Медицина • 03 Қараша, 2020

Еңбегі ересен эндоскопист дәрігер

1099 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Білім­ді, білікті дәрігердің есімі ел аузында жүреді. Алдына барып көрмеген адам да есі­міне сырттай қанық болып, құрметі қалыптасады. Ақтау қаласындағы жоға­­­ры санатты хирург-эндоскопист дәрігер Болат Керейұлы осындай құрметке ие.

Еңбегі ересен эндоскопист дәрігер

Болат Керейұлы туралы хирург не­месе эндоскопист деп қысқа қайы­ра алмайсың. 1981 жылы Ақтөбе мем­ле­кет­тік медицина институтын, Атырау қаласындағы орталық облыстық ауруханадан интернатураны бітірген жас маман Құлсарыдағы аудандық ауруханада жұмысқа кіріскен сәттен бастап «мен хирургпін» деп тек бір бағытта шектеліп қалмай, ауыл ауруханасында барлық салаға бел шеше, білек сыбана кірісті. Өз ісіне шын берілген әрі қызметінің қыр-сырын тәжірибе жүзінде жетік меңгерсем деген таудай талабы бар жас дәрігер сол тұста Құлсары ауруханасын кез келген отаны ойланбай және сапалы жасайтын орталыққа айналдырып жіберген. Бір жылдан соң ота бөлімінің меңгерушісі болған Болат бұрын аудандық деңгейде жасалмайтын асқазан, жүрек, өт жолдарына ота жасап, гинекология, нейрохирургия, лор оталарымен батыл айналысты. Басынан соққы алған адамның тірі қалуы үшін шұғыл түр­де басына тесік салып, ұйыған қанды шы­ғаруды қолға алды. Сынып келген­дер­­ге ота жасап, темір салу арқылы бір­не­ше рет травматологиялық ота жасаса, балаларға кеңірдекті тесіп, трахис­то­ма салып жүрді. Бір жылы балалар арасында дифтерия тарап, қатарынан бірнеше бала ауруханаға түскен сәтте уақытында трубка салып үлгере алмай, бір бала шетінеп кеткенін Болат Керейұлы арада қанша жыл өтсе де әлі күнге дейін өкінішпен еске алады. Ауыл ауруханасында рұқсат етілмеген оталарды жасау уақытында айқай-шу да тудырмай қоған жоқ. Бірақ бұл өз мамандығын сүйетін дәрігер үшін шыңдалу мектебі болды. Жас маман тәжірибе жинап, жан-жақты жетіле түсті.

Жалындаған жасты аңғарған бас­шы­лық оны аудандық ауруханаға бас дәрігер етіп тағайындады. Бұл Бо­лат­ты сүйікті мамандығы хирургия­дан қол үзуіне мәжбүр етті. Басшы ре­тін­де ұйымдастыру жұмыстарын да ұр­шық­ша иіріп ала жөнелген ол венгр дос­тарының көмектесуімен екі емхана салды, құлайын деп тұрған ауруха­на­ны орналастыру үшін балабақша ғима­ра­тына қол жеткізді, Құлсарыдағы екі жа­тақхананы жөндеуден өткізіп, тубер­ку­лез ауруларын емдейтін аурухана етіп жасақтады. Бұл ауруханалар күні бү­гінге дейін өкпе ауруымен ауыратын нау­қас­тарды емдеп келеді.

1989 жылы Ақтау қаласына көшіп келген Болат ұсынылған басшылық қыз­меттерден бас тартып, бірнеше жыл қол үзіп қалған хирургтік қыз­метін қайта бас­тауды жөн деп тапты. «Бәрін басынан бастау керек» деген оймен облыстық аурухананың қа­был­дау бөліміне жұмысқа орналас­ты. Сол жерден қолы шапшаң, сауатты жас жігітті көрген ота бөлімінің мең­геру­шісі Сүлеймен Бердәулетов оны өз бөліміне оташы ретінде жұмысқа алды. Болат Керейұлы Сүлеймен ағасын «менің жоғары санатты дәрігер болып қалыптасуыма ұстаз, басшы ретінде көп көмек берген адам» деп ризашылықпен атады. Елге болсын деп еңбек ету көп нәрсеге қол жеткізуге мұрындық болды. Бірін-бірі түсініп, бірін-бірі қолдаған қос дәрігер бұдан әрі бірлесе еңбек етті. Ма­ң­ғыстауға қажетті небір іргелі істерді ұйым­дастырып, халық ықыласына бө­лен­ді.

1990 жылы С.Бердәулетов ұсы­ны­сы­мен Маңғыстауда бұрын болмаған онкодиспансер бөлімшесі ашылып, іскер басшы, білікті дәрігер Б.Керейұлы аталған бөлім­шенің алғашқы меңгерушісі бол­ды. Маңғыстауда талай жыл жыр болып жуырда ғана іске қосылған Онко­ло­гия­лық ауруханаға көшкенге дейін облыс­тық ауруханада орналасқан 20 ке­реуеттік бұл бөлімше облыстың онко­ло­гиялық ауыртпалығын арқалап тұр­ды. Бөлімше жұмысын жолға қойып, өзі сынды болашағынан көп үміт күт­ті­ретін жалынды жас онколог дәр­ігер С.Шантеміровті Атыраудан ша­қыр­тып, бөлім тізгінін қолына ұстатқан Б.Керейұлы С.Бердәулетовпен бірге енді Маңғыстаудан эндоскопия бөлімін ашу үшін жұмыс істеді. Бұл да өңірде бұрын қалыптаспаған сала болатын. Тұрғындар саны жылдан-жылға артып, ауру түрлері де көбейіп келе жатқанын аңғарған қырағы қос дәрігер мәселенің алдын алуды, дер кезінде қимылдап, қажетті жұмыстарды шұғыл ұйымдастыруды қолға алды.

