Мобильді кешен заманауи рентген және флюрография бөлімі, ЭКГ-12 аппараты, гинекологиялық тексеруге арналған кресло, қан сақтауға арналған тоңазытқыш сияқты жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсетілетін жылжымалы кешенде шұғыл босандырып алу мүмкіндігі қарастырылған. Мұнда мүгедек азаматтар үшін автоматты түрде көтерілетін пандус орнатылған. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы алдағы уақытта мұндай көліктердің санын арттыру қажет болған жағдайда министрлікке ұсыныс әзірлемекші.
«СК Фармация» компаниясына қарасты дәрі-дәрмек сақтау логистикалық қоймасында 3 млрд теңгеге жуық қаржыға алынған препараттар қажетті температурада сақталған. Ақтөбе облысы бойынша «СК Фармацияның» өкілі Нұрлан Жұбанышов Covid-19 індетімен күресуге арналған дәрі-дәрмек қорының жеткілікті екенін айтты. Қойма Ақтөбе облысынан өзге Батыс өңірін дәрілік препараттармен қамтамасыз ете алады.
Биылғы тамызда Ақтөбе облыстық жұқпалы клиникалық ауруханасында, 130 орынға арналған провизорлық орталықта күрделі жөндеу жүргізіліп, індеттің өршу қаупі туындап, науқастар саны артқан жағдайға әзірленген. Қазір індетке шалдыққандарға ең алғашқы көмек көрсетілетін осы орталық маска, дәрі-дәрмек, залалсыздандырғыш құралдармен толық жабдықталған.
Ақтөбе облысы