Спорт • 30 Қазан, 2020

Аргентинаның алтын баласы

474 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бүгін – Диего Армандо Марадонаның туған күні. Теңбіл доптың теңдессіз шебері, көптеген атақ-даңқтың иегері, есімі футбол королі Пелемен қатар аталатын азамат 60 жасқа толып отыр. Ұзақ жылдар бойы жасыл алаңда жасындай жарқылдап, барша жанкүйерді асқан шеберлігімен тәнті еткен Аргентинаның ерке ұлы жайында біз не білеміз?

Бүгінгі мақаламызда Марадонаның жүріп өткен жолы мен оның спорттық карьерасы жайында біраз қызықты мәліметті жариялауды жөн көріп отырмыз.    

 

Аргентинаның алтын баласы

 

Диего Марадона 1960 жылдың 30 қа­за­нында Аргентинаның астанасы – Буэнос-Айрестің дәл іргесінде орналасқан Ланус деп аталатын шағын ғана қалашықта кедейлер отбасында дүниеге келді. Әкесі Дон Диего диірменде жұмыс істесе, анасы Дальма Сальвадора Франко үйдегі тірлікпен айналысты.  Болашақ футбол жұлдызы – Марадоналар отбасындағы бесінші перзент. Алдында төрт әпкесі бар. Дон Диего таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыста болғандықтан, үй шаруасындағы барлық ауыртпалық Дальманың мойнына түсті. Балалары да ата-аналарына қолғабысын тигізіп, бала кездерінен қара жұмысқа жегілді. Ел аузындағы әңгімеге сенсек, Диего жеті жасқа толғанда жиен ағасы оған футбол добын сыйға тартыпты. Туысының тосын сыйлығына қуанғаны соншалық,  үйде жүрсе де, қонаққа барса да ол ала доптан еш ажырмаған екен. Тіптен, ұйықтағанда да оны құшақтап жатады екен.

Жергілікті әуесқой клубтар арасында өтетін ойындарды Марадона қалт жібермеген. Үзіліс кезінде көпшілік алдына шығып, өз өнерін паш етуді әдетке айналдырған. Диего допты жерге түсірместен, басы, иығы, кеудесі, тізесі, шынтағы, өкшесі, бір сөзбен айтқанда, денесінің кез келген мүшесімен қағып, көрермендердің көңілін көтеріп жүрді. Үзіліс аяқталып, командалар алаңға шыққан кезде Марадонаның шеберлігіне тәнті болған көпшілік «Балақай, алысқа кетпе. Ойын аяқталған соң осы өнеріңді бізге қайталап көрсетші», деп алаңнан жібергілері келмеген көрінеді.

Диего 10 жасында Аргентинаның «Лос Себоллитос» деп аталатын балалар клубына қабылданады. Ол футбол королі Пеле секілді алаңға 10 нөмірлі футболкамен шығып жүрді. Ала доптың сиқырына арбалғаны соншалық, 14 жасында оқуын жалғастырудан бас тартып, уақытының барлығын спорттың осы түріне арнады.

1970-1976 жылдары Марадона «Ар­хен­тинос Хунирстың» жастар клубында ойнады. Содан кейін негізгі құрамаға қабыл­данды. Міне, сол кезден оның спорт­тық карьерасында өрлеу кезеңі басталды. Түрлі жарыстарда көпшілік назарын өзіне аударған Диего ұлттық команданың жейдесін киіп те үлгерді. Алғашқы кездерде жасыл алаңда жасындай жарқылдамаса да, оның ойыны жақсы әсер қалдырды.

