21 Қараша, 2013

Уақыт талабынан туындаған міндеттер

240 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құқық қорғау органдарының ішіндегі іргелі де ірі құрылым – Ішкі істер министрлігі ағымдағы жыл басынан бері атқарған жұмыстарымен таныстырды. Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінде БАҚ өкілдерімен кездескен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Марат Демеуов азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бағытында атқарылған іс-шаралар нәтижелері жайлы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

IMG 8929

Құқық қорғау органдарының ішіндегі іргелі де ірі құрылым – Ішкі істер министрлігі ағымдағы жыл басынан бері атқарған жұмыстарымен таныстырды. Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінде БАҚ өкілдерімен кездескен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Марат Демеуов азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бағытында атқарылған іс-шаралар нәтижелері жайлы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

IMG 8929

Бүгінгі таңда елімізде жасалған қылмыстардың 90 пайыздан астамын тіркеумен ІІМ айналысады. Мұның сыртында бұл істерді тергеу жұмыстарының қым-қуыт ауыртпалығы тағы бар.

Ағымдағы жылы азаматтардан 1,7 миллионнан астам арыз-шағым келіп түссе, жеңілдетілген сотқа дейінгі істі қарау формасы қолданылып, соның нәтижесінде ақ-қарасы анықталған 20 мыңға жуық қылмыстық іс 10 күннің ішінде сотқа жіберілген.

М.Демеуов Елбасы Жолдауында аталып өткен тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципі де полиция қызметкерлерінің жіті назарында екенін атап өтті. Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жинақы ауладан, таза көше және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқық бұзушылыққа, бұзақылыққа жол бермеуіміз қажет, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілік одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 2 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзу дерегін анықтаған. Оның ішінде, 51 мыңнан астамы ұсақ бұзақылық болса, 34 мың дерек қоқысты кез келген жерге тастауға қатысты. Ал ең көп факті, 60 мыңы, қоғамдық орындарда ішімдік ішу болып отыр.

Брифинг барысында күрделі өңдеуден өткен төрт құжат – Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жаңа жобаларындағы өзгерістер де сөз болды.

Ағымдағы жылдың бірінші қарашасынан бас­тап еліміздің барлық өңірлерінде екі қуатты жеке құрылымның қосылып, жаңашыл жол-патрульдік полиция қызметі құрылғаны белгілі. Ел арасында «әмбебап полиция» аталып жүрген бұл құрылымның жұмысына тоқталған Марат Ғанұлы: «Жол-патрульдік полицияның алғашқы көрсеткіштері көңілден шығып отыр», – деді.

Екі аса ірі құрылымның бірігуі – бұл қоғамдық орындар мен көшелерде тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа үлгісі болып саналады. Қазіргі таңда автопатрульдердің барлығы GPS жүйесі және бейнетіркегіштермен жабдықталған. Жол-патрульдік полицияның басты мақсаты – қылмыстардың алдын алу, болдырмау, сондай-ақ, оқиға болған жерге дер кезінде келіп, нақты шаралар қолдану болып табылады.

Брифинг барысында бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – заңсыз көші-қон, осы сала жұмысын жетілдіру де сөз болды. Қазақстан көші-қон үдерісі едәуір байқалатын елдер қатарында. Қазіргі таңда мигранттарды қабылдау бойынша еліміз 9-орыннан орын алады. Келушілер легін азайту, көші-қон ағынына бақылау жасау сынды келелі мәселелер жайында айтып өткен генерал-майор ІІМ тарапынан жеке тұлғаларға жұмыс атқаратын «еңбек патентін» енгізу бойынша заң жобасы әзірленгенін хабарлады.

Қазіргі кезде Ішкі істер министрлігі заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер енгізді, сондай-ақ, «Жол қозғалысы туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Жолдағы ахуалдың қиындай түскенін жасырмаған Ішкі істер министрінің орынбасары жыл басынан бері қара жол үстінде екі мың бес жүзге тарта адамның қаза болғанын дерек ретінде келтірді. Соңғы он айда елімізде 17542 жол-көлік апаты тіркелсе, 30 мыңға жуық жолаушы аурухана төсегіне таңылған екен.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Соңғы жаңалықтар