Технология • 02 Қараша, 2020

Цифрлы трансформацияға ұмтылыс ұлғайды

385 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңір елдерінің уәкілетті органдары­ның жетекшілері, Израиль мен Эсто­нияның халықаралық сарапшылары және БҰҰ-ның жетекші мамандарымен бірлесіп, электронды үкіметті дамытудағы заманауи инновациялық шешімдерді ұсынды. Халықаралық конферен­цияға Еуропа, Азия және Амери­каның 20 елінен мемлекеттік орган­дар мен электронды үкімет­ті дамыту саласындағы және халық­аралық ұйымдардың, сондай-ақ университеттердің 100-ден астам өкілдері қатысты.

Цифрлы трансформацияға ұмтылыс ұлғайды

 

«БҰҰ-ның электронды үкімет жө­­нін­дегі зерттеуі аясындағы өңір елде­рінде электронды үкіметтің да­муын­дағы жетістіктер мен сын-тегеу­ріндер» атты онлайн-конференция­ны Астана мемлекеттік қызмет ха­бы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі, БҰҰ Экономикалық және әлеу­мет­тік мәселелер жөніндегі депар­таменті, «Зерде» холдингі бірлесіп ұйымдас­тырды.

Конференция барысында қатысушы­лар өзара әрекеттесу келешегі және осы мәселе бойынша жаһандық және өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін талқылады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин конференцияны аша отырып: «Пандемия мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді ұсынудың дәстүрлі тәсіл­дерінің әлсіз жақтарын айқындап қана қоймай, көптеген сын-қатерге жа­уап беруде цифрлы технологиялардың ма­ңызды екенін көрсетті», деп атап өтті. 

Сонымен бірге министр БҰҰ-ның зерттеу нәтижелері цифрлы трансформация жолында мемлекеттердің айтар­лықтай ілгері қадам жасап жат­қанын айт­ты.

Осы орайда Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов: «COVID-19 пандемиясы сенімнің әлеуметтік құн­дылық қана емес, кез келген стратегия­ны, соның ішінде электронды үкімет стратегиясын іске асыруға ауадай қа­жет екенін әрі тиімді әкімшілік капитал ретіндегі маңыздылығын көрсетті. Жаңа технологияларды қолдануда кез келген асыра сілтеушілікке жол бер­мей, шешім қабылдауда ашықтық және жариялылық қатар жүру керек. Тәжірибе алмасу заманауи тех­нология­ларды қолдануға да, жаңа  жағ­дайда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға да қатыс­ты болуы өте маңызды», деді.

БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті (UN DESA) Электронды үкімет басқармасы жетекшісі Винченцо Акуароның ай­туын­ша, электронды үкіметке жаса­ған шолу бойынша мемлекеттік сек­тордағы цифрлы трансформацияны жеделдетуге деген сұраныс соңғы айларда күрт өскен.

«Бұған қоса пандемияның ықпалы үкімет пен қоғамды дағдарысқа қысқа мер­зімде жауап беру, орта мерзімде соның салдарын жою және ұзақ мерзімде стратегиялық шешімдер мен құралдарды әзірлеу үшін цифрлы технологияларға жүгінуге мәжбүр етті. Бізге осы серпі­лісті әрі қарай күшейтіп, цифрлы про­грес­сті одан әрі ілгерілетіп, цифрлы ал­шақ­­тықты еңсеру қажеттігін естен шығар­май, елдің ішінде де, мемлекеттер арасында да ешкімді назардан тыс қал­дырмауымыз керек», деді Винченцо Акуаро.

UN DESA сарапшысы Арпине Корекян өз баяндамасында БҰҰ-ның 2020 жыл бойынша электронды үкімет­тің даму деңгейіне қатысты зерттеудің шешуші нәтижелері мен трендтерін таныстырды. Соған сәйкес БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет арасында 126 мемлекетте электронды үкіметтің даму деңгейі жоғары және өте тиімді деп анықталған.

Солардың арасында Дания, Оңтүстік Корея және Эстония елдері көш бас­тап тұр. Ал ТМД елдерінің арасында Қазақстан үкіметтің ашық деректері, онлайн-қызметтер даму деңгейі индексі және теңізге шыға алмайтын елдер ішіндегі индексі бойынша алдыңғы орынға шыққан.

Израильдің Ұлттық цифрлы ми­нистр­лігіне қарасты мемлекеттік АКТ басқармасы бас атқарушы дирек­то­рының міндетін атқарушы Шахар Браха, БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы АКТ және апаттар қаупін азайту жөніндегі департамент директоры Тициана Бонапаче, Эстонияның электронды басқару академиясы ат­қа­рушы директоры және басқарма төрағасы Хан­нес Асток коронавирус пан­демиясы кезінде мем­лекеттік қыз­меттерді тиімді ұсы­ну бо­йынша озық тәжірибелерімен, сондай-ақ бірегей инновациялық ше­шім­дерімен бөлісті.

Осы қатарда Қырғыз Республика­сының Ақпараттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Алтынбек Исмаилов, Беларусь елі­нің Байланыс және ақпараттандыру министрінің бірінші орынбасары Павел Ткач, Өзбекстанның Ақпараттық технологиялар және коммуникациялар министрінің бірінші орынбасары Олег Пекось, сондай-ақ Әзербайжанның Электронды үкіметті дамыту орталығы директоры Фариз Джафаров, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқар­ма төрағасы Әсет Тұрысов және тағы бас­қалары электронды үкіметті дамытудағы өз жетістіктері мен жаңа міндеттерді та­ныс­тырды.

Жалпы, Астана Мемлекеттік қызмет хабының миссиясы − аймақ және басқа елдер үкіметтерінің институционалдық және адами әлеуетін күшейтудегі күш-жігерін қолдау арқылы мемлекеттік қызмет тиімділігін арттыруға үлес қосу.

Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бастамасы аясында 2013 жылы құрылған Астана хабы бү­гінгі таңда 42 қатысушы ел мен 70 инс­титуционалдық әріптестерін қамтып отыр.