Суреттерді түсірген Ерлан Омар, EQ
Тынысыңды кеңейтетін жаңа жолдар
Биыл бөлінген қаржы аясында жалпы ұзындығы 100 шақырым болатын 150 көшеде жөндеу жүргізілуде. Атап айтқанда 50 орталық көшеде (58,6 км) және тұрғын алаптардағы 100 көшеде (41,4 км) жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Өндіріс» тұрғын алабында – 16 көше, «Кирпичныйда» – 12 көше, «Агроқалашықта» – 21 көше, «Көктал-1»-де – 12 көше, «Промышленныйда» – 8 көше, «Оңтүстік-шығыста» 18 көшенің жолы жаңаруда.
Осылайша, қала аумағында асфальтталмаған жолдардың саны 16,5%-дан 11,7%-ға (100,5 км) азаяды. Тұрғын аудандарда биыл 88 көшенің (32,38 км) жұмысы аяқталды. 13 көшеде (6,45 км ) жұмыс жүріп жатыр. 131 483 шаршы метр жол желісі жамалып, 8 көпір мен 4 жерасты жаяу жүргіншілер өткелі жөндеуден өтті. Көктал-2 тұрғын ауданындағы жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Осылайша бұл аудан инженерлік инфрақұрылыммен және жолдармен қамтамасыз етіледі.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 28 нысан бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарын іске асырып жатыр. Оның ішінде 7-еуі бойынша құрылыс аяқталған және 20 нысанның құрылысы жалғасуда. Жалпы ұзындығы 9 км болатын 10 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады. Жоғарыда аталған нысандарды салу шеңберінде 11 бас мердігерлік ұйым жұмылдырылып, 700-ден аса маусымдық жұмыс орындары құрылды.
Дәлірек айтсақ, 7 нысан бойынша құрылыс аяқталады. Олар – Мәңгілік Ел даңғылынан №38 көшеге дейінгі учаскедегі №29 көшені, Ұлы Дала даңғылынан №29 көшесіне дейінгі учаскедегі №38 көшені, Тұран даңғылынан №37 көшеге дейінгі учаскедегі №26 көшені салу. Сыртқы инженерлік желілер мен жолдар салынады. Сондай-ақ Е117, ТМ-7 көшесін, «Бағыстан» ТК», «Зеленый квартал» көпфункционалды-тұрғын үй кешені ауданында көшелерді, Жұмабаев көшесінен Қордай көшесіне дейінгі учаскедегі №15 (Сарын), №16 көшелерді, әлеуметтік нысандарға кірме жолдарды, №199, Е16, Е41, Е17 көшелерінің шекарасындағы көшелерді салу жоспарланған.
«Ал 21 нысан бойынша құрылыс жалғасады. Бұл қатарда №39 көшеден Шәмші Қалдаяқов көшесіне дейінгі учаскедегі №27 көшені, Тұран даңғылынан Шабал Бейсекова көшесіне дейінгі учаскедегі №27 көшені, А43 көшесінен Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі учаскедегі Тәуелсіздік даңғылын, Ақан Сері көшесінен Абайдың 150 жылдығы көшесіне дейінгі учаскедегі С.Сейфуллин көшесін, №14 көшеден №44 көшеге дейінгі учаскедегі Мағжан Жұмабаев көшесін, Тұран даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі учаскедегі Орынбор (24) көшесін, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар салу бар.
Сонымен қатар «Нұра-Есіл» каналынан №39 көшеге дейінгі учаскеде №Е31 көшені, Ш.Бейсекова көшесінің батысына қарай тұрғын алап көшелерін салу қолға алынған. Бірінші кезекте Е363 көшеден Қорғалжын тасжолына дейінгі учаскедегі Е429 көшесі, Сығанақ көшесінен Е22 көшесіне дейінгі учаскедегі Е51 көшесі салынады. Сондай-ақ Е67 көшесінен Е22 көшесіне дейінгі учаскедегі Е49 көшені салу, Мирзоян-Ақыртас көшелері – Тәуелсіздік даңғылы – Қошқарбаев даңғылы шекарасындағы аудан жолдары (ҚМДБ), №12, №14, Угольная, Ш.Бейсекова көшелерімен өтетін шағын айналма жол құрылысы жүргізіледі. Тілендиев даңғылынан Конституция көшесіне дейінгі Ш.Бейсекова көшесін салу (5-жылу трассасын енгізу) жалғасады.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілдері Алаш тасжолының батысына қарай коммуналдық базарға кірме жолдардың құрылысы да жалғасатынын жеткізді.
