Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ортақ ақша-несие саясаты орнықсыз
Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев ЕАЭО мен Қытай арасындағы қаржылық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары жөніндегі сессияда Еуразиялық экономикалық одақтың ұлттық валюталарға сүйенген валюта-қаржы жүйесін құру жайында ұсынысын білдірді. С.Глазьевтің сөзін тарқатсақ, ЕАЭО шеңберіндегі қаржы операцияларының тең жартысы мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарымен жүзеге асады, юань мен рубль үлесі 15 пайыздан төмен. Бизнестің еуро мен долларға басымдық беруінің басты себебі рубль бағамының тұрақсыздығы екен.
– Ресейде және Қытайда өз төлем жүйелері, банктер арасында ақпарат алмасудың электронды жүйесі құрылған. Бірақ шаруашылық қызметінің қатысушылары әзірге инфрақұрылымның бұл элементтерін өте баяу пайдалануда және бұрынғысынша бөтен валюталарда жұмыс істейді. Жағдаятты түбегейлі өзгертуіміз, өзіміздің еуразиялық валюта-қаржы жүйесін құруымыз керек деп санаймын. Бұл бізді тәуекелдерден сақтандыратын әрі сенімді, ашық, қолайлы, тиімді және шаруашылық жүргізушілер үшін салмақ салмайтын жүйе болар еді, – деп атап өтті С.Глазьев.
Ол бұл нәтижеге қалай келу жөніндегі ұсыныстарын да ортаға салды. Яғни ұлттық валюталардың бағамын тұрақтандырмаса, одақ шеңберінде дүниеге келмек жаңа жобаның аяғына тұсау болатын көрінеді. Сол себепті ЕАЭО мемлекеттері арасында валюта бағамдарын тұрақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі келісімге қол қою керек.
«Еуропалық одақта қолданылған «валюта батпырауығы» іспеттес ЕАЭО елдері арасында да валюта бағамын тұрақтандыруды қамтамасыз ететін келісімдерге қол жеткізудің қажеттігі пісіп жетілді», деген С.Глазьев осы міндеттерге қатысты ұсыныстарын жіктеп тұрып түсіндірді. Алғашқысы, Еуразиялық биржаларды және баға белгілеу механизмдерін қалыптастыру. Бұл бағыт одақ мемлекеттерінің басшылары тұтастай мақұлдаған Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасында көзделген. Екінші бағыт, ұлттық валюталарда есептесу үшін артықшылықтар беру. ТМД Мемлекетаралық банкі коммерциялық банктерге қарағанда неғұрлым төмен тарифтермен конверсиялық операцияларды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарар еді. Ол бұдан басқа, ұлттық валюталардағы есептесулерге валюталық бақылауды қолданбауды және өзара сауда мен бірлескен инвестицияларға кредит беру және қаржыландыру мәселелерін қарауды ұсынды.