Біраз жүгіріс, тынымсыз еңбектің арқасында 1991 жылы өңірде эндоскопия бөлімшесі ашылып, мұның да алғашқы басшысы болып жұмысын үйлестіру Болатқа сеніп тапсырылды. Бір жылдан соң ол кеспей-ақ, экраннан қарап тұрып ота жасауды сол кезде қол­ға ала бастаған Америкада үйреніп, білі­мін жетілдірді. Қазақстандық мамандар үшін эндоскопиялық зерттеу жүргізудің жаңаруы, эндохирургиялық ота жасау ертегі сынды көрінді және алғаш шошқаларға ота жасап көрді. Тіпті сынақ-үйрену кезінде бірнеше шошқаны өлтіріп алғандары да есте. Америкада хирургияның эндохирургия пәнін оқып келген С.Бердәулетов екеуі 1993 жылы Маңғыстауда Қазақстан бо­­йынша бірінші рет науқастың өт жолына эндохирургия дәстүрімен ота жасап, жаңалық енгізді. Артынша Б.Керейұлы өңірде эндохирургия арқылы алғашқы гинекологиялық ота жасады. Сол кезде Ақтауда Болатсыз ота жасалмайтын еді деуге болады. Аппаратын арқалап ота жасалатын жерге алдымен Болат жетеді.

Ота жасаумен бірге ізбасар шәкірттер дайындауды да ұмытқан жоқ. Талай дәрігер Болаттан эндохирургияның қыр-сырын үйреніп, бүгінде облыс медицинасында іргелі жұмыстар атқарып жүр. Ең қызығы, Болат шетелдік аппаратты Мәскеуде сарыла бір ай күтіп, қа­ражаты таусылған соң көмекші жалдай алмай, оны жалғыз өзі тиеп, Маң­ғыс­­тауға әкелуі болды. Енді орнатайын десе, нұсқаулықтағы шетелдік жазу-сызу, кейбір бөлшектердің сәйкес келмеуі Болатты тағы біраз жүгіртті. Аппаратқа қат­ты қызыққан ол Ақтаудағы РМЗ зауы­тына барып, токарьларға кейбір бөл­шектерді жондырып, Мәскеуден екі еврей азаматын шақыртып, монтаж жасатты, ақыры қостырып, қолданысқа енгізді, алғашқы отаны жасады. Сол жылы желтоқсан айында М.Әлиевтің қа­тысуымен аппараттың тұсаукесер рә­сі­мі ұйымдастырылды. Отандық меди­ци­наға маңғыстаулық қос дәрігердің енгізуі­мен қолға алынған жаңа дәстүр қазір жаппай қолданыста, яғни бүгінде ота­лардың
80%-ы эндохирургиялық әдіс­пен жасала­ды.

«Біз бірінші эндоскопиялық ота жа­са­ған кезде ешқандай аппарат болған жоқ, Кеңес Одағынан қалған аппараттармен бастадық. Қазір мүмкіндік мол, қаржы болса, шетелдік аппараттың түрі көп. Бүгінде жапониялық «Олимпус», «Фьюджи» және германиялық «Шторц» фирмаларының құралдарын қолданып жатырмыз. Сондай-ақ Маңғыстауда эндоскопия бойынша өзгелерден қалыспай, өңеш, асқазан, он екі елі ішек, тоқішек, өкпе, кеңірдекше сынды тыныс жү­йе­лерін зерттеп, ота жасаймыз. Тәу­лік бойы жұмыстамыз деуге болады. Өйт­ке­ні асқазаннан, он екі елі ішектен немесе өкпеден, тоқішектен қан кету сынды күрделі жағдайларда науқас жанынан табылып, қанды тоқтатуға тырысамыз. Эндоскопиялық УЗИ, яғни эндос­коп арқылы жүректің бойын зерттеу жұмыс­та­рын дәрігерлеріміз жемісті бастап кетті. Қазір ісікті алу оталарын да жасап жүрміз. Бұрын ісіктерге мүшені кесіп жа­сасақ, қазір эндоскоп арқылы кеспей, нар­козсыз жасаймыз», дейді Маңғыстау облыс­тық ауруханасы Эндоскопия және функ­ционалды диагностика бөлімінің мең­герушісі Болат Керейұлы.

Науқас жандар сенделмей, бір жерден емделсін деген мақсатпен Болат басшылықтан қоймай сұрап, эндо­скопия, УЗИ – бәрін бір бөлімге шоғыр­лан­дырды.

2006 жылдан бері дәрігерлердің кәсіподақ ұйымын басқаратын ол түрлі шара­лар ұйымдастырып, дәрігерлердің бос уақытын тиімді өткізуін басты назар­да ұстайды. COVID-19 індетін ауыз­дықтауға қатысқан дәрігерлерге қолдау көрсетіп, арнайы орындарда демал­уы үшін сертификаттар беріп, көптің кө­ңі­лінен шықты. Жуырда зейнет­кер­лік­ке шығуды жоспарлап отырған Болат Керей­ұлының отандық, өңір медицинасын дамытудағы еңбегі зор. Бірақ оның осы уақытқа дейін ауыз толтырып айтар­лықтай марапатқа ие болмағаны өкі­нішті. 2009 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанған оған ең бастысы халық риза, ал марапат мәселесін құзырлы орындар ескереді деп ойлаймыз.

 

Маңғыстау облысы