Руханият • 03 Қараша, 2020

Керуен жылдар сыңғыры: Көрнекті журналист-жазушы, зерделі зерттеуші-ғалым, белгілі қоғам қайраткері Сапар Байжанов хақында эссе-сыр

599 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Өмір керуенінде санаңда өшпестей қашалып қалатын оқиғалар ұшырасады. Әрине, қилы-қилы қуанышты мезеттер мен жан желпінтер жағдаяттардың көбі бірдей жадыңда сақталмайтыны белгілі. Алғашқы әсермен біразға шейін көңіліңнен шығармай, қоңыраулата әңгімелер сол сәттердің өзі бірте-бірте күңгірттеніп, ұмытқа айналары даусыз. Ал менің бүкіл тірлік-тынысыма, тағдыр-талайыма түрткі болған жайтты ешқашан ұмыта алмаспын, сірә. Бейнелеп жеткізсем, кезінде дабыра даңқы жер жарған қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Социалистік Қазақстанға» (бүгінгі «Егеменім») қалай тұяқ іліндірген едім? Ойға түсірудің өзі бір хикая. Қаз-қалпында жаңғыртайын, орайы келіп тұрғанда.

Керуен жылдар сыңғыры: Көрнекті журналист-жазушы, зерделі зерттеуші-ғалым, белгілі қоғам қайраткері Сапар Байжанов хақында эссе-сыр

... Бәрі-бәрі әлі есімде. Ол кезде жас­тар газетіндемін. Ертелетіп жұмысыма келіп жайғаса бергенімді аңдып тұрғандай  телефоным шырылдаған. Бейтаныс бия­зы дауыс бірден баурағандай. «Халің қалай, Жанатжан? Орныңда отырмысың. Өзіңмен ақылдасатын шаруа бар еді. Үшінші қабатқа, маған жолығып кетші қазір...». Өзімсініп жылыұшырай тілдес­кен «Социалистік Қазақстанның» бас­шы­ларының бірі Сарбас Ақтаев екен. Мән-жайды сұрастырмастан, іле-шала елпіл­деген күйі төмен түстім. Сарбас ағаның есігін батылдана ашсам да, ілгері кібіртіктей жылжығам.

– Кәне, төрлет, бауырым, – деді Сә­­кең мені көрген бойда емен-жар­қын. Қысы­лыңқыраған кейпімді сез­­ген тәріз­ді. – Өзіңді күтіп отыр едім, кел­­генің қандай жақсы болды. Қа­зір оперативті жаңалықтар бөлімін басқарады екенсің ғой. Мұның алдын­да спорт-туризм бөлімінде істедің емес пе? Сейдахмет ағаларыңның газет шығарудағы редакторлық стилі, өзін­дік эксперименттері өз басыма өте ұнай­ды. Журналист кадрларын ба­сы­лымның барлық бөлімінде сынап көруі керемет. Жас қаламгердің бесас­пап болып, бір-біріне ұқсамайтын әр бөлімнің бағыт-бағдарын еркін меңгеріп, төселіп, тәжірбие жинақтауына мол мүм­кіндік ашары сөзсіз. Құптарлық-ақ, үй­ренетін ізденіс. Шіркін, біздің «СҚ»-ға да енгізуге болар еді. Бірақ коллектив әбден қартайып, қатайып кеткен. Бір орындарынан қозғалғысы келмейді. Тіп­ті, көбісі квадрат, шрифт, кегельден мүл­дем мақрұм. Секретариаттың тынысын сезбейді. Сөйтіп отырып «макет жоқ», «газеттің ажары нашар», «тездетіп өз­геріс жасау керек» деп сынағанда тілдері ауыздарына сыймайды-ау. Әрине, қай кезде де сын орынды болуы тиіс. Тың идея, тосын тақырып, соны үрдіс қажет. Ұжымда тоқырау анық аңғарылады. Оқыр­мандар ойын қозғайтын проблема­лық мақаладан бастап, елең еткізер үлкенді-кішілі материалдар, ең ақыры өзе­гінде қызықты дерек-дәйегі бар ой­мақ­тай ғана хабар-ошар тынымсыз түр­тінектеуден туатыны мәлім. Осындай-осын­дай тәуір дүниелерді әшекейлеп, штрих-фотолармен көмкеріп, макетін жұ­тындырып, еріксіз көз тоқтатып оқи­тындай орналастыру жағынан біздің газетіміз қатты ақсап жатыр. Оны жасырмай, мойындаған дұрыс. Сондықтан саған «құда» түсіп отырмыз. Үлкен бастық хабардар. Айтпақшы, Сапар ағаң да ҚазМУ-дің журфагын бітірген соң «Лениншіл жаста» қызмет істеген. Секретариаттың ұңғыл-шұңғылын жетік біледі. «СҚ»-ның сірескен сеңін бұзу үшін, газет дидарына жаңа леп әкелу үшін, әркім-әркіммен пікірлесіп өзіңе тоқтаған. Қазір орнында жоқ, Орталық Комитетте жиналыста жүр. Ертең сағат онға таман келе қал, редколлегияда бекітіп жібермек. Әзір­ше бастығыңа да, басқаларға да үндемегейсің...

