Кино • 29 Қазан, 2020

Отбасы құндылығын дәріптеген телехикая

502 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы – армандар тоғысқан арда қала. Мұнда өмір сүрген адам тіршілік ырғақтарын бүкіл жан дүниесімен сезінеді. Миллион тағдыр мұңын шағып, сырын ашқан сәулелі шаһар түптеп келгенде өз тұрғындарын мақсат шыңына қарай жетелейді. Өйткені әркімнің жүрегінде өз Алматысы бар. «Өткінші жаңбыр» деп аталған су жаңа отандық телехикая Алматы табыстырған тағдырлардың өмір иірімдерін өзінше суреттеген.

Отбасы құндылығын дәріптеген телехикая

Телеөнім тағдыр тәлкегімен Ал­матыда кездесіп, жақын дос бо­лып, ортақ іс ашатын екі әйел­дің тағдыры мен олардың армандары туралы баяндайды. Сол уақыт аралығында олар өзге­реді, жеке тұлға ретінде өседі, қиын­дықтарды жеңіп, табысқа жетеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл өмір­де бәрі мүмкін екенін дәлел­дейді.

Таяу күндері «Алматы» телеарнасы арқылы көпшілікке жол тартатын телехикаяның әр бөлімінде көрермен өзін және отбасына жа­қын оқиғаны көруі мүмкін. Туын­дының басты кейіпкері – Жа­нар есімді көпбалалы ана. Күн­делікті үй шаруасынан зерік­кен ол – кәсіпкерлікті қолға алып, ел қа­тарлы жұмыс істегісі ке­леді. Алай­да жұбайы бұл ойын құптамайды.

Екінші кейіпкер – Ажар. Ол жал­ғызбасты ана әрі кәсіп­кер. Тап­сырыспен балкүлше (торт) пісіру, оның басты табыс көзі. Жұ­мыстан жа­лыққан ол – ке­рісін­ше отбасылық өмірді аңсай­ды. Кейіп­­кер­лердің тағ­дыры әртүр­лі бол­ғанымен, басқа түскен қиын­дық еке­у­інің басын бір арнаға тоғыс­тырады.

– Бұл уақыт тынысын танытатын жоба. «Отан отбасынан бас­талады» дейтін қағиданың қай кезде де бәсі биік. Өмір болған соң ерлі зайыптылар арасында түр­лі түйткілдер болады. Отбасы бе­ріктігін сақтау, шаңырақты шай­қалтпау үлкен жауапкершілік. Ба­лаларға тағылымды тәрбие беру, адам ету бәріміздің ата-аналық мұ­ратымыз. Кейде біз жұмыс деп жүріп, отбасына көңіл бөле алмай немесе жұмыстарды ысырып қойып, тек отбасының қасында болып жатамыз. Қарап отырсақ, бұл тұста тепе-теңдікті ұстап тұру өте қиын. Осы және отбасында болатын өзге де мәселелер телехикаяда жақсы өріс алған. «Өткінші жаңбыр» телехикаясы – өмірдің өткінші екенін, бақытты дер ке­зінде бағалай білудің қадірін үйретеді, – дейді телехикаяның басты рөлдерінің бірін сомдаған белгілі актер Алмат Сақатов.

Туындыда кейіпкерлердің қы­зықты өмірімен қоса, Алматы қала­сында жүйелі жүзеге асып жатқан «Бақытты отбасы», «Еңбек», «Іс­кер ана», «Бизнес бастау» се­кілді әлеу­меттік жобалар көрініс тауып, жастарға бағыт-бағдар бе­реді. Ару қаланың әсем келбетін айшықтаған жобада талап пен талмай іздену, болашаққа сену, мақсаткерлік секілді айрықша қасиеттер көрерменге үміт сыйлайды. Салтанат Бақаева, Нұргүл Мыңғатова секілді актрисалар қазіргі қазақ әйелінің арманы, отбасы құндылығы, сыйластық, достық, туыстық қарым-қаты­нас­тың қасиет-қалыбын дәріптеген жо­баның шырайын аша түскен.

Ұлттық экранымыздың төл туын­дылармен толыға түскені көңіл қуантады. Мәртебелі көрер­менге жуық арада жол тартатын жаңа жоба көпшіліктің талғам биігінен көрінер деген сенімдеміз.

 

АЛМАТЫ