Сонымен, ЕАЭО кеңістігінде Ресей қытай юанінің көмегімен рубльге ЕАЭО-да резервтік валюта мәртебесін беруге мүдделі болып отырғаны да, валюта бағамын АҚШ долларына қатысты тербелістерден бірлесіп қорғауға, бұл үшін Еуропалық одақ тәжірибесінде сыннан өткен валюта батпырауығы жобасын одақ көлемінде жерсіндіруге дайын екені белгілі болды. Себебі Еуропалық одақта «Валюта батпырауығы» жобасы валюта қоржыны міндетін атқарды. Мұны халықаралық деңгейдегі сарапшылар да мойындайды. Беларусь мемлекеттік университеті қаржы кафедрасының доценті Юрий Грузицкий 2017 жылы Беларусь экономикалық журналында «Валюталық батпырауықтан – еуроға дейін» атауымен жарияланған сараптамасында Еуропалық одаққа мүше елдер ортақ валюта туралы мәмілеге келіскенге дейін бірнеше кезеңді бастан кешкені айтылған. Бастапқыда одаққа мүше мемлекеттердің экономикасындағы елеулі құрылымдық айырмашылықтар, ақша-несиелік және қаржылық қатынастарды реттеу үшін ұлтүстілік билікке егемендік құқықтарын беруді қаламау, өткен ғасырдың 1970-1980 жылдарындағы экономикалық және валюталық дағдарыстар Вернер жоспарының толық орындалуына мүмкіндік бермеді. Осыған қарамастан, 1970 жылдардың соңында экономикалық және валюталық одақ құру жолдарын іздеу күшейтілді. 1979 жылы Батыс Еуропадағы интеграциялық процестердің дамуын жеңілдету мақсатында Еуропалық валюта жүйесі (ЕВЖ) құрылып, еуропалық валюта бірлігінің шартты есеп бірлігіне негізделді. Бұл фактор бастапқыда ЕО-ға мүше елдердің валюта қоржыны міндетін атқарды. Еуро 1999 жылы қаңтардың 1-інде өмірге келді. Сол кезде аймақтағы 10 мемлекет еуроға қатысты өздерінің пайыздық үстемелері мен айырбас бағамын бекітіп, Еуропа орталық банкіне тапсырды. Үш жылдан кейін айналымға жаңа банкноттар мен монеталар енді.
– Әр валютаның үлесі осы елдердің Еуропалық одақтың ІЖӨ-дегі және ондағы саудадағы салыстырмалы үлесін, сондай-ақ олардың қысқамерзімді валюталық қолдау тетіктеріне қосқан үлесін көрсетті. Бұл механизмнің жұмыс істеуі үшін орталық банктерге валюта нарығындағы интервенцияларды үйлестіру қажет болды, – деп ойын түйіндепті Ю.Грузицкий.
Ресей рубльге ЕАЭО-да халықаралық резерв мәртебесі берілуіне бек сенімді. Ортақ валюта туралы мәселеге ашық түрде нүкте қоюға талпынған жиын 2018 жылы қазан айында Ереванда өткенін айта кетейік. Бұл жиында одаққа мүше елдер қаржы нарығына қатысты қолданыста жүрген заңдарды унификациялау туралы келісімге қол қойды. Жиын барысы жабық есік жағдайында өткендіктен, ондағы қаралған мәселелер де әзірге құпия. ЕАЭО ресми сайтында жарияланған ақпаратта «Мүше мемлекеттер арасында сауда-саттықты ұлттық валютамен жүргізу туралы сөз болды» деген хабарлама ғана бар.
Өзгеге қарап көш түзеуге ерте
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі болған қаржыгер Ілияс Исаев Ресей мен Қытай елдері форумында айтылған бұл идея әдемі қиялдың «жемісі» екенін айтады. Дәл қазір ЕАЭО шеңберінде доллардан бас тартып, валюта батпырауығы жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ. Себебі валюта батпырауығына қандай фактордың дем беретіні әзірге белгісіз. Сарапшының түсіндіруінше, бұл міндетті жүзеге асыру үшін ЕАЭО-ға мүше елдердің ұлттық валюталары мен рубльдің бір-біріне ықпал ету тетіктерін зерттеу керек.
– Біздің елде теңге мен рубльдің бір-біріне ықпал ету тетіктері жеткілікті деңгейде зерттелмейді. Барлық назар АҚШ доллары мен теңгенің жұбына ауып кеткен. Егер осы факторлар ЕАЭО шеңберінде зерттелсе, ортақ валютаның қажеттігі туралы миф өзінен өзі сейіліп, үшінші елдердің көмегімен долларсыздандыруды бастау мәселесіне нүкте қойылады. Бұл мәселеде әрбір ел өз мүмкіндігіне сену керек. Әзірге ЕАЭО көшін алға сүйреймін деп тұрған елді көрген жоқпын, – дейді І.Исаев.
