Қоғам • 02 Қараша, 2020

Автопарк қызметкерлері жауапкершілікке тартылды

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таң ағарып атқаннан кеш қарайып батқанға дейін бір жүрген жолын он қайыра жүретін қоғамдық көлік жүргізушілерінің қызметі әсте оңай емес. Автокөлік кептелісі де жүйкені жұқартады. Кіріп-шыққан жолаушыларды қадағалау жұмысы тағы бар. Солай болды екен деп, жолаушылар көлігінің жүргізушілері әкімшілік құқық­бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатылмайды. Ондай құқықбұзушылықтар­дың алдын алудың көрінісі ретінде құқық қорғау органдары ел аумағында өткізген ауқымды «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасын айтуға болады.

Автопарк қызметкерлері жауапкершілікке тартылды

Осы шараның аясында автопарктердің 126 қызметкері жолаушылар тасымалы саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылып үлгеріпті. Тұрақты түрде өткізіліп тұратын іс-шара ең алдымен жолаушылар көлігінің қатысуымен болатын апаттар санын азайтуға, сондай-ақ автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылауды күшейтуге бағытталған. Жедел алдын алу іс-шарасына полиция қызметкерлерімен бірге көліктік бақылау, төтенше жағдай органдарының қызметкерлері және қоғам өкілдері қатысты.

Үш күндік рейд барысында автобус жүр­гізушілері жасаған жол қозғалысы ережелерін бұзудың 10 мыңға жуық жағдайы анықталды. Олардың ең көбі Түркістан (1063), Қарағанды (794), Алматы (775), Павлодар (715), Шығыс Қазақстан (708) және Маңғыстау (704) облыстарында, сондай-ақ Алматы (744) және Нұр-Сұлтан (702) қалаларында тіркеліпті.

Сондай-ақ полицейлер мас күйінде жолаушылар көлігін басқарудың 15 фактісінің жолын кесті. Ондай жүргізушілер көлік жүргізу құқығынан ­айырылатын болады.

Бұдан басқа, еңбек және демалыс режімін бұзудың 43 фактісі, сақтандыру заңнамасын бұза отырып көлікті басқарудың 264 фактісі, техникалық байқаудан өтпеген және заңсыз қайта жабдықталған 1 мыңнан астам автобус, жылдамдықты арттырудың 300-ге жуық фактісі анықталды. Жолаушыларды тасымалдау кезінде 1700-ден астам автобус жүргізушісі телефонды пайдаланған, сондай-ақ 114-і жолаушыларды заңсыз тасымалдаған.

Заң бұзушылықтары бар автобустарды жолға шығарғаны үшін автобус парктері басшыларының қатарынан 126 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал жекелеген жағдайларда жолаушыларды тасымалдауға арналған шарттарды бұза отырып, лицензиялардың қолданылуы тоқтатылды. 377 заңсыз қайта жабдықталған автобус, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған техникалық жай-күйі қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдары анықталды. 292 көлік құралы айып тұрағына қойылды. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция және Төтенше жағдай министрлігінің қызметкерлері автобустардың алдағы қыс кезінде пайдалануға сәйкестігін (жылытудың, қозғалтқышты майлау жүйелері, өрт сөндіру құралдарының болуын) тексерді. Жалпы, өткен тоғыз айдағы деректер бойынша, автобус жүргізушілерінің кінәсінен болған жол-көлік оқиғаларының саны 352-ден 215-ке дейін (39%) төмендеген.

Әкімшілік полиция комитетіндегі тәртіп сақшыларының айтуынша, автобус жүргізушілері мен автопарк басшылары жол қозғалысы және жолаушыларды тасымалдау ережелерін әрдайым есте сақтауы және бұзбауы тиіс. Олар өз жолаушылары мен жол қозғалысына қатысушылардың өміріне жауап береді. Сондықтан автобусқа отырған кезде адамдар өздерін толық қауіпсіз сезінуі тиіс.