Қоғам • 02 Қараша, 2020

Кәсіп бастағанға қолдау көп

556 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақыл таразысына салып, байыптап қарасаңыз, кәсіп істеймін деген адамға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Бұл орайда тіпті өкпелеудің жөні жоқ. Биыл облыстың 632 азаматына кәсіптерін дамыту үшін 2,5 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген.

Кәсіп бастағанға қолдау көп

Бір ұтымдысы, өз алдына кәсібін енді бастаймын дегендер қайтарымсыз грант­қа ие болса, бұл орайда аз-кем тәжірибе жинақтаған, енді ісін ұлғайтуды көздеген­дерге шағын несие түрінде қолдау көрсетілуде. Іссапарда болған кезімізде ауыл тұрғын­дарымен тілдесе қалсақ, ең алдымен, жұмысты бастап кетуге бастапқы қаржының жоқ­тығы туралы көп айтылады. Егер қолымызға қаражат тисе, ойдағыны орып, қырдағыны қырып жұмыс істер едік деген тәрізді ниетін де байқатады.

– Кәсіп қылудың қыр-сыры өте көп. Ең алдымен немен шұғылданатыныңды күні бұрын барлап, өңірдің тыныс-тіршілігін аңдап алуың керек. Шығарған затың өте ме, өтпей ме, халыққа қаншалықты қажеттілігі бар, оны білген де өте маңызды, – дейді кәсіпкер Нұрлан Алпысов.

Бұл арада айтпағымыз – ісін енді бастаған адамдардың шаруасы оңғарылмай жататыны. Мәселен, Қорғалжын ауданында бағдарлама жүзе­ге асырыла бастағаннан бері 27 адам алған несиесін уа­қы­тын­да қайтара алмай жүр. Осындай келеңсіздіктің кесі­рінен 34 млн теңге жеке сот орындаушылардың араласуымен кейін қайтарылмақ. Тілдесіп көрсеңіз, кәсібін бас­таймыз деп қарызға батқан­дардың уәжі бизнес талабын бағамдай алмауынан болып отыр.

Ең алдымен, осы мәсе­лені екшеп, жан-жақты дайын­дал­ған ләзім. Биыл ауданның 17 тұрғынына 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 9,5 млн теңге қайтарымсыз грант берілген. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мем­лекеттік бағ­дар­ламасы шең­берінде қол­­дарына қара­жат тиген кәсіп­керлер өз жұмыстарын бас­тау­да. Со­лардың бірі – көпбалалы ана Жанаргүл Жүнісова.

Міне, Жанаргүлдің шаруасын өзгеге үлгі етуге болар. Бұл өңірде не қат – құрылыс матер­иал­дары. Жұмысын бас­тамас бұрын ауыл-аймақтағы көзтаныстарымен тілдескен соң, әсіресе, кірпіштің қас­қал­­дақтың қанындай тапшы екенін қапысыз ұққан. Сөй­тіп, құм мен цемент қос­па­сы­нан құрылыс қабыр­ға­ларын тұрғызуға арналған блок шығара бастапты. Өнімі жатып қалмай, жылдам өте бастаған соң екі қолына бір күрек таба алмай жүрген екі ауылдасын жұмысқа ал­ған. Өздерінің айтуына қара­ғанда, құм-кірпіш 20 жыл­ға дейін былқ етпейтін көрі­неді. Мұндай арзан материал­ды кез келген құрылысқа пай­далануға болады.

Аудандық жұмыспен қам­ту орталығының директоры Асылбек Мұстафиннің ай­туынша, биыл аталған бағдар­лама аясында 32 адамға несие беру жоспарланған екен. Қазір 16 адам ғана несие алып, жұмыстарын бастаған. Бір әттеген-айы, адамдар тарапында ұмтылыс болғанымен, ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қорында қаражат тапшы.

Біздің ендігі бір айтпа­ғы­мыз, қаражат нақты қолы­нан іс келетін адамдардың қо­лы­на тисе. Әйтпесе, «апам той­ға барса, мен де барамын» деу­дің жөні жоқ. Қазір ойланбай алған 27 адам қарызға кірсе, жұмыс істеймін деп жұл­қынып тұрғандардың қо­лы­на қаражат тимей тұр.

 

Ақмола облысы,

Қорғалжын ауданы