Адам жады компьютерден кем емес-ау. Миыңның бір түкпірінде қатталып қалған ұмыт жайды қас-қағым мезетте жанарыңа елестете қояды. Сарбас ағамен жаймашуақ жүзбе-жүз әңгімелесіп отыр­ғанда іштей алаңдай бергем. «Бұл кісіні білемін! Ең алғаш қайдан көріп ем, осы?..» Күнұзақ мазалаған сауалдың жауабын жоғары қабаттағы кабинетіме келіп жай­ғасқанда барып тапқандаймын. Жаз дидарлы жайсаң ағаның бейнесін бірінші рет мектеп қабырғасында жүргенімде тамашалаған екенмін. «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Тұңғыш» өлеңдер жинағының сыртқы мұқаба бетінен. Бұл кітап «Қазақстан пионері» газетінің редак­циясы Баспасөз күні мерекесіне орай «Үздік жас тілші» ретінде арнайы сыйлыққа жіберген жиырма-отыз кітап­тан тұратын шағын кітапхана құрамында болған еді. Студенттік жылдары «Жетісу» газетінде істеген уақытында мөлтек очер­кім мен екі-үш рецензиямның жарияла­­нуы­на ықпал еткенін неге ұмытайын?!

Құйысқаным көтеріліп, көңілім алабө­тен аспандаған. Қуанғаным рас. Бас газет­тің тізгінін ұстап отырған Сапар аға Байжанов одан бетер қопаңдатып, бойым­ды да, ойымды да өсіріп, қиялыма қанат байлап жіберді:

– Барлығын жігіттерден естідім. Тез­детіп, ертеңнен бастап жаңа қызметіңе білек сыбанып кіріс. Қазір барып өтінішіңді жазғайсың, Сей­дахмет қисая қоймас. Шет жағын Үлкен үйдегі идео­логия бөлімінің жауапты қыз­меткерлеріне ескерткем. Ең басты міндетің – газет­тің келбетін, бет-бейнесін түбе­гейлі өзгерту. Демек, «СҚ»-ның маз­мұнына сай, сырт­қы бітім-пошымын, өзіне тән жаңаша маке­тін жасау керек. Жастар газетін­де жиған-терген тәжірбиең мен фантазияң­ды еркін көрсетуге мүмкіндігің мол. Тек өзіңнен соны серпіліс, тамаша жа­ңа­лық­тар күтеміз. Еңбек стажыңа нұқ­сан келмейтіндей бұйрығыңды дұрыстап береміз. Тез, шапшаңырақ «Ленжасыңнан» рұқсат алу мәселесін реттеші...

Мүлдем күтпеген жағдай. Әдеттегідей бөлмесіне елпілдеп-желпілдеп жетіп бар­ған түрімді құдды тамыршыдай барлаған Сейдахмет аға кіртиіп қар­сы алған-ды. Әлде көңіл хошы болмай отырған тұсына дөп келдім бе? Кім білсін? Өте сирек ашуланатын ре­дак­торымның жүзі қаракүреңітіп, әңгімемді селқос тыңдап, іле-шала өзіме зір­кіл­дей жөнелді. «Немене, аға газетсіз кү­нің бітіп пе еді?! Әлде, жасыңа жетпей шал болмақсың ба, ә? Шалқып, шал­қайып жүрген жылы ұяңнан қуған біреу бар ма, айтшы өзің? Болар-болмас он-он бес сомға қызығып... Оның үстіне «Лен­жастан» заңғарадай үш бөлмелі үй ал­ғаныңа да көп болмады ғой. «СҚ»-ға біз­ден кеткен ең талантты деген ана-у-у Рашит Рақымбеков, Болат Бодаубаев, Бай­тұрсын Ілиясов секілді суға сіңіп, із-түзсіз жоғалып кетпексің бе? Жоқ, бармайсың... Жібермеймін! Алаңдамай жұмысыңды жасап, жазуыңды жаза бер... ­Әлгі шақырып жүрген мықтыларыңа «Бердіқұлов босатпады дегейсің...»