1978 жылғы әлем чемпионаты Арген­тинада өткені белгілі. Марадона да айтулы жарысқа қатысуға үміттілердің бірі болды. Алайда доп додасының бастал­уына екі апта қалғанда бас бапкер Сезар Луис Менотти оны негізгі командаға қабылдамады. Сол жайсыз жаңалықты естігенде, 17 жасар бозбаланың ашуға бу­лыққаны соншалық, күні-түні өз бөл­месінен шықпай, еңіреп жылаған екен. Тіпті ең жақын адамдарына да оны жұбату оңайға соқпапты. Есін жиып, өз-өзіне келгеннен кейін Меноттиге бір емес, бірнеше мәрте телефон шалып, ұлт­тық құрамаға қабылдауын қиылып сұра­ған. Бірақ бас бапкер айтқанынан қайт­пайды.

Жоғарыдағы жағдайдан кейін Диего өзінің мықтылығын түбегейлі мойындату үшін көп еңбектеніп, жатпай-тұрмай даяр­лану қажеттігін ұғынады. Ол солай етті де. Нәтиже көп күттірген жоқ. 1979 жылы Аргентинаның жастар құрамасы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанса, Марадона ең үздік ойыншы деп та­нылды. Содан кейін-ақ ол өз елінің ұлт­тық командасының серкесіне айналды. Сол аралықта Марадона Оңтүстік Аме­ри­каның үздік футболшысы деген атақты иемденді. Бір сөзбен айтсақ, Диего Марадонаның спорттың бұл түрін­д­е бағындырмаған белесі жоқ. Оның барлығын тізбектеймей-ақ, әлем чемпио­наттарындағы өнеріне тоқталсақ та жеткілікті деп ойлаймыз.

1982 жылы ол Италияға сапар шекті. А­пеннин түбегінде Марадона тәуір ойна­ғанымен, Аргентина құрамасы екінші кезеңнен аса алмады. Бразилияға қарсы бәсекенің 85-минутында өзіне қарсы тым дөрекі ойнаған Жуан Батистаға қол жұмсағаны үшін Диего алаңнан қуылды.

1986 жылы Мексикада Диегоның жұлдызы жарқырай жанды. Команда капитанына тән мінез көрсетіп, өз отандас­тарын үнемі алға сүйреді. Италия (1:1), Болгария (2:0) және Оңтүстік Кореяны (3:1) артқа тастаған аргентиналықтар өз тобында бірінші орынды иеленді. Италияның қақпасына соғылған голдың авторы – Марадона. 1/8 финалда Уруг­вайдан (1:0) басым түсті. Ширек финал­да Англиядан (2:1) айласын асырды. Осы күнге дейін жанкүйерлердің жадында сақ­талып қалған мына бір қызықты оқиға дәл сол бәсекеде болған еді: Мехи­ко­дағы «Ацтека» стадионында өткен кездесудің 51-минутында қақпашы Питер Шилтонмен таласқан Марадона бойының жетпейтінін біліп, доп­ты қақпаға қолы­мен итере салды. Бұл сәт төреші назары­нан тыс қалып, соғылған гол есепке алынды. Арада төрт минут өткен соң дәл сол дарабоз Диего өз алаңынан бас­тап, жол-жөнекей ағылшынның алты бір­дей ойыншысын алдап өтті де екінші мәрте допты қақпаға тоғытты. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы ең әдемі голдардың бірі!

Кездесудің соңына қарай Англия есеп айырмашылығын қысқартқанымен, Бобби Робсонның шәкірттерінің одан әріге әлдері жетпеді. Сөйтіп, ағылшындар үшін жарыс аяқталса, Аргентина жартылай финалға шықты. Кейіннен журналистер Марадонадан қолмен қалай гол соққаны жайында сұрағанда, ол «Ешбір дене мүшем допқа тиген жоқ. Ол менің емес, құдайдың қолы шығар», деп міз бақпады.

