Таным • 02 Қараша, 2020

Көбелек эффекті

1104 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сіздің әлдебір отырыстарда немесе кезекті жиындардың бірінде қайсыбір замандасыңыз туралы немесе қоғамдағы өте өзекті мәселе төңірегінде елеусіз ғана айта салған ойыңызбен ол адамның өмірін немесе күн тәртібінде күйіп тұрған сол мәселені түбегейлі өзгертіп жіберуіңіз ғажап емес. Әрине, мәселенің мәнісі оң шешімін тауып, әлгі бейбақтың ғұмыры жақсы жағына өрістеп кетсе, нұр үстіне нұр ғой.

Көбелек эффекті

Ал енді керісінше оның бірқалыпты ырғақпен баяу ғана жүріп бара жатқан тып-тыныш өмірін сіздің әлгі жалғыз ауыз пікіріңіз жарға жықса қайтпексіз? Түйіні енді шешілейін деп тұрған маңызды мәселе сіздің әлгі айтқан болмашы пікіріңізден кейін қайта ушығып кетсе не болмақ?

Жалпы, бүгін ақпарат атқа мініп тұрған алмағайып заманда аузымыздан шыққан әр сөзге қарауыл қойып сөйлемесек өте қиын. Баяғыда бір келіншектің «Самаурыннан су ағып тұр» деген сөзі өзіне «Самарқанды су алыпты» деп жетіпті. Сол сияқты бір нәрсеге пікір айтарда, ойымызды он рет өлшеп барып орайын келтірген дұрыс. Әйтпесе жазылайын деп тұрған жараның аузын қайта қанатып жіберу әп-сәтте.

Кейде жақсы ниетпен созылған қолда да қатер болады. Жас күнімізде шатырдан құлап түскен құстың балапанына жанымыз ашып, бауырларымызбен бірге бейшара балапанды әрқайсымыз бір ұстап жүріп ұясына апарғанымыз есімізде. Алайда анамыз әлгі балапанның ертесіне өліп жатқанын айтты. Құстың балапаны шын мәнінде биіктен құла­ған ауыр соққыдан емес, біздің мәпелеп ұстаған аялы алақанымыздан өліпті. Сөйтсек, адам алақанының уы құстың балапаны түгілі одан зорғы тіршілік иесін де өлтіріп жібереді екен. Бұнда әрине, қолдың уыты жайлы айтылып отыр. Ал енді, ой мен сөздің уыты жайлы ойласақ, мәселе, тіпті тереңдей түседі. Кейде біз­дің жанашыр тілегіміздің өзі осылай жанымыздағы жақын жандарды жаралап кетуі ғажап емес. Біреуге көмектесемін деп көлеңкеңізді түсіруіңіз мүмкін.Тіреу бола­мын деген тілегіңіз оған іреумен тең үлкен соққы болса, сол қиын.

Ғылымда көбелек эффекті деген қызық теория бар. Кейбір хаостық жүйелердің қасиеттерін сипаттайтын жаратылыстану ғылымдарында қолданылатын бұл терминнің мәні қызық. Аталған ұғымға сәйкес, өз қалыбымен жүріп жатқан жүйеге тигізген мардымсыз әсер басқа бір жерде және басқа бір уақытта зор, әрі болжанбаған салдар тудыруы мүмкін екен. Түсінікті тілмен айтсақ, Жер шарының, мысалы Американың бір штатындағы көбелек қанатын қақса, сол көбелектің қанатынан туған жел Жапонияда тайфун туғызуы мүмкін.

Әрине, мәселенің бәрінен қара бояу іздей берген дұрыс емес. Бұл құбылыстың жақсы жағы да барын айтуымыз керек.

Орыстың ғажап ақыны Анна Ахматова­ның мынандай бір тамаша өлеңі бар:

Двадцать первое. Ночь. Понедельник.

Очертанья столицы во мгле.

Сочинил же какой-то бездельник,

Что бывает любовь на земле.

Өлеңді түпнұсқасымен әдейі бердік. Себебі, тәржімаға да жоғарыда айтқан құбылыс әсер етеді. Бір ғана сөзді дұрыс аудармау мінсіз өлеңнің табиғатын ту талақай қылып, автордың айтайын деп тұрған теңіздей терең ойын таяз шалшыққа айналдырып жіберуі мүмкін. Бұл, әрине шетел әдебиетін мүлде аударуға болмайды деген сөз емес. Тек айтқан сөздің ар жағынан туындайтын алапат оқиғалар туралы үнемі ойланып жүргеніміз дұрыс.

Ертеде естіген қызық оқиға есімізге түсіп отыр. Түнде жарқырауық балықтары көлдің үстін ғажап көрініске бөлеп шоршитын әсем орынды тамашалауға туристер әлемнің түкпір-түкпірінен ағылады екен. Алайда әлгі әдемілікті ұзақ тамашалауға тек бір ғана нәрсе кедергі келтірсе керек. Қазақша айтқанда, маса маза бермейді. Мамандар ойланбастан аталған аймақтағы масаны түп атасымен жойып жібереді. Алайда әлгі әдемі көріністен ертеңіне түк қалмаған. Тіпті жарқырауық балықтар қырылып, көл бірте-бірте борси бастаған. Сөйтсе, балықтар жарқырағысы келіп жарқырамайды, түнде көлдің бетінде ұшып жүрген әлгі масалармен қоректенеді екен.

Масаның да маңызды қызметі бар.

Сөздің де салмағын саралай жүргеніміз жөн.