Сөйтіп, Сапекеңнің алдына қай­та айнал­ып баруға ұялып, мән-жай­ды түсіндіруге батылым жетпей, бұқпан­тай­лап жүргенімде баспахананың газет беттеу цехында ұшырасып қалдық. Бү­гежектеп, ыңғайсызданған күйімді аңғарған маңғаз аға қиын сәттен өзі оп-оңай алып шыққаны күні кешегідей әлі есімде. «Жанатжан, халің қалай? Кезек­шілікте жүрсің бе? Оқасы жоқ. Кез келген редактордың тәуір, іскер қызмет­кері­нен айырылғысы келмейтіні түсінікті. Қисыны болса әлі де шақырамыз...» Үл­кен жүректің жылуын сол қысылтаяң мезетте жан дүниеммен сезінген едім. Уәде­сінен таймаған Сапар аға жыл аралатып өткендегі лауазымын ұсынғанда ұшқа­лақтық жасағым келмеді. Рахметімді айтып, табандап бас тарттым. Шамасы тағы бір жылдан кейін, үшінші мәрте қолқа салғанда қамқор да, бағбан пейілді қаламгердің ықыласынан табылуға асық­тым. Бұл жолы қаршадай шағымнан көр­мей, жүздеспей «бармақтай ғана менің юнкорым» деп алақанында аялаған бастығым Сейдахмет Бердіқұлов жүре­гі жарылардай қуана батасын берген. «Біз­дің «Лениншіл жастың» бөлім меңгеру­шісіне қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Социалистік Қазақстан» бөлім тізгінін ұстатып төріне шығарып жатса, неге мейірленбеске! Бұл – үлкен құрмет» деген лебізін әрдайым үкілеп жеткізгім келіп тұрады.

Біртіндеп үлкен шығармашылық ұжым­ның тірлік-тынысына бейімделіп, тәртібіне мойынсұна бастадық. Алаула­ған, жарқылдаған жастар ортасынан бө­лек екені көзге ұрып-ақ тұр. Жер ортасына тақаған кіл шірендердің арасында мені жақтырмай, қиыс қараушылар да ұшырасқан. Саусақтарының ұшын ғана тигізіп сәлемдесіп, іштерін ашпайды. Мейлі... Ең қуаныштысы, бастықтардың, ұста дүкеніндей қыз-қыз қайнап жата­тын секретариаттың ниеті түзу. Лезде ара­ласып, шапшаң тіл табысып кеттік. Олай етпесек, шашыраған жіп-шуы көп, ұсақ-түйек көзге шалынбайтын шаруа­­сы жыртылып айырылатын «СҚ»-ның секретариатына байланған қызметкер­лердің есебі қисапсыз. Аты-жөндерін көгендеп тізбелемей-ақ, тікелей секретариат төңірегінде жүргендерді цифр­лармен сөйлетелік. Жауапты хатшы Мыңбай Ілестің командасында екі орынбасары, үш макет жүргізуші, бір суретші-ретушер, екі фототілші, бір телетайп лентасын оқып реттеуші, те­рімге жіберілетін қол қойылған материалдарды қадағалайтын стилист-лингвист, екі техникалық редактор, редакция мен типография арасында шапқылап жүретін курьер, тоғыз-он корректор... Осыншама машинистка және бар. Қанша адам – сонша мінез... Бір-біріне қатысты осынау техникалық қызметкерлердің жұмыс­тарын өзара үйлестірмек газеттің көркемдеу-безендіру бөліміне жүктелген міндет орасан зор.

Жалпы саны жүз жиырмаға жетіп жығылатын үлкен ұжымды шашау­сыз уысында ұстаған Сапекең арнайы өткізген өндірістік жиналыста біраз жай­дың басын ашық білдірген. Ынты­мақтасып, тату-тәтті еңбек еткенде ғана бере­ке-бірліктің мәуелейтінін қадап ес­керт­ті. Талап пен тәртіптің арқасында маз­мұнына көркі сай, кескін-келбетіне орай мақалалардың полиграфиялық сауат­­ты әрі айшықты макеттелген жақсы газет шығара аламыз. Сонда барып өз­гелер сыртымыздан сыбырлап айтатын «сұрғылт, сықиған «СҚ» деген жамаудан құтыламыз-ау шамасы. Газет шығару – жалғыз бастыққа, я болмаса бір ғана жазғыш журналиске тіреліп тұрған жоқ, Коллективтік ортақ игі ізденіс пен тың идеяның жемісі. Ол үшін шығармашылық ұжымды қолынан жазу келетін жаңашыл да қабілетті, дарынды жас кадрлармен ұдайы жаңғырта бермекпіз. Келешекті болжағыш, ой көзі өте қырағы, байсал да мәмілегер редактор Сапар Байжановтың ақылгөй лебізі көп көкейінен шыққан. Айрықша серпін, бөлекше құлшыныс әкелгендей.

