Тарих • 03 Қараша, 2020

Қазақ халқының жанашыры

1188 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде: «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз» деген болатын. Үндеудегі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың қатарында Тұрар Рысқұловтың да есімі аталып өтті.

Қазақ халқының жанашыры

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде мемлекет қайраткері, қазақ халқының біртуар азаматы Тұрар Рысқұловтың өмірі мен саяси қызметіне байланысты құнды құжаттар сақталған. Олар №139 «РК(б)П Қырғыