Медицина • 02 Қараша, 2020

Қатерлі ісікке қарсы дәрі жасады

556 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандық-америкалық биолог және Назарбаев Универ­ситеттің ғалымы Дос Сарбасов мутацияланған қатерлі ісік жасушаларын өздігінен жоюға мүмкіндік беретін дәрі әзір­леуді аяқтауға жақын. Оның дәрісі күшәла негізіндегі амери­калық препаратпен бірге аз мөлшерде ұйқы безінің қатерлі ісігінің 95 пайызында, тоқ ішектің қатерлі ісігінің 30 пайызында және өкпенің қатерлі ісігінің 20 пайызында кездесетін KRAS-мутант жасушаларына қарсы тиімді екенін көрсетті.

Қатерлі ісікке қарсы дәрі жасады

KRAS-гені – бұл жасушалар­дың белсенді бөлінуіне өсу факторларының сигналда­рын беретін кішкентай реттеу­ші ақуыз. Өсу факторлары эм­брион­­ның денесінде көп мөл­шер­де болады және бел­сенді өсуді ынталандырады. Да­му уақытында өсу фактор­ларының концентрациясы төмендейді, ересек организмнің өсуін тоқ­татады және тек жасу­ша­лардың регенерациясын сақтай алады.

«KRAS мутацияға ұшыраған кезде тұрақты күйге ауысады. Осылайша, бөліну процесінің үнемі белсенді болуына, яғни ісіктің өсуіне әкеледі. Бүгінгі таңда мутацияның бұл түрі ем­делмейді. Ұйқы безінің қатерлі ісігі бар науқастар бір жарым жыл немесе екі жылдан ұзақ өмір сүрмейді. Қатерлі ісіктің бұл түрі қазіргі онкологияның ең маңызды мәселесі», дейді Дос Сарбасов.

Сарбасов бастаған ғалымдар тобы KRAS-мутант жасушалары глюкозаның жетіспеушілігіне өте сезімтал екенін анықтады. Онсыз қатерлі ісік жасушалары радикалдарды өндіре бастайды және өзін-өзі жояды.

Адам ағзасын глюкозадан айы­ру мүмкін емес болғандық­тан, ғалымдар жасушалар шы­ғар­­ған радикалдарды алып, оны С-D-VC дәруменінің стероизо­мерімен біріктірді. KRAS-му­тант жасушалары оны глюкоза ретінде қабылдайды, сіңіреді, бұл жасушаларды «күйзеліске» ұшыратады, кейіннен өзін-өзі жоюға мәжбүр етеді.

Препарат күшәла негізіндегі америкалық дәрімен бірге аз мөлшерде қолданылған кезде тиімділігі дәлелденді. Олар бір-бірінің әрекетін толық­тырады және күшейтеді. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәр­мектердің сапасын қадағалау жөніндегі басқармасы (FDA) препараттың тиімділігін растады және адамдарды емдеуге рұқсат берді. Сарбасовтың айтуынша, қазір ол еліміздегі клиникалық зерттеулер проце­сін сапалы деңгейге өткізу үшін қазақстандық заңнаманы зерделеуде.

Айта кетелік, Дос Сарбасов Алматыда дүниеге келген. 24 жасында ҚазҰУ-дың студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша Қазақстаннан АҚШ-қа ауысқан. Бұл бағдарлама Арканзас медициналық уни­вер­ситетінің аспирантурасына түсуге мүмкіндік берді. Сол жерде биохимия және мо­лекулалық биология бойынша док­торлық диссертациясын қорғады. 1999 жылдан 2006 жыл­ға дейін MIT – Massachusetts Institute of Technology жанында Whitehead Institute for Biomedical Research жұмыс істе­ді. Содан кейін АҚШ-тың жетек­ші онкологиялық орта­лығы – MD Anderson Cancer Center-дегі ғылыми зертхананы басқа­руға шақырылды.

Қазақстан ғалымдарымен белсен­ді жұмыс істеді, ҚазҰУ мен ЕҰУ-ден 5 PhD сту­ден­тін дайындады. 2019 жылы Назарбаев Универ­си­теті қабыр­ғасын­да отандық ғылым­ды дамыту үшін Қазақстанға оралу туралы шешім қабылдады. Дос Сарбасов қазан айынан бас­тап биомедицина, энергетика және жаңартылатын ресур­с­тар сала­сындағы жетекші қазақ­стандық зерттеушілер жұмыс істейтін НУ жанындағы National Laboratory Astana-ны басқарды.