Осы мәжілістен соң бейтаныс бас­ты­ғым жөніндегі көмескі, бұлыңғыр пікірім мен ойларымның түйіндері әбден тар­қатылған. Дана бабаларымыз «жылқы кісініскенше, адам сөйлескенше» де­мек­ші, Сапекең мінезге бай, алды кең, кемел пішіп, кесек сөйлейтін сирек­тер сойынан екен. Көкейіндегісін зекімей, үркітпей, қайталап мыжымай, мейлінше сабырмен жеткізуге ұмтылады. Газет «кух­­нясын» бес саусағындай жетік біле­тіні ойшыл да епшіл сөзінен ап-анық аңғарылған. Көп редакторға ұқсамайтын оқшау қасиеттерінің бірі – ертеңгі әзір­леніп жатқан нөмірдің нобайын, әр бет­тің кескін-келбетін, ең ақыры макет­ке орналастырылған фотолар мен штрих­тардың көлемін көз алдына дәлме-дәл елестетеді. Түн ортасында беттерді тас-талқан бұзып, қайтадан жасамас үшін күні бұрын макет бекіту үстінде қатаң бақылайды.

Мұның бәрін әдейі тәптіштеп отырмын. Өйткені ол уақытта бар-жоғы төрт беттік газетті бүкіл редакция мен ти­по­графияның нөмірге жегілген адамдары жұ­мыла жүріп, әупірімдеп графикке зорға іліндіреді-ау. Газет-журнал шығару, поли­графия ісіне қазіргідей ғажайып технология жетістіктері мүлдем енбеген. Ком­пьютер мен интернет атымен жоқ. Бүкіл газет шығаруға байланысты операцияларды қас-қағымда орындайтын әрі түрлі-түсті бояумен жарық көріп жа­татын бүгінгі компьютер дәуірінде де 12, 16, 24, керек десеңіз ресми құжаттар мен жарнамалар берілетін 32, 54 беттік нөмірлерді елестету мүмкін емес. Бар­лық шаруа қарабайыр қарапайым құрылғылар мен станоктарда орындалады. Кремльге қарап түшкіретін баспагерлердің көздері мен құ­лақ­тары Мәскеуге түрулі. Ертеңгі ала көбеден түннің бір уағына дейін қажеттісі бар, керексізі бар ТАСС-тың ресми материалдарын ҚазТАГ толассыз жарыса аударып беріп, газетімізді аузы-мұрнынан тығындап жатады. Алақандай осы төрт бетке редакция жур­налистерінің назар ауда­рарлық, оқылымды тә­уір дүниелерін орналастыра алмай қатты қиналамыз. Бі­рінші-екінші беттерге ресми материалдар, қаулы-қарарлар, көсемдердің құ­лаш-құлаш сылдыр сөздері мен кездесулері, үшінші бет «Планета тынысы» айдары аясында әлемнің әр шал­ғайынан алынған ТАСС таратқан үлкенді-ұсақты хабар-ошармен толтырылады. Үміт сәу­лесін сығырайтқан соңғы беттің тең жарымын телебағдарлама мен спорт жарыстарының күнделігі қамтиды. Сонда деймін-ау, осындай жағдайда қандай жақсы оқылатын газет, оқырмандар ойынан табылатын мақалалар ұсына алмақсың?! Тәжірбиесі мол, іскер редакторымыз қиын-қыстау қысталаң шақтардан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» аман-есен алып шығудың ұрымтал жолдарын тынымсыз іздеумен болды.