Алаш тасжолының батысына қарай коммуналдық базарға кірме жолдар, №14 көшесінен Қырқыншы стансаға дейінгі учаскедегі Угольная көшесі, Е10, Е30, Е15 және Е25 көшелерінің шекарасында көшелер, Ш.Бейсекова көшесінен К.Күмісбеков көшесіне дейінгі учаскедегі Жангелдин көшесі, Алаш тасжолынан Сарытөбе көшесіне дейінгі учаскедегі 191 көше, әлеуметтік объектілерге кіреберіс жолдар салынып жатыр. Е67 көшесінен Е22 көшесіне дейінгі учаскедегі Е49, Қордай көшесінен Нұр-Сұлтан – Қарағанды тасжолына дейінгі учаскедегі А62 көшені салу, Республика даңғылынан Уәлиханов көшесіне дейінгі учаскедегі Ә.Жангелдин көшесін қайта жаңарту жалғасады. Ал 2-кезек – Рахимов көшесінен Уәлиханов көшесіне дейінгі учаске, №14 көшесінен №41 көшесіне дейінгі учаскедегі Баянтау көшесін салу, Сарайшық көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі учаскедегі, Е305 көшесіндегі инженерлік желілер мен жолдарды салу жалғасады.
Жағалауды қос көпір жағалайды
Нұр-Сұлтандағы көшелерге артылған шамадан тыс жүктемені азайту үшін жолайрықтар, көпірлер мен өткелдер салынып жатыр. Биыл 150 көше жөнделіп, кейбіреуі жаңадан салынады. Осы жылы жоспарланған жол жұмыстарының 70%-ы елді мекендерде жүргізіледі. Жөндеу жолдарының құрылысы – әкімдіктің бақылауында.
«Nova City аумағы, №39 (Тәуелсіздік) көшесінен №27 көшенің бір бөлігінде жол саламыз. Бұл көше әуежай мен «Тельман» елді мекеніне қарасты жолды жалғауға мүмкіндік береді. Елді мекен тұрғындарының қалаға жол жүру уақыты едәуір қысқарады. Сонымен қатар Мәңгілік Ел және Ұлы Дала даңғылдарындағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Осы жаңа көшеден Есіл өзені мен Нұра – Есіл каналы арқылы өтетін екі көпір болады. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Көпірлер оң және сол жағалауды жалғап, қаланың екі бөлігін айналма етуге мүмкіндік береді», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Шаһар басшысы тұрғындармен кездесу, азаматтарды қабылдау және есеп беру кездесулерінде қала тұрғындары жолдарды асфальттау мәселесін көтергенін атап өтті.
«Біз барлық ұсынысты жинап, кесте құрдық, дайындық жұмыстарын жүргіздік. Биыл жөнделіп жатқан жолдар бірнеше критерий бойынша таңдалды. Негізінен бұрын асфальт болмаған жолдарды таңдадық. Мұндай жолдардың көбі елді мекендерде орналасқан. Сонымен қатар жаңа автобус бағыттары іске қосылатын көшелер мен қозғалыс қарқыны жоғары көшелер қамтылды. Сапасыз жолдарды қабылдамаймыз. Жол сапасыз болған жағдайда мердігерлер өз есебінен жолды қайта жасайтын болады», деп атап өтті әкім.
Көктемнің басынан қала билігі жол жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Биыл 150 көшені жөндеу жоспарланған.
Елорда әкімі аралау барысында «Көктал» және «Агрогородок» елді мекендеріндегі бірқатар көшенің құрылыс барысымен танысып, осы екі елді мекенде 33 көшені жөндейтіндерін жеткізді. Сонымен қатар барлық ауданда әлеуметтік нысандар, қолжетімді тұрғын үй құрылысы, жарықтандыру шамдарын орнату, аумақтарды абаттандыру, нөсер кәріздерін орнату бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.
Жаяу жүргіншілер өткелдері іске қосылды
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің хабарлауынша, қосымша жарықтандырумен реттелетін 14 жаяу жүргіншілер өткелі қосылды. Жолдарда әдеттегі көше жарығынан басқа, арнайы жарықтандыру қолданылады. Елордада жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағдарламасы аясында маңызды міндеттердің бірі ретінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету қарастырылған. Осылайша жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамның рұқсат беретін белгісінің жануы кезінде жаяу жүргіншілер жолына арнайы интеграцияланған жарықтандырумен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерін жобалау жүргізілді.
