Мысыр астанасы Каир орталығында тәртіпсіздіктер орын алды. Бұл туралы Мысыр денсаулық сақтау министрлігінің ақпарына сілтеме жасаған ИТАР ТАСС хабарлады.
Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, 50-ден астамы жарақат алды. Медиктердің айтуынша, қаза болған жас жігіттің басына бытыра оғы тиген. Ол алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.
Кеше Мысыр елі 2011 жылғы қараша айында ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында болған қақтығыстан қаза тапқандарды еске алды. Ол қақтығыс 40-тан аса адамның өмірін қиып кеткен еді. 19 қараша күні түрлі саяси қозғалыстар, оның ішінде «Мұсылман бауырлар» да Тахрир алаңында наразылық акциясын ұйымдастырмақ болған. Дегенмен, күні бойы Каирде тыныштық сақталып тұрды. Барлық жерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Алаңның өзіне де халық аз жиналған еді. Алайда, кешке қарай, Мысырдың футболдан құрама командасы әлем чемпионатына іріктеу ойынында Ганадан жеңіліс тапқан соң Каир орталығына жастар шоғырлана бастады. ІІМ мәліметі бойынша, ашынған жастар Араб мемлекеттері лигасының штаб-пәтеріне басып кірмек болған. Сондай-ақ олар тәртіп сақшыларына шабуыл жасап, тас лақтырған. Қауіпсіздік күштері тәртіп бұзушыларға қарсы көз жасаурататын газ қолданып, оларды ығыстыру үшін бытыра оқтарымен атқан екен.
Айдар Өрісбаев.