Қаржыгер осы ретте ЕАЭО-ға Еуропалық одаққа қарап көш түзеудің уақыты әлі алыс екенін, Еуропалық одақта қолданылған валюта батпырауығы іспеттес жобаны сынаудың кезі келмегенін айтты. Ортақ қаржылық орта болу үшін макроэкономикалық көрсеткіштер теңесуі тиіс. Мәселен, инфляция, мемлекеттік бюджет тапшылығы, ақша-несие саясаты, пайыздық мөлшерлемелер, салықтар, валюталық заңдар бірдей болуы шарт. Интеграцияның жеткілікті дәрежесіне көтерілмеген мемлекеттердің ортақ валюта енгізуі валюталық реттеуден айырылып қалатынын алға тартқан қаржыгер Еуропалық одақ елдерінің ішінде болып жатқан дағдарыста ұлттық үкіметтің әлсіздігі байқалғанын айтты. Тіпті кезінде Еуропа одағының тәжірибесін зерттеген еуразиялық сарапшылар олар ортақ валюта енгізгенде бірқатар қателік жібергенін анықтаған.
Деректерді сөйлетсек, АҚШ қаржы министрлігінің соңғы есебі көрсеткендей, қыркүйектің ортасына қарай Қытай портфелі 1,08 трлн АҚШ долларына дейін қысқарды. Бұл 2015 жылдан бергі сатылымның ең жылдам қарқынын көрсетеді. Ал Ресей Федерациясының Орталық банкі халықаралық резервтер құрылымындағы доллардың үлесін 23,7%-ға дейін арттырды. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 23,6% пайыз болатын. Демек іс жүзіне келгенде доллардан бас тартуға Ресей де, Қытай да әзірге дайын емес.
І.Исаев қолданыста жүрген заңдарды унификациялау ЕАЭО нарығы үшін керек екенін айтады. Себебі ЕАЭО – тек экономикалық одақ қана емес, адамдардың қозғалысы, ортақ нарық. Сақтандыру нарығын біріздендіру кезінде ЕАЭО елдері кәсіпорындарды сақтандыру қалай жұмыс істейтінін нақты түсінеді, банк секторының жұмысы үйлестіріледі.
– Қаржы секторы бизнес үшін маңызды болады деп есептеймін. Өзара есеп айырысуларды оңайлату интеграция үшін өте маңызды, – дейді І.Исаев.
Сарапшылар ЕАЭО-ға мүше елдерге ұлттық валютасымен есеп айырысуға мүмкіндік туғанын айтып отыр. «Валюталық своп» жүйесіне көшіп, долларды айналып өтуге де болады. АҚШ долларын айналып өтуге мүмкіндік туып тұрған кезде ортақ валюта туралы мәселе көтерудің тіпті қажеті жоқ. Мысалы, қырғыздармен есеп айырысқанда біз теңгені, қырғыздар сомды қолдануға болады. Бұл үшін ортақ валюта туралы емес, үлкен валюталық своп туралы көпжақты келісімге қол қойсақ жеткілікті.
– Біз Ресейден келетін импорттың жартысын рубльмен төлейміз. Бұл бізге тиімсіз. Ресейдің Орталық банкімен үлкен валюталық своп туралы уағдаласу керек. Айта кету керек, Ресей мен Қытай өзара есеп айырысуда долларды көп пайдаланбайды, оның орнына рубль-юань көбірек пайдаланылады, – дейді І.Исаев.
Қаржыгердің түсіндіруінше, ортақ нарықты қалыптастыруды қолданыстағы заңнаманы стандарттап, қаржы институттары бойынша нормативтік талаптарды теңестіруден бастау керек. Бұл процесс болғандықтан, нарықты реттеу жөніндегі бірыңғай орган құрылуы тиіс. Бұл өте күрделі. Сондықтан бұл ұлттық валюталардың, қаржы нарығын реттеу мәселесімен және тұрақтылығымен тығыз байланысты. Ресей сыртқы саудадағы ең ірі әріптесіміз, бірақ қаржы нарығында дербес саясат жүргізу қажет. Экономикамызды дамытсақ, әртараптандырсақ, тек Ресей бағыты емес, Үндістан, Таяу Шығыс елдерін де бетке алуымыз мүмкін. Іргедегі Өзбекстанның Қазақстанмен шекарасында Қорғас бекеті сияқты сауда нүктесін салу туралы ұсынысы да біздің елдеріміздің мүмкіндігін Ресейге немесе ЕАЭО елдеріне ғана емес, Азия құрлығына қанат жаюға жететінін көрсетіп тұр.
