанр бойынша жеті шығармадан енгізілген еді. Қазылар шешімімен солардың ішіндегі ең үздік бір шығарма ғана марапатталды.
Белгілі жазушы Төлен Әбдік «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» марапатқа ие болды. Ал Бауыржан Оспанов тағайындаған Есенқұл Маманов атындағы бас жүлде –
1 млн теңгені алматылық Заман Төлеуов жеңіп алды. Жазушының «Қарақуыс» романы «Үздік қазақ романы» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.
Тағы бір басты сыйлық –
1 000 000 теңгені балалар шығармашылығына арналған «Дарабоз» байқауында өзгеден оза шапқан павлодарлық қаламгер Алпысбай Хонж иеленді.
– Биылғы бәйгеде бақ сынағандар қатары былтырғыдан өскен және олардың арасында танымал авторлар, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардан жүлде алған кәсіби деңгейі жоғары қаламгерлер көп болды. Бір атап өтерлігі, биыл akalam.kz сайтына кіріп, байқауға ұсынылған шығармалармен танысып, пікір білдіргендер қарасы қалың. Соңғы төрт күнде 1 млн-нан аса адам конкурстың ресми сайтын ашып оқыған, – дейді «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастыру комитетінің директоры Кенже Жұманұлы.
Айтулы байқаудың түрлі аталымында үздік деп танылған авторлар төмендегідей. «Жылдың үздік поэзиясы» Макинара Хайрумға, «Жылдың үздік прозасы» Ертай Айғалиұлына, «Жылдың үздік сатирасы» Алпысбай Хонжға, «Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы» Қуандық Түменбайға, «Жылдың үздік фантастикасы және детектив шығармасы» Сайлау Төлеуовке, «Дарабоз» балаларға арналған үздік шығарма Алпысбай Хонжға, «Үздік қазақ романы» Заман Төлеуовке бұйырды.
«Алтын қалам» әдеби жүлдесі 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқаудың ерекшелігі сол – жоба ұйымдастырушыларының әдебиетке қатысы жоқ, тек кітап оқығанды ұнататын оқырмандар. Алғашқы кезеңде шығармалар akalam.kz веб-сайтында іріктелді. Онлайн дауыс беру 6 ай бойы жалғасқан болатын.
АЛМАТЫ