Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Жетісу дәрігерлеріне жылжымалы медицина кешені табыс етілді

452 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысының денсаулық сақтау мекемелеріне 89 жедел жәрдем көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешенінің кілті табысталды. Жалпы, биыл аймақ бюджетінен бөлінген қаржыға 180 жаңа көлік сатып алу жоспарланған болатын. Соның алғашқы легі аудан, қаладағы дәрігерлердің қолдануына берілді - деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісу дәрігерлеріне жылжымалы медицина кешені табыс етілді

Жедел медициналық жәрдем көрсетуге қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған бұл көліктер қажеттілікке қарай бөлінді. Мәселен, тоғыз көлік облыстық жедел жәрдем және шұғыл медициналық көмек көрсету станциясына берілсе, 10 машина Талдықорған қалалық емханасына қызмет етпек. Сондай-ақ, өңірдегі екі шағын қала – Қапшағай мен Текелідегі ауруханаларына да екі-екіден жедел жәрдем көлігі жіберілді. Ал Сарқан аудандық орталық ауруханасы, Ескелді аудандық орталық ауруханасы, Алакөл аудандық орталық ауруханасы мен ​ Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының әрқайсысына 2 жедел жәрдем көлігі мен 1 жылжымалы медициналық кешеннен, Қаратал аудандық орталық ауруханасына 1 жедел жәрдем көлігі мен 1 жылжымалы медициналық кешен, Көксу аудандық орталық ауруханасына 2 жедел жәрдем көлігі, Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасына 12 жедел жәрдем көлігі, Балқаш аудандық орталық ауруханасына 1 жылжымалы медициналық кешен, Жамбыл аудандық орталық ауруханасына 4 жедел жәрдем көлігі мен 1 жылжымалы медициналық кешен, Талғар аудандық орталық ауруханасына 9 жедел жәрдем көлігі мен 1 жылжымалы медициналық кешен, Кеген аудандық орталық ауруханасына 1 жедел жәрдем көлігі мен 1 жылжымалы медициналық кешен, Райымбек аудандық орталық ауруханасына 1 жылжымалы медициналық кешен, Іле аудандық орталық ауруханасына 10 жедел жәрдем көлігі, Панфилов аудандық орталық ауруханасына 4 жедел жәрдем көлігі, Қарасай аудандық орталық ауруханасына 14 жедел жәрдем көлігі мен 1 жылжымалы медициналық кешен, Ұйғыр аудандық орталық ауруханасына 1 жедел жәрдем көлігі мен 1 жылжымалы медициналық кешен табысталды.

Айтпақшы, қолданысқа берілген жылжымалы медициналық кешендерде жалпы қабылдау, акушер-гинеколог, сәулелі диагностика кабинеттері, жалпы тәжірибе жөніндегі дәрігер аймағы, дәріхана, сараптама қабылдау аймағы және эксперттік кластағы портативті ультрадыбысты аппарат бар. Әрі осы кешенде рентген мен флюорографияны қауіпсіз түрде жасауға мүмкіндік қарастырылған. Барлық көлікте мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус лифті бар. Яғни, бұл жылжымалы кешендерге ие болған аудандарда мамандандырылған медицина қызметкерлері мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мамандарының жетіспеушілігі мәселесі де біршама шешімін табады. Сүйінерлігі, облыстың шалғайда жатқан ауыл тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздаған жағдайда қажетті маман мен тиісті медицина құрал-жабдығының қолжетімділігін едәуір арттырады деген сенім бар..

- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің шалғайдағы және қатынауы қиын өңірлерінде тұратын ауыл халқына сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі 89 жедел жәрдем көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешеннің кілттерін салтанатты түрде табыстау осы міндетті орындау негізінде іске асты. Осы қабылданып жатқан шаралар өңіріміздің медицина қызметкерлерінің жауапкершілігімен және кәсібилігімен бірге Жетісу тұрғындарының денсаулығын нығайтуға және сақтауға елеулі үлесін қосады деп сенемін.  Биыл 180 жедел жәрдем көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Бүгін біз осы жылжымалы медициналық кешендердің және 89 реанимациялық машиналардың кілттерін тапсырудамыз. Қалған көліктер ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін жеткізіледі. Нәтижесінде, жыл соңына дейін облыстың санитарлық көліктері 80 пайызға жаңарады. Жедел жәрдем қызметінің саны 165 бригададан 205 бригадаға дейін көбейеді, - деді Талдықорған қаласында өткен жаңа көліктерді табыстау салтанатында облыс әкімі Амандық Баталов.

Осы жерде жұқпалы індеттің екінші толқынына дайындық аясында медициналық құрал-жабдықтарды түгендеуге облыс қазынасынан қомақты қаржы бөлінгенін тағы да айта кеткен жөн. Қазір осы қаржыға 3 компьютерлік томография, 150 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынған екен. Бұған қосымша республикалық бюджет есебінен алынған 120 өкпені жасанды желдету аппараты да аймақтағы ауруханаларға табыс етілген. Бүгінде облыста 333 өкпені жасанды желдету аппараты мен 1090 дана оттегі концентраты бар.

Сондай-ақ, жақында өңірде вирус жұқтырғандарды оқшаулайтын жаңа модульді инфекциялық аурухана салынып, іске қосылған болатын. Қазір мұнда 5 мыңнан астам төсек-орын дайын тұр. Мұнан бөлек, Облыста балаларға арналған екі COVID орталық құрылған. Бұл орталықтардың бір мезгілде 400 жеткіншекке дәрігерлік көмек көрсетуге мүмкіндігі бар.

 

 

Алматы облысы