Қосымша жарықтандырумен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерінің жүйесі қараңғы уақытта жолдан өткендердің көрінуін жақсартуға арналған. Осылайша қосымша жарықтандыру арқылы жүргізушілердің назарын аударады. Мұндай жаяу жүргіншілер өткелдерінің жұмыс принципі адамдардың қозғалысына рұқсат беретін белгімен бір уақытта арнайы жарықты қосудан тұрады. Бірінші – жаяу жүргінші шақыру панелін басады, екінші – жаяу жүргінші үшін жасыл белгі жанады, үшінші – қосымша жарық жанады.
Қосымша жарықтандырумен жабдықталған жаяу жүргіншілер өткелдері Кенесары, Достық, Мәскеу – Хмельницкая, Күйші Дина, Қонаев, Ақмешіт, Түркістан және Алматы көшелерінде, сондай-ақ Тәуелсіздік, Абай, Момышұлы және Мәңгілік Ел даңғылдарында орналасқан.
Веложол саны артып келеді
Жыл сайын велосипедпен жүру елорда тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Мамандар велоспортпен айналысудың пайдасы аз емес екенін айтады. Бұл ұйқының жақсаруы, қан айналымы, төзімділіктің жоғарылауы, стрестің төмендеуі және басқалар. Астанада саламатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Жыл сайын жүгіруге және велосипедпен жүруге арналған жолақтар саны артып келеді.
Осылайша, қаладағы барлық веломаршруттар үш түрге бөлінеді: іскерлік, рекреациялық және туристік. Біріншісі түзу, велосипед жолдарының арасындағы байланыстармен ерекшеленеді. Оның мақсаты – велосипедші аз уақытта қажетті жерге жете алады. Рекреациялық жолдар тармақталған, саябақтар мен алаңдар арқылы өтеді, велосипед тебуді және қоршаған ландшафтты тамашалағысы келетіндерге арналған. Туристік бағыт қаланың көрікті жерлерін және елорда қонақтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін жерлерде орналасқан. Велосипед әуесқойлары Триатлон саябағында, «Астаналық», «Жерұйық» және Ботаникалық бақта еркін серуендей алады.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда қалада 70 км веложол іске қосылды, тағы 123 км жабдықтау жоспарланған. 2020 жылы – 46,4 км, 2021 жылы – 36 км, 2022 жылы 40,7 км веложол пайдалануға беріледі. Жасыл белдеу аумағында 23 км веложол бар.
Жыл сайын спортпен айналысуға қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Жаңа веложолдар мен жүгіру жолдары, арнайы жабдықталған алаңдар, жаңа спорт орталықтары салынуда. Нәтижесінде, саламатты өмір салтын ұстанатындар саны артуда. Бүгінде Триатлон паркі, «Астаналық», «Жерұйық» саябақтары мен Ботаникалық бақта веложолдар мен жүгіру жолдары жұмыс істейді. Велосипед жолдарының ұдайы ұзарып отырады.
ITS-тің игілігі мол
Интеллектуалды көлік жүйесін кез келген заманауи қаланың логистикасын басқару құрылымының міндетті элементі деп атауға болады. Ол көлік құралдарының есебін автоматты режімде жүргізуге мүмкіндік беріп, алынған деректер негізінде едәуір жүктелген учаскеде басым бағытты өткізу шешімін қабылдайды.
ITS инфрақұрылымнан, көлік құралдарынан, жүйеге қатысушылардан, сондай-ақ жол-көлік реттеуден тұрады. Интеллектуалды көлік жүйесінің елордада қосылу және енгізілу себебі – жол қозғалысының мобильділігі мен қауіпсіздік көрсеткіштері үнемі өсуі. Мысалы, жүйені қолдану тәжірибесі маңызды қоғамдық және экономикалық көрсеткіштерге жетуге ықпалын тигізеді. ITS арқасында жол кептелісінде уақыт жоғалтуды екі есе қысқартуға, мұндағы жол жүргендегі уақытты 20%, қоршаған ортаға шығатын зиянды заттар мен энергия шығынын 10%-ға төмендетуге мүмкіндік туғызды.
Соңғы 3 жылда ITS жүйесімен 443 бағдаршам объектілерінің 107-сі қамтылды. Бұл оң ықпалын тигізіп, жергілікті учаскелерде ITS қолдана отырып, көлік ағымы жылдамдығы 18%, өткізу қабілеті 40% ұлғайды. Көше-жол желісінде бағдаршам реттеуді жетілдіруді әлемдік ең жақсы тәжірибені қолдана отырып, қалада қызыл түсті қосу белгісі «+» бар бағдаршамның қосымша секциясы орнатылған. Олар қарама-қарсы қозғалысқа тыйым салынғанын хабарлауға арналған. Бұл кедергісіз солға бұрылуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, осылайша көлік құралдарының өткізу қабілетіндегі қозғалыс тиімділігін артады.