Орталықты алдағы уақытта магнитті терапия және басқа да медициналық аппараттармен толықтыру жоспарланған. Емхана базасында сонымен қатар вирусологиялық зертхана үздіксіз жұмыс істейді. Мұнда өңірдің Отырар, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларындағы емдеу мекемелерінен алынған ПТР сынамаларына талдау жасалады. Нәтижелері орталықтандырылған жүйе арқылы азаматтардың жеке мәліметіне енгізіледі.
«Коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқыны басталған жағдайда емханалардың қызметі қалыпты жағдайда жалғаса береді. Санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәрігерлер тұрғындарды алдын ала жазылу бойынша қабылдайды. Ал COVID-19 белгілері бар науқастар бөлек есік арқылы сүзгі бөліміне кіргізіліп, жеке кабинетте тексеріледі. Вирус анықталған жағдайда амбулаториялық бақылау және емдеу жүргізіледі. Облыстағы барлық медициналық ұйымда індетпен күрес жұмыстары барынша күшейтілген», дейді Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев.
Коронавирус инфекциясының бірінші толқынында ауруханада 300-ден аса қызметкер жұмылдырылған болатын. Емдеу мекемесінде 320 төсектік орын провизорлық стационар қарастырылған. Қосымша 50 орындық инфекциялық бөлім ашу жоспарланған. Аурухана 81 оттегі тарату көзі, 16 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 70 оттегі концентраторы мен 70 пульсоксиметрмен толыққан. Стационарлық оттегі стансасы орнатылып, 2 айлық дәрі-дәрмек қоры және дезинфекциялық заттармен, жеке қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген.
Жалпы, бүгінде облыс орталығындағы медициналық мекемелер заманауи қондырғылармен жабдықталып, халыққа қызмет көрсету сапасы жақсара түскен. Мысалы, Түркістан қалалық балалар ауруханасында жыл басынан бері 800-ге жуық ота сәтті жасалды. Бұған дейін күрделі ота жасату үшін балаларға басқа ірі қалалардағы медициналық ұйымдарға жолдама беріліп келген. Емдеу мекемесіндегі материалдық-техникалық базаның жақсартылуы мен қызметкерлерінің арнайы кәсіби біліктілік арттыруынан отаның ауыр түрлері аурухана қабырғасында жасалуда. Мұнда жақын орналасқан Кентау қаласы мен Отырар, Бәйдібек аудандарының тұрғындары да ем қабылдайды. Осыдан 5 жыл бұрын қабырғасы қаланған 214 орындық аурухана базасы заманауи компьютерлік томография, цифрлы рентген, ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен толық қамтамасыз етілген.
«Емдеу мекемесінің сағатына 8 текше метр оттегі шығаратын жеке оттегі стансасы бар. Қалалық балалар ауруханасына оның 1 текше метрінің өзі жеткілікті. Артығымен өндірілетін болғандықтан, басқа ауруханаларға таратуға мүмкіндігіміз бар. Қосымша 19 оттегі концентраторы орнатылған», дейді қалалық аурухананың бас дәрігері Әбдішүкір Егізбаев.
Ауруханада хирургия, неврология, жүрек ауруларын емдеу сынды 12 бөлімше бар. Барлығы да қажетті дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Білікті дәрігерлер құрамы қазір 200-ге жуық балаға емдік қызмет көрсетуде.
Өңірде сондай-ақ COVID-19 инфекциясын анықтауға бейімделген зертханаларда қосымша жаңа BIO-rad аппараты іске қосылып, әрқайсысында сынама алу қауқарлығы 500-ге жетті. Осылайша, облыс аумағындағы барлық зертхананың тәулігіне 5 мың сынама алу мүмкіндігі бар. Өңірде 10 зертхана жұмыс істейді.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, коронавирус инфекциясының ықтимал белең алу жағдайлары ескеріле отырып, медициналық ұйымдарда 6 мыңнан аса орынмен қамту қарастырылған. Көрші елдермен шекаралас Сарыағаш пен Мақтаарал аудандарында 100 карантиндік стационарлық орындар дайын.