– Бізге ЕАЭО сияқты экономикалық одақтар халықаралық деңгейде тәжірибе жинау және мемлекеттік-ұлттық мүддені табан тіресіп қорғауды үйрену үшін керек. Соңғы жүзжылдықта жер бетінің халқы еуропалық, азиялық, латынамерикалық болып бөліне бастады. Тіпті африкалықтардың өздері жеке одақ құрып алған. Араб елдерінің лигасы тағы бар. Еуразиялық құрлықтағы түркі халықтарының ортақ мүдделері бар. Мүмкін алдағы жарты ғасырда Түркі тектес халықтардың экономикалық одағы тәрізді құрылымда болуымыз мүмкін, – деді І.Исаев.
Еуро неге инфляцияға ұшырамайды?
Ресейлік сарапшылар ортақ валюта туралы мәселе көтерілсе, Еуропалық одақ тарихын алға тартады. Еуроодақтың үлгісін бізбен салыстыруға келмейтінін аталған елдердегі инфляция деңгейіне қарап бағамдауға болады. Себебі еуро бағамы алғашқы жылдардан бастап тұрақты болып, бағасын белгілеп алды. 2019 жылғы желтоқсанда Еуропалық одақтағы инфляция деңгейі 0,27%-ды құрады. Бұл 2019 жылғы қарашадан 0,44% көп және 2018 жылғы желтоқсаннан 0,28% көп. Сонымен бірге инфляция 2019 жылдың басынан бастап 1,57%, ал жылдық негізде 1,57% құрады. 2019 жылы ЕО әлемдегі инфляция деңгейі бойынша 10-орында болды.
2017 жылы орташа жылдық бағам 1 доллар үшін 326 теңге болды. Бүгінгі мәліметтерді қараңыз: 2020 жылдың қазан айында 1 АҚШ доллары 425-430 теңгенің арасында тербеліп тұр. Қаржыгер Айдархан Құсайынов ЕАЭО қаржы нарығында бірыңғай валютаның пайда болу мүмкіндігін жоққа шығармаса да, әзірге қажет емес екенін ашық айтты. Экономистің пікірінше, бұл мәселе көтерілер болса, міндетті түрде «эмиссиондық орталық ақша қай елде басылды?» деген мәселе туындайды. Бұл мәселе күн тәртібіне шығар болса, басымдық Ресейге берілері даусыз. Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі С.Глазьевтың биыл 20 ақпан күні eurasiancommission.org порталында жарияланған сұхбатында айтылған деректерге сенсек, ЕАЭО ІЖӨ-сінің 87 пайызы ресейліктердің үлесінде.
– Бұл жерде еуро тарихымен салыстырудың керегі жоқ. Еуро валютасы егемендіктің бір бөлігін ұлттық сипаттан жоғары тұрған органға беруге саяси шешімдер қабылданғаннан кейін ғана пайда болды. Бастапқы кезде «мүше мемлекеттер өз ішінде ұлттық валютасын қолданып, ЕАЭО елдерімен байланыста ортақ валюта қолданады» деген шешімдер болуы мүмкін. Бірақ одан үміт күтіп отырған жоқпын», дейді А.Құсайынов.
Онлайн-режімде өткен «ЕАЭО мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыру» форумындағы долларсыздандыру тақырыбы алда болатын пікірталастардың салмақты екенін байқатты. Оның қорытындысы Қазақстан Үкіметінің экономикалық және саяси біліктілігіне тағы да сын болмақ.
АЛМАТЫ