Жартылай финалда Карлос Билардо баптаған команда Бельгияны 2:0 есебімен ұтты. Екі голды да Марадона соқты. Ақ­тық сында аргентиналықтар ГФР-мен кездесті. Алғашқы екі голды Хосе Луис Браун мен Хохе Вальдано соқса, көп ұзамай Карл-Хайнц Румменигге мен Руди Феллер таразы басын теңестірді. Осы кезде Марадонаның нағыз команда капитанына тән қасиеті айқын көрінді. 85-минутта ол Хорхе Бурручагаға 40 метр­дей қашықтықтан қолмен әкеліп алдына қойғандай етіп, дәл пас берді. 24 жастағы сұрмерген мүлт кеткен жоқ. Бұл жеңіс добы еді. Есеп – 3:2. Осылайша, Ацтектер елі сапарынан Аргентина әлем чемпио­ны атағымен оралса, Диего Марадона ең үздік футболшы деп танылды. Ал сұрмергендер сайысында қарсыластар қақпасын бес мәрте дәл көздеген ол тек ағылшындық Гари Линекерден ғана қалып қойды. Англия құрамасының ша­буыл­шысы біріншілік барысында алты гол соқты. Сол жылдары аяқдоп өнері­нің басы-қасында жүрген майталман ма­ман­дар мен сан миллион жанкүйер Мара­донаны даңқты Пелемен салыстыра бастады.

1990 жылғы әлемдік доп додасы Ита­лияда өтті. Марадона бұрынғыдай бабында болмаса да, өз командасын өрге сүйреудің барлық амалын жасады. Топтық турнирде Аргентина үшінші орын­да қалып қойғанына қарамастан, жиған ұпайының молдығынан плей-оффта күш сынасу құқығына ие болды. 1/8 финалда олар атағы алысқа жайылған Бразилиямен ойнады. Құрамында Таф­фарел, Рикардо Гомес, Дунга, Алмеао, Ка­река, Ромарио, Бебето сынды жұл­дыз­дары бар Себастьян Лазарони жетек­шілік еткен команда ойынның басынан аяғына дейін басымдыққа ие болды. Аргентиналықтар көбіне-көп қорғанысқа мән беріп, қарымта шабуылға ара-тұра ғана жүгінді. Сондай сәттердің бірінде тағы да Диего дараланды. 81-минутта ол құйындай жүйткіп, бірнеше ойыншыны алдап өтті. Қарсыластары оны тоқ­татуға тырысты. Үш ойыншының ортасында қалып қойғанына қарамастан, Ма­радона құлап бара жатып, алыста тұрған Клаудио Каниджаға дәл пас жеткізді. 23 жастағы жалбыр шашты жалынды жас өз мүмкіндігін қалт жібермеді – 1:0.

Ширек финалда Югославияны (0:0, 3:2) пенальти соғу барысында жең­ген Аргентина жартылай финалда Ита­лиямен кездесті. Бұл бәсекеде жеңім­паз анықталмады – 1:1. Есеп 3:3-ке жеткенде, Марадона жеңіс голын соқты – 4:3. Финалда ГФР-ден (0:1) ұтылған ар­гентиналық футболшылар күміс медальді мойындарына ілді. Ал Диего болса, біріншіліктің ең үздік ойыншылар тізімінде үшінші орынға тұрақтады. Жарыстың жабылу рәсімінде Марадона ФИФА президенті Жоао Авеланждың қолын алудан бас тартты. Футболшының пікірінше, финалдық ойында төрешілер Аргентинаға көпе-көрнеу қиянат жасады. ФИФА басшылары соны көре тұра, жұмған ауыздарын ашпады.

Аргентиналық бапкерлер 1994 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында, Диего Марадонаны ұлттық құрама сапына амалдың жоқтығынан ғана қосты. Себебі құрама команда іріктеу турнирі мен жолдастық кездесулерде жиі сүрінді. Тіптен, АҚШ-қа бармай қалу қаупі туды. Соңғы жолдаманың тағдыры Аустралияға қарсы бәсекеде шешілді. Сол кезде барша жанкүйер «Қатарға Марадонаны қосыңдар» деп шулады. Халықтың ашу-ызасынан ыққан бас бапкер Альфредо Басиле көпшіліктің талабын орындады. Сиднейде тең есеп тіркелді – 1:1. Буэнос-Айресте өткен қарымта матчта алаң иелерінің асығы алшысынан түсті – 1:0. Шешуші тұста Марадона нәтижелі пас беріп, көпшіліктің назарын қайта өзіне аударды. Сөйтіп, Аргентинаның футболшылары Америкаға аттанды.