Басқару жүйесі мен тәртіп-талабы қатқыл биліктің үш тармағының органы саналатын «Социалистік Қазақ­станның» сірескен сеңін сөгуге тырыс­ты. Апталық, тоқсандық жоспарға алдын ала көрсетілген әр алуан тол­ғақты мәсе­лелерді қозғайтын мате­­­риал­дар, өткір сын мақалалар мен фельетондар, адам­гершілік, әлеу­­меттік-тұрмыстық тә­різді имани дү­ниелерге айрықша кө­ңіл бөлді. Соны­мен қатар айдарлар мен оқшау отаулар ашып, қаламының желі бар журналистерге даңғыл жол аш­қан. Серпіліс іздері газет бетінен жиі-жиі кө­рі­ніп, шығармашылық ұжым да бөлек­ше түлегенін еске түсірген абзал. Қалың оқырманның биік талғам таразысынан шыққан жоталы айдарлар мен тақы­рыпшаларды орайлы тұста атасақ. Олар – «СҚ»-ның мәслихат мүйісі», «Ой мен өнер адамы», «Жексенбілік әңгіме», «Бес өлең», «Білесің де күлесің», «Замандас жайлы сыр», «Көкейкесті мәселе», «Жүзі басқа – жүрегі бір, Тілі басқа – тілегі бір», «Ойтолғақ», т.б. Осы тақылеттес үкі­леп айтылатын сүбелі мақалаларды, сырлы очерктер мен суреттемелерді, тұщымды әңгімелер мен сезім қылын шертер өлеңдерді, қандауыр фельетондар мен әзіл-оспақтарды штрихтатып, әлеміштеп, қыздың жиған жүгіндей көркемдеп-кестелеп орналастыруға ерекше мән берілді. Жұтынып тұрған әрқи­лы туындылардың суреттерін га­зеттің төл суретшісі, майталман пор­третші Жан­ұзақ Әбдіқұловтан бастап, түрлі газет-журналдарда істейтін кәнігі қыл­қалам шеберлерін тарттық. Белсенді ав­тор­ларға үстеме қаламақы төледік. Ынталандыру арқасында газет-журналдарда тек бірлі-жарым фотоларды тырналап ретушь жасап келген суретшілер қатайыңқырап қалған саусақтарына «тіл» бітіріп, қиялдарын ұштағаны мә­лім. Қасаң газеттің бет-бейнесін өз­гер­тіп, ажарын құбылтқан Рүстем Жұма­ке­нов, Ерхасан Көмеков, Николай Ле­бедев, Александр Шестаков, Борис Ильин, Володия Черданцев секілді нағыз өз ма­­ман­дықтарын ардақтаған суретші­лер­дің қолтаңбаларын «Егеменнің» сарғайған беттерінен көреміз. Сондай-ақ фотожурналистердің де мәртебесін өсіріп «Бесжылдық және біз» атты тұңғыш республикалық фотоконкрус өткіздік.

Әрине, мерей марқайтар игі істер көп-ақ. Өзімізге жүктелген маңызды мін­деттердің үдесінен табылу үшін шү­мектетіп тер төгуге тура келді. Жақсы жаңа­лығымызға балаша қуанып, қуаттап-қолдап, қиялымызға өзгеше қанат бай­лаған Сапар ағаның редакторлық жұмыс стилі әрдайым дараланып тұрса керек. Ал қағілез журналист, қарымды жазушы, зерделі ғалым ретінде тындырған жұмыстары ұшан-теңіз. Қаламгердің негізгі миссиясы – жазу. Осы тұрғыдан жанар жүгіртсек те, көз алдымызға қа­тар-қатар тізіле қалары ұлағатты ұстаз­дың түн ұйқысын төрт бөліп жазған кітап­тары. Шүкір, бүгінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің асыл мұраларына айналған төлтума шығармаларының өзі оннан асып жығылады. Аударма жинақтары да бір төбе.

Кәнеки, үлкен жүректің жылуымен дүниеге келген кітаптардың кейбірін ай­тайықшы. Бозым шағында жарық көрген алғашқы «Жаңа леп» жинағы сырлы сөз­бен өрнек салуға ынтық қаламның қуатын байқатқан-ды. Іле-шала «Құрыш зергері», «Сыр мен сымбат», «Ақ маржан», «Сұңқар көңіл самғайды», «Ұлыма хат», «Үш қиян – үш даңғыл», «Бес қиян – бес дәптер» секілді көркемдік деңгейі биік кітаптары жазушының суреткерлік қол­таңбасын анық айшықтайды. Ал «Замандас туралы толғау», «Зейін Шаш­киннің прозасы хақында», «Абай және архив», «Қажыға барған қазақтар», «Архив-айғақ», «Өткеннен мұрағат – өркенге ұлағат» тәрізді ғылыми-зерттеу­лер сипатындағы туындыларының оқыр­манға берер таным-тағылымы мол. Ой шарасы, көңіл көкжиегі кең де кенен қа­­жыр­лы қаламгердің «Алакөбеде оят мені», «Нар тәуекел», «Қарқара айбары», «Әке» аталатын роман, повестері де жұрт тал­ғамынан шыққан шырайлы шығар­малар.              

