Саясат • 03 Қараша, 2020

Әлемге әділ төрелік қажет

403 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Жоғарғы сот төрағаларының XV кеңесі онлайн режімде өтті. Биыл бұл іс-шараны Қазақстанның Жоғарғы соты ұйымдастырды.

Әлемге әділ төрелік қажет

Оның жұмысына Үндістан, Қы­тай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжік­стан және Өзбекстан Жоғарғы сот орган­дарының төрағалары қатысты. ШЫҰ Бас хатшысы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) адам саудасына қарсы күрес жөніндегі үйлес­тірушісі және Моң­ғолия, Ауғанстан және Беларусь секілді бақылаушы елдердің өкіл­дері мейман ретінде қатысты.

Қазақстан Жоғарғы сотының төр­ағасы Жақып Асанов форум жұмысын ашып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құттықтауын оқып берді. Бұдан соң Қытай Жоғарғы сотының төр­ағасы Цянь Чжоу, Қырғызстан Жоғар­ғы сотының төрағасы Гүлбара Қалиева, Ресей Жоғарғы сотының төр­ағасы Вячеслав Лебедев, Өзбекстан Жоғар­ғы сотының төрағасы Козимджан Ками­лов және Беларусь Жоғарғы сотының  төрағасы Валентин Сукало, Тәжікстан Жоғарғы соты төрағасының орынбасары Лутфуллозода Шавкат, Үндістан Жоғарғы сотының судьясы Лалит Удай және Пәкістан Жоғарғы сотының судьясы Ахтар Муниб кіріспе сөз сөйледі.

XV кеңестің күн тәртібіне сәйкес, спикерлер сот жүйесі қызметінің негізгі бағыттарына қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Мәселен, Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы Аслан Түкиев сот жүктемесі мен сот төрелігіне қол жет­кізу бағытында қабылданған шаралар қатарын­да сот орындаушысының іс-әрекетіне және борышкерді іздестіруге қатысты санкциялардың басқа ведомство­ларға берілуін, берешекті өндіріп алу, еңбек дауларын реттеу тетіктерін атап өтті. Дауды сотқа дейін немесе одан тыс реттеу аясы кеңейтілді. Соттар қылмыс­тық істер материалдарына және айыптау дәлелдеріне (тергеу санкциясынан бас тарту көрсеткішінің 2015 жылғы 6%-дан 2019 жылы 25%-ға дейін өсуі) талап қоя бастады. Көрсеткіштердің өсуі прокуратураны сот перспективасы тұрғысынан істерді мұқият талдауға ынталандырды.

А.Түкиев заңға енгізілген түзетулер істер мен материалдар түсімінің өсуін қысқартқанын атап өтті (2019 жылы – 3,3 млн, бұл 2018 жылға қарағанда 25%-ға аз, осы жылғы болжам – 1 млн 400 мың). Судьялар корпусынан неғұрлым білікті және жауапты судьялардың кету үрдісі тоқтады. Судья болғысы келетіндердің саны едәуір артты.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров пандемия жағдайында соттарды қашықтан жұмыс істеу  форматына толығымен көшіру шаралары туралы айтты. Бұл шаралар соттарды цифрландыру деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Виртуалды кеңсе интернет байланысы бар әлемнің кез келген жерінен қарапайым смартфоннан QR-код арқылы құжатқа қол қойып, қазақстандық сотқа жүгінуге мүмкіндік берді.  Мұны қамтамасыз ету үшін сер­вер­лік қуат пен деректерді электронды сақтау көлемі 10 есе ұлғайтылды.

Бүгінде сот залдарында судья мен хатшы ғана отырады. Прокурор, адвокат, талапкер, жауапкер және БАҚ өкілдері бейнебайланыс (БКБ) арқылы қаты­суда. Инвесторлар мен шетелде жүр­ген азаматтардың біздің соттармен ком­муникациялық байланыс орна­туы қиындық туғызған жоқ. Пандемия бас­талғалы бері 20-дан астам елдің өкілдері процестерге онлайн режімде қосылды.  «Біз күн сайын процеске қатысушыларды анықтау және байланыстың түрлі ақау­ларынан бастап, интернет сапасының нашарлауына дейінгі  қиындықтарға кездесеміз. Алайда дәл осы IT-шешімдер процеске қатысушылардың қауіпсіздігі мен сот төрелігіне қол жетімділік ара­сын­дағы теңгерімді табуға мүмкіндік береді», деді спикер.

Жоғарғы сот департаменті басшы­сы­ның орынбасары Елдос Жұмақсанов сот ақпаратын дұрыс берудің маңыздылығын, сондай-ақ қате ақпаратты БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарату қаупін атап өтті. Ол судьялардың сот ісін жүргізуі мен құқық қолдану қағидаттарын халыққа түсіндіру жұмысы туралы айтып берді.

Е.Жұмақсанов кейбіреулердің өз-өзіне PR жасау үшін әлеуметтік желілерде соттың абыройын түсіру мақсатында әдейі дүрліктіру үрдісі – сот төрелігін жанжалға айналдыру мәселесіне назар аударды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың судьялар съезіндегі «Бұқаралық ақпарат құралдарының жариялылығы мен ашықтығын сотқа қысым жасау үшін пайдалануға болмайды. Сотқа қысым жасау фактілері үшін заң бойынша жауап беру керек», деген сөзін мысалға келтірді.

Бұдан соң Үндістан Жоғарғы соты­ның су­дьялары Лаву Нагершвара мен Вен­ка­тара­ман Рамасубраманян конститу­ция­лық құндылықтар мен адам құқықтарын іл­ге­­рілетудегі соттардың рөлі туралы айтты.

Қытай Жоғарғы сотының төрағасы Ц.Чжоу және орынбасары В.Ян соттардың COVID-19-дың алдын алудағы, ахуалды бақылаудағы және әлеуметтік-экономикалық саланы дамытудағы рөлі, сондай-ақ коммерциялық дауларды шешу тетіктерін жетілдіру туралы айтты. Қырғызстан судьялары Ч.Досмамбетова, О.Сарыбаев және М.Тагаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сот ісін жүргізуді автоматтандыру және пандемия мен дағдарыс кезіндегі соттардың жұмысы туралы сөз сөйледі. Пәкістан Жоғарғы сотының судьясы М.Ахтар өзінің баяндамасын «Пәкістан, пандемия, заң» деп атады. Ресей Федерациясы Жоғарғы сотының төрағасы В.Лебедев соттар жұмысын пандемия жағдайына бейімдеудің ресейлік тәжірибесіне, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру және оны қолдану шараларына назар аударды. Тәжікстан Жоғарғы сотының судьялары Т.Кодирзода мен С.Хакимзода көші-қон құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік және ата-ана құқығынан айыру істерін қарау туралы айтты.

Өзбекстан Жоғарғы сотының судьялары Н.Бобохонова, Ф.Тұрсынов пен Н.Худояров істерді алдын ала тың­дау, әкімшілік сот ісін жүргізу және инвес­торлардың құқықтары мен заңды мүдде­лерін қорғау туралы айтты. ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілі В.Ричи қоғамдық қауіп­сіз­дікті күшейту туралы айта келе, форумға қатысушылардың назарын адам саудасы проблемасына аударды.

Осылайша XV кеңес соңында делегаттар өзара пікір алмасып, бірлескен мәлімдемені қабылдау рәсіміне қатысты.