Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Тұщықұдық-Шебір жолы пайдалануға берілді

652 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау ауданы Тұщықұдық пен Шебір арасын жалғайтын автожолдың құрылысы аяқталды. Енді Маңғыстау ауданының тұрғындары ешбір қиынддықсыз, жаңа жолмен қатынайтын болады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тұщықұдық-Шебір жолы пайдалануға берілді

Тұщықұдық-Шебір аралығындағы 13 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары 2017 жылы  басталған болатын.  Жоба бойынша автокөлік жолының негізі цемент қосындылы топырақпен төселініп, оның үстіне қорғаныш қабаты (ШПО) төселінген болатын. Жол жөндеуді жауапкершілігін алған мердігер мекеме  кезінде кеткен олқылықтардың орнын толтырып, өз қаражаты есебінен 13 шақырым жолды асфальттап, жұмыстарын толық орындады.

Жол - экономиканың күретамыры, дамудың маңызды бағыттарының бірі екені анық. Өңірде соңғы үш жылда 368,3 шақырым автомобиль жолы салынып, 306,6 шақырымы жөнделіп, жаңғыртылды.

Жалпы,  облыс бойынша барлық жолдардың ұзындығы  2 948 шақырымды құрайды. Олардың 1020-сы республикалық маңызға ие. Тамыз айында ұзындығы 97 шақырым болатын  «Ата жолы»  жобасының ауқымды құрылысы аяқталды. Ол-өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бір қадам.

Қазіргі уақытта теңізді жағалай салынған демалыс орындарына қарай және «Құрық» портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жол 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейтілуде. Жалпы ұзындығы – 27 шақырымды құрайтын автомобиль жолының 15,6 шақырымына асфальт жабындысы мен тратуар, веложолақ төселді және жарық шамдары орнатылды.

Алдағы уақытта  ұзындығы 23,15 шақырым болатын Ақтау – әуежай жолын кеңейту жоспарлап отыр.

 

 

Маңғыстау облысы