АҚШ-та өткен әлем чемпионатының тұсаукесер кездесуінде аргентиналық аяңдоп шеберлері Грекия құрамасының қақпасына жауапсыз төрт гол салды. Біреуі кейіпкеріміздің еншісінде. Келесі ойында Нигериядан басым түсті – 2:1. Марадонаның пасынан кейін же­ңіс голын Каниджа соқты. Үшінші матч­та Болгариямен күш сынасуға тиіс еді. Алайда Диегоның допинг қолдан­ғаны анықталып, ол жарыстан шет­те­тілді. Команда серкесінің қадірі сон­да анық білінді. Әуелде олар болгария­лық­тардан 0:2 есебімен ұтылса, 1/8 финалда Румынияға есе жіберді – 2:3. Бұл Марадонаның ұлттық команда сапындағы соңғы ойыны еді.

Ұлттық құрамадан бөлек, клубтық деңгейдегі жарыстарда да Марадона керемет ойын өрнегімен миллиондаған кө­рерменнің көзайымына айналды. Ис­па­нияның «Барселонасында» ол екі жыл ойнады. 1984-1991 жылдар ара­лы­ғында Италияның А Сериясында өнер көрсетті. Аргентинаның шоқжұл­дызы «Наполидің» жейдесін киген бетте бұрын-соңды ішкі біріншілікте топ жа­рып көрмеген команда құлпырып шыға келді. Олар талай биік белесті бағындырды. Неапольдықтар екі мәрте Италия чемпионы, бірнеше рет вице-чемпионы атанып, УЕФА кубогын олжалады.

Диего Марадонаның сирек кездесетін талант иесі екені анық. Бойы небары 165 сантиметр бола тұра, өзінен әлдеқайда еңгезердей ойыншылардың өздерінен биік секіретін. Жүгіргенде ешкімді ша­ңына ілестірмейтін. Допқа таласқанда, өзгелерді тақырға отырғызып кететін. Соққысы жойқын, пасы дәл, дриблингі керемет, финттері ғажап... осылай ұзақ жал­ғастыра беруге болмады. Бірақ ол бойындағы барлық қасиеті мен дара талантын толықтай пайдалана алды деп айта алмаймыз. Өйткені нағыз кемелденген шағында ерсі қылықтар көрсете бастады. Өзінің қиқар мінезінің кесірінен әркіммен бір дауласып, жанжалдасты. Басшыларды балағаттап, әріптестерінің жағасынан алды. Әңгімесі жараспаса, жұдырығын ала жүгіруді әдетке айналдырды. Көшеде кездейсоқ кездескен адамдармен төбелесіп, журналистерге оқ атты. Ішімдікке салынып, есірткіге әуестенді. Мас күйінде көлік жүргізіп, бейкүнә жандарды жара­қат­тады. Салық төлеуден жалтарып, басы дау-дамайға қалды. Қоғамдық орындарда тыныштықты бұзды. Басқа да жат қы­лықтарымен көзге түсіп, талай рет істі болды. Бір сөзбен айтсақ, сау адамның тамағын ішіп, ауру адамның ісін істеді.  

Жоғарыдағы жайттың барлығын көре тұра қоғам да, құзырлы органдар да, миллиондаған жанкүйер де Диегоға кешіріммен қарады. Өзге біреулер осындай теріс әрекеттерге барса, темір тордың ар жағына тоғытылатыны анық еді. Осы орайда Марадонаның спорт саласында қол жеткізген табыстары ескерілді. Расында да, ол асқан дарын иесі, теңбіл доп­тың теңдессіз шебері еді. Міне, Арген­тинаның сол алтынға бергісіз баласы Диего Армандо Марадона бүгін алпыс­тың асуына шықты.