Аймақтар • 29 Қазан, 2020

Екінші толқынға Батыс Қазақстан дайын ба?

299 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов өңірдің COVID-19 туындауы мүмкін екінші толқынына дайындығымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екінші толқынға Батыс Қазақстан дайын ба?

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердің эпидемиологиялық жағдайымен және коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындығымен танысып жүрген Ералы Тоғжанов Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапарын Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы шекарадан бастады.

Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес губерниясымен шектеседі. Осы шекара бойында 9 өткізу бекеті бар. Ресей тарапынан Батыс Қазақстан шекарасына орта есеппен айына 50 мыңдай көлік, 80 мыңнан аса адам өтеді екен. Осы халық ағыны ең көп өтетін Сырым шекара бекетінің жұмысымен танысқан Ералы Тоғжанов covid-19 инфекциясынан қорғану шараларының қалай ұйымдастырылғанын тексерді.

47

Соңғы аптада Ресей Федерациясында бір тәулікте коронавирус инфекциясы анықұталған адамдардың саны 16-17 мыңнан түспей тұр. Осыған орай шекарадағы сақтықты күшейту қажеттігі күн тәртібінде тұр. Бүгінде қолында ПТР тест анықтамасы жоқ шетел азаматтарына Қазақстан шекарасынан өтуге тыйым салынған. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын транзиттік жүк көліктерінің жүргізушілері тек анкета толтырып, өздері туралы мәліметті қалдырады да шекарадан өте береді. Ал елге қайтқан өз отандастарымызды тексеру үшін арнайы зертхана ашылған.

25

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жетекшісі Ералы Тоғжанов бұдан кейін Орал қаласындағы көпбейінді ауруханасында болып, өңірдің COVID-19 екінші толқынына дайындығымен танысты. Елімізде коронавирус жұқпасының алғашқы толқыны күшейіп тұрған кезінде облыста жедел жәрдем көліктері мен өкпені жасанды желдететін құрылғылар тапшы болғаны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Орал қалалық және 9 аудандық медицина бөлімдері су жаңа көлікке ие болды. 20 реанимобиль Орал қалалық жедел жәрдем стансасына берілсе, 9 жылжымалы медициналық-диагностикалық аавтокешен Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Теректі, Тасқала, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарына – шалғай ауыл тұрғындарына уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсетуге аттанды.

"Дәрігерлер қауымына, әсіресе үнемі қауіпті дертпен күресте алғышепте жүретін жедел жәрдем қызметкерлеріне жанқиярлық еңбектеріңіз үшін көп-көп рахмет айтамыз! Бүгін табыс етіліп отырған техника – елге, халыққа жасалған қамқорлық. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен осының бәрі өз елімізде жасалуда. Күні бүгін 1157 көлік жасалып, Қазақстанның барлық облысына беріліп жатыр", деді Ералы Тоғжанов «Жедел жәрдем» қызметкерлерімен кездесуде.

12

Соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақталған бір реаномобилдің құны шамамен 34 млн теңге болады екен. Мұнда науқастың жағдайын дереу анықтайтын монитор, өкпені жасанды желдететін германиялық қондырғы, оттегі балондары, бейнебақылау камерасы бар. С категориялы санитарлық көліктер сыйымдылығы 2 литрлік оттегі баллонымен жабдықталған, ол оттегі 7-8 сағат бойы тыныс алуға жетеді екен. Тіпті ол таусылған жағдайда осы көліктің ішінде балонды қайта толтырып алуға мүмкіндік бар. Жүргізуші көлікке науқасты кіргізіп-шығаратын есікті өз орнынан басқарып, ашып-жаба алады. Яғни науқаспен қарым-қатынас жасамайды. Бұл дегеніңіз вирус жұқтыру қаупі азаяды деген сөз.

Отандық кәсіпорын құрастырып шығарған жылжымалы медициналық-диагностикалық кешен цифрлық қондырғылармен жабдықталған жеті кабинеттен тұрады. Кез келген жерде қызмет көрсете алатын кешенді шағын аурухана деуге болады. Алыс ауданға, шалғай ауылға барған бұл кешен тұрғындарды қалаға сабылтпай, бір жерден тексеріп, диагностика жасайды.

36

"Коронавирустың екінші толқынына төтеп беру үшін біздің қалалық көпбейінді аурухана тиісті дайындық жасады. Қажет болған жағдайда 450-ге жуық науқасты қабылдай аламыз. Екі айға жететін дәрі-дәрмек пен қосымша жабдықтарымыз бар", деді Орал қалалық көпбейінді аурухана директоры Арман Қалибеков вице-премьерге аурухананың дайындығын таныстырып.

Вице-премьер Орал қаласында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөнінде жедел кеңес өткізді. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев өңірде коронавирустың екінші толқынын қарсы алу үшін дәрі-дәрмектің екі айлық, қорғаныш құралдарының бір жарым айлық қоры бар екенін айтты. Ауруханаларда 518 төсек орын дайындалған. Қосымша 2244 төсек ашуға мүмкіндік бар.

9

"Батыс Қазақстан облысының жағдайы Құдайға шүкір, жаман емес. Біз қиын жағдайларды басымыздан өткердік. Маусым-шілде айындағы оқиғаларды ешкім ұмыта қоймаған болар. Ұмытқан азаматтар болса қайта-қайта есіне салу керек. Басында аурудың барына сенбей жүргендер де болды, кейін кеш түсініп, өкініп қалғандар кездесті. Қазір еліміз қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, өңірлерге толық жеткізілді. Дәріханаларға СК Фармация арқылы қаражат бөлгізіп, қажет кезінде бөлшек саудадағы жағдайды да бақылап отыруға мүмкіндік бар", деді өз сөзінде Ералы Тоғжанов.

Кеңес қорытындысында Ералы Тоғжанов өңір басшылығына облыстағы эпидемиологиялық ахуалды қатаң қадағалауды, халықты және медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен, өкпені жасанды желдету қондырғыларымен және оттегі концентраторларымен қамтамасыз етуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ "Сақ бол!" мобилді қосымшасының тиімділігін халыққа түсіндіру қажеттегін айтып өтті.

25

Бұдан кейін вице-премьер Орал қаласында салынып жатқан 200 орындық модулді аурухана құрылысымен танысты.

"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" дейді халық даналығы. Сондықтан да карантин режимін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын барынша күшейту қажет. Вице-премьер өңір басшысына жиі қайталап тапсырған мәселе осы болды.

Батыс Қазақстан