Елорда • 29 Қазан, 2020

Елордада коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас санитарлық дәрігер Санитарлық нормаларды сақтамағандықтан елордада COVID-19-дың екінші толқыны болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін

Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясының тез таралуы байқалады. Соңғы аптадағы ауру көрсеткіші алдыңғы аптадан 1,3 есе немесе 28,7 % жоғары. Брифингте бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева хабарлағандай, бүгіннен бастап қаладағы КВИ репродуктивті саны бірден асып, 1,08-ге жетті.

"Қазан айындағы аурушаңдықтың өсуі қалада карантин шараларын жеңілдетуге мүмкіндік бермейді", - деді Жанна Пірәлиева.

Ережелерді елемеуден басқа, кейбір науқастар байланысқан тұлғалары туралы фактілерді жасырады.

"Соңғы уақытта коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастардың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша, сондай-ақ жақын байланыста болғандар туралы фактілерді жасыру және жалған ақпарат беру жиілеп кетті. Бұл эпидемияға қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізуге кедергі келтіреді",-деді Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Бизнес субъектілері шектеу шараларын, санитарлық нормалар мен карантиндік режимді елемей отыр. Бұған 27 және 28 қазанда мониторингтік топтар жүргізген күндізгі және түнгі рейдтердің нәтижелері дәлел бола алады. Тексерілген 290 нысанның 49-ында бұзушылықтар анықталды.

"Мейрамханаларда көптеген адамдарды шақырып, отбасылық іс-шаралар өткізу әлі де бар. Мысалы, 24 қазанда Тұран даңғылы, 5 мекенжайындағы GRANDHALLASTANA мейрамханасында 70-тен астам адам болды. "Қыз ұзату" тойы өткізілді, оған 50 адам қатысты, ал туған күн залында 20 адам болды", - деді Нұр-Сұлтан қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Госман Жакин.

Сондай-ақ, мобильді топ Манас көшесіндегі "Пошашлычим" кафесі мен "Жаным-сол" караоке-барында жұмыс күндері және демалыс күндері белгіленген жұмыс кестесін сақтамай, өз қызметін жүзеге асырған бұзушылықтарды анықтады. Тыйым салынған уақытта Тұран даңғылы 19 көшесіндегі Fast425 түнгі клубы да жұмыс істеді.

"Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары, кезекті рет айналаңыздағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қамқорлықпен қарауыңызды сұраймын. Ол үшін тек қарапайым ережелерді сақтау керек: міндетті түрде медициналық маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адам жинап, отырыс өткізбеу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау керек", - деді Бас санитарлық дәрігер қала тұрғындарына.