Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Асарлатып үй салды

788 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қиналған жанға көмек қолын созатын қазалылықтар тағы бір игілікті іс жасады. Осы аудандағы Қ.Пірімов ауылының азаматтары мүмкіндігі шектеулі отбасына үй салып, жаңа баспананы қажетті жабдықтармен де қамтамасыз етті.

Асарлатып үй салды

Осы ауылдың байырғы тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Орысбай Науханбаевтың аула­сын жыл сайын су басып қалады екен. Былтырғы оразада ауыл азаматтары өзара ақылдасып, жаңа баспананың іргетасын да құйып қойған еді. Бірақ биылғы көктемде үздіксіз жауған нөсер суы ақсақалдың үйін толық басып қалыпты. Осы ауылдағы №92 орта мектеп мұғалімі Сәбит Ықыласов осы жағ­дай­ды Фейсбуктегі парақшасында жа­рия­лаған соң, жерлестерінің жағдайы­на алаңдағандар қатары күрт көбейген.

– Ауылдағылар ғана емес, еліміз­дің әр түк­пірінде жүрген азаматтар да хабарласып, көмек қолын созатынын жеткізді. Солай болды да. Небәрі 3 күннің ішінде 1,6 млн теңге ақша жиналды. Осылай­ша, біздің қайырымдылық ісімізге ауыл­дың үлкен-кішісі де, сырттағы тілекші ағайын да бір кісідей атсалысты. Үйдің құрылы­с­ын салуға бір тиын да ақша жұм­самадық. Үйдің іргетасын құюдан бастап, кірпішін қалап, шатырын жабу, сыртын сылап-әрлеу жұмыстарына де­­йін ауылдың жігіттері атқарды. Күні­не 100 адамға дейін келген уақыт та болды. Сондықтан бұл іске ат­салысқан барша азамат­тарға ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамыз, – дейді Сәбит Ықыласов.

Асарлатқан ауыл аза­мат­тары­ның арқасында Орысбай Науханбаевтың отбасы қазір жылы да жайлы үйге көшіп алды.

– Мен туғаннан ІІ топ мүгедегімін. Әйелім де – мүмкіндігі шектеулі жан. Біз тұрмақ мына заманда тепсе темір үзетін азаматтардың өзі әп-сәтте үй салып алуы неғайбыл ғой. Су басқаннан жыл сайын қабырғалары сөгіліп бара жатқан баспанамның жайы қабырғама батып, ойланып жүргенде үйдің ірге­тасы да құйылды, азаматтардың арқа­сында кірпіш пен ағаш келді. Керек­тің бәрін жігіттердің өздері тапты. Жер­лес­терімнің арқасында жақын­да жа­ңа үйге қоныс аудардық, – дейді Қ.Пірімов ауылының тұрғыны Орыс­бай Науханбаев.

Азаматтар осы ауыл­дың тағы бір тұрғыны Бектілеу Ізтілеуовтің үйіне де күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүр­гізіп жатыр. Олар тозығы жеткен бас­пананың еденін, терезесін және шатырын толық ауыстырып, қазір іші-сыртын сылап жатыр.

 

Қызылорда