Жазушының ең елеулі қуанышы мен бақыты – маңдай тердің жемісі саналатын кітабының оқушы назарына ілігуі. Бұл жағынан таразыласақ, мынау бес күндік жалған дүниеде алып жүректі парасатты тұлғаның ізі өшпестей сайрап жатыр. Оған Сапекеңнің зиялы замандастары, өкшесінен ерген ізбасар інілері мен есімін жүректерінде аялаған толқын-толқын шәкірттерінің әр жылдары айтқан лағыл лебіздері. Кейбіріне құлақ түрейікші. Кез келген адам жа­йында ашыла бермейтін атақты жазушы Қалтай аға Мұхамеджанов қордалы пікірін бір ауыз сөз­бен түйіпті: «Сапар – өз қатарынан көп озық, ақыл-ойдың сардары еді ғой». Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов былай депті: «Сапар Байжанов – қазіргі көрнекті очерк­шілердің бірі...

Автор көзге көрінгеннің бәрін жада­ғай суреттей бермейді. Көргенді көңіл елегінен өткізіп, публицистикалық толғау­лармен түйіндейді... Очерктердің тілі тартымды. Кітаптарында еркін теңеулер, ұтымды ойлар, нақыл іспеттес сөздер жиі ұшырасып отырады. Ол әр очеркін әңгіме тәріздендіріп, сюжетке құрады. Әңгімеге тән деталь, штрихтармен әр­лейді. Портрет, психология кіргізеді».

Қазақтың көрнекті жазушысы Өтебай Қанахин «Бәрінен бұрын қаламгердің ізде­німпаздығы, зерттемпаздығы, аңға­рымпаздығы қатты қызықтырады. Жа­­ңа­­ның жақтаушысы, жақсының жар­шысы бола білудегі қаламының ұшқырлығы ерекше сүйсіндіреді» деп толғанады. Талай жас журналистерді өз қолынан ұшыр­ған бағбан-ұстаз Әбіл­файыз Ыдырысов «Сапар Байжанов – Қазақстан журналистикасының сарбазынан сардарына айналған адам. Бүгінде Сапекең Әзілхан Нұршайықов секілді белгілі очеркшілдермен қатар, үзеңгілес келеді. Сапар Байжанов бұдан кейін ештеңе жазбаса да, қазақ журналистикасы тарихының төрінде қалады» десе, кейінгі буын өкіл­дері арасынан жарқырап көрін­ген Жанат Ахмади «Сапар Бай­жановтың «Алакөбеде оят мені» романы – роман жанрынан бірдеңе білермін деп жүрген менің өз басым үшін көркем әдебиет керуеніне тең-тең жүгімен алқынбай келіп қосылған қабырғалы қара атандай, байырқалы, бағалы орны бар соқталы, сом еңбек» деп кесек ой айтады.

Сонымен қатар Кәмен Оразалин, Шер­хан Мұртаза, Зейнолла Қабдолов, Сарбас Ақтаев, Мыңбай Рәш, Болат Бодаубаев, Бақыт Мұстафин, Сауытбек Абдрахманов, Сайраш Әбішқызы, Серікқали Байменше, т.б. қаламгерлер жүрекжарды толғаныстарын, көкейдегі ойларын ағыл-тегіл сыр етіп шертеді. Ал Сапар аға шаңырағының шырақшысы болып отырған аяулы Күләш апайымыз ағытар тебіренісі өз алдына ғажайып бір дастан ғой... Ғасырлық шежірелі тарихы бар, өзіндік сара дәстүр-салты қалыптасқан еліміздің бас басылымын тұп-тура он жыл басқарған газеттің жиырма сегізінші редакторы Сапар Байжановтың (бұған дейінгілердің арасында Қасым Шәріпов «Егеменнің» тізгінін екі рет ұстаған) ғибратты өмір жолы, шығармашылық өнернамасы мен адами асыл қасиеттері жайында емірене- елжірей әңгіме өрбітеді.

Иә, керуен жылдар сыңғыры үлкен жүректің жылуын өзгелерге жеткізгенше асығады-ау.

 

 

Жанат Елшібек,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты