Руханият • 02 Қараша, 2020

Жауынгер ерлігі жария етілді

733 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан көкшетаулық жауынгер Мүтәл­ләп Әбутәліповтің майдан даласындағы қаһармандық ерлігі үшін бе­ріл­­ген наградасы араға 76 жыл салып барып кейінгі ұрпағына табыс етіл­ді.

Жауынгер ерлігі жария етілді

Мүтәлләп Әбутәліпов соғыс бас­талғанға дейін Қызылсая мек­­теп-интернатының директо­ры, Көкшетау аудандық партия комитетінің хатшысы болып қыз­мет еткен. 1944 жылы әскер қа­та­рына алынып, Ленинград және Украина майдандарындағы ше­шу­ші шайқастарға қатысқан. 1944 жылдың басында Украинадағы Землянка елді мекені үшін болған қиян­кескі ұрыста қаруластарымен бірге басқыншы жауға күйрете соққы беріпті. Аласапыран, жан алып, жан беріскен алғы шепте асқан ерлік көрсеткен сержант Мүтәл­ләп Әбутәліпов «І дәре­желі Отан соғысы» орденіне ұсы­ны­лады. Алайда батыр қайтпас қайсар ерлі­гінің белгісіндей награ­да­сын алу­ға үлгермеген. Сол жыл­дың 24 қаң­тарында майдан шебін­де қаза тауып, Киев облысына қарас­ты Ра­китянский ауданындағы Кали­нов­ка селосының маңында жерлен­ген.

Арада талай жыл өтсе де әкесінің жамбасы жерге тиген зиратты тап­қы­сы келген ұрпағы індете іздеген. Дерегі 1982 жылы шықса керек. Ту­ған жердің топырағын салуға, қайран әкенің басына тәу етіп, құран оқуға аттанған ұлы Чапай Мүтәлләпұлы мен келіні Раиса Тасжанқызы нақты жерленген жерін тауып, көрнекті етіп ескерткіш орнатқан. Кейін Киев қаласының фашист басқыншыларынан азат етілуіне алпыс жыл толуына орай Қазақстанның ресми делегациясын басқарып барған Чапай Әбутәліпов әке рухына тағы да тағзым етеді. Бұл жолы Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһар­ма­ны Сағадат Нұрмағамбетов, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры атан­ған Талғат Бигелдинов бірге болған.

Көкшетауда батыр ұлының наградасы тапсырылу сәті салтанатты түрде аталып өтті. Алдымен сөз алған Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов Отан үшін от кешкен ерлердің ерлік ісі ешқашан өлмейтінін, кейінгі ұрпаққа өнеге болып көкіректерінде жүретіндігін айтса, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтің ерлік пен елдікті сипаттайтын аталы сөзі талайды тебірентерлік еді. 76 жылдан кейін жауынгердің шөбересі Батырхан Мүттәләповқа табысталған «І дәре­же­лі Отан соғысы» орденін Ресей Фе­дера­циясысының Қазақстандағы ел­ші­лігінің атташесі София Гальчина тап­сырды.

Бір кезде нақақ жауынгерлердің жау қолынан оққа ұшуы қасірет болса, майдан даласындағы ерен ер­лік­те­рі араға жылдар салып табылып жатуы қуаныш деуге де болар. Ел үшін жанын қиған жауынгерлердің ер­лік сорабы бүгінгі ұрпақты Отанды қалай сүю керек екендігіне меңзеп тұрғандай.

 

Көкшетау