Бұлай сөз салмақтауымыздың өз бағыт-бағдары бар. Неге десеңіз, Халықаралық Түркі академиясы және Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының қолдауымен өткен дөңгелек үстелде ағайынға ақ лебізін ақтарған қоғам зиялыларының түрік жұртына деген ыстық ықыласының айрықша екенін байқадық. Алдымен қатысушыларға өз заманының заңғар перзенті Мұстафа Кемалға арналған кітап көрмесі ұсынылып, төрінен төрт тарап нұрлы сөз күткен, көркіне күллі ел көз тіккен Түркия мемлекетінің ғасырға жуық ғұмырнамасынан сыр тартқан көркемфильм көрсетілді.
Келелі кездесудің тізгінін ұстаған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жиналғандарды аталған мерекемен құттықтап, беташар сөзді Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджиге ұсынды.
– Тәуелсіздіктен артық қымбат дүние жоқ. Түрік Республикасының қазіргі қол жеткен табыстары азаттық жолындағы азапты жылдардың жемісі. Түрік халқы бұл күнге оңай жете қойған жоқ. Ол жолда қаншама бауырымыздың қаны төгілді. Ұлт болып ұйысу мен мемлекет болып қалыптасудың небір кезеңдерінен өтті. Бақытымызға орай 1923 жылы 29 қазанда еркіндікке қол жалғап, сол уақыттағы жас республикамыздың тұңғыш президенті болып маршал Мұстафа Кемал сайланды. Мемлекет пен халық алдындағы еңбегі үшін оған 1934 жылы 24 қарашада «Ататүрік» тегі берілді. Заңғар тұлғамыз Түркия территориясын талан-таражға түсіп, бодан болудан құтқарды. Соның арқасында егемендікпен еркін тыныстап келеміз, – дей келе елші, осы айтулы шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Одан кейін сөз кезегі Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевқа берілді. Екі тілде қатар сөйлеп, Түркияның азаттық жолындағы күресін баяндаған Жансейіт Қансейітұлы түбі бір қос елдің бауырластығы нығая беруін тіледі.
Жиынға сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры Ержан Мұқаш, Түркі кеңесі Ақсақалдары кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов қатысып, сөз сөйледі.
Жиын барысында Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының білім алушылары Мұхаммедияр Анкабаев пен Бақдәулет Ташманов түрік тілінде арнау өлең оқып, арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Айта кету керек, осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын Анадолыда ұлт көшбасшысы Ататүрік бастаған шетел интервенттерінің жаулауынан азат етуге бағытталған ұлт-азаттық күрес жеңіспен аяқталған еді. Содан ел конституциясына өзгерістер еніп, Түркия Республикасы өмірге келді. Дәстүр бойынша мерекелік шаралар сол елдің бас қаласы Анкарадағы Ататүрік кесенесінен бастау алады. Осы ретте Қазақстан да бауырлас елдің ұлық мерекесін қастерлеп, жыл сайын қуанышына ортақтасып келеді.