Бизнес • 03 Қараша, 2020

Салымшылардың табысы артты

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы 9 айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,5 трлн теңге мөлшерінде қаржылай қор жинақталды. Қордың мәліметіне сәйкес, 2019 жылғы кезеңімен салыстырғанда 598,6 млрд теңгеге артық өсім негізінен салымшылардың шоттарындағы 1,08 трлн теңгеден астам таза инвестициялық табыс есебінен қалыптасты.

Салымшылардың табысы артты

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасып, 12,2 трлн теңгені құрады (2020 жылдың басынан бергі өсім – 16%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 301,9 млрд теңге (өсім – 23%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2,14 млрд теңгеге жетті (өсім – 10%).

1 қазандағы жағдайға сәйкес, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 млн-ға жуықтады.

Былтыр жеке зейнетақы шоттарының саны 10,6 млн бірлікті (10 576 023) құраса, биыл 11,7 млн-нан (11 729 797) асты. Осылайша бір жылдағы өсім 11% болды.

Шоттардың ең көп саны міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылған – олар шамамен 11 млн, дәлірек айтқанда 10 982 963 (жыл басынан бергі өсім – 11%).

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптасқан шоттар – 521 681 (өсім – 2%), ерікті зейнетақы жарналарының (ЕЗЖ) саны да біртіндеп өсуде, қазір БЖЗҚ-дағы мұндай шоттардың саны – 56 517 (өсім – 4%).

Салымшылардың шоттарына 2020 жылдың басынан бері жалпы көлемі 777,07 млрд теңге зейнетақы жарналары аударылды, бұл 2019 жылдың 9 айындағы көрсеткіштен 61,7 млрд теңгеге немесе 9% артық. Жарналардың жалпы көлемінің 95,4%-ы БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша аударылған 740,2 млрд теңге мөлшеріндегі түсімдер құрайды. 35,2 млрд теңге МКЗЖ бойынша, ал 353 млн теңге ЕЗЖ бойынша жинақталған.

Төлемдер 138,5 млрд теңгені құрап, олар­дың басым бөлігі, атап айтқанда 33% жасына байланысты төлемдерге (46,1 млрд теңге), сақ­тандыру ұйымдарына аударымдарға (36,1 млрд теңге), Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақ­ты тұруға кету бойынша (27,6 млрд теңге), мұра­гер­лерге (24,5 млрд теңге), жерлеуге (3,01 млрд теңге), мүгедектік бойынша төлемдерге (1,1 млрд теңге) тиесілі болды.