Аймақтар • 29 Қазан, 2020

Түркістанда індеттен айыққандарды оңалту орталығы ашылды

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанда коронавирустық инфекциямен немесе пневмониямен ауырып, одан емделіп шыққандарды оңалтуға арналған алғашқы орталық ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда індеттен айыққандарды оңалту орталығы ашылды

Қалалық емханада орналасқан жаңа орталықтағы мамандар 19 емделушіні қабылдап, реабилитациялық көмек көрсетуде. Оларға ингаляция, парафинотерапия, емдік массаж, велотренажер сынды емдік шаралары жүргізіледі.

Орталықта алдағы уақытта магнитті терапия және басқа да медициналық аппараттармен толықтыру жоспарланған. Емхана базасында,сонымен қатар  вирусологиялық зертханасы үздіксіз жұмыс істейді. Мұнда өңірдің Отырар, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларындағы емдеу мекемелерінен алынған ПТР сынамаларына талдау жасалады. Нәтижелері орталықтандырылған жүйе арқылы азаматтардың жеке мәлімет жүйесіне енгізіледі.

"Коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқыны басталған жағдайда емханалардың қызметі қалыпты жағдайда жалғаса береді. Санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәрігерлер тұрғындарды алдын-ала жазылу бойынша қабылдайды. Ал,  Covid-19 белгілері бар науқастар бөлек есік арқылы сүзгі бөліміне кіргізіліп, бөлек кабинетте тексеріледі. Вирус анықталған жағдайда амбулаториялық бақылау және емдеу жүргізіледі. Облыстағы барлық медициналық ұйымдарда  індетпен күрес жұмыстары барынша күшейтілген", дейді Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев.

Айта кетелік, коронавирустық инфекцияның бірінші толқынында ауруханада 300-ден астам қызметкер жұмылдырылған болатын. Емдеу мекемесінде 320 төсек-орындық провизорлық стационар қарастырылған.

Қосымша 50 орындық инфекциялық бөлім ашу жоспарланған. Аурухана 81 оттегі тарату көзі,  16 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 70 дана оттегі концентраторы мен 70 пульсоксиметрмен толықты. Емдеу мекемесінде стационарлық оттегі станциясы орнатылып, 2 айлық дәрі-дәрмек қоры және дезинфекциялық заттармен, жеке қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген.

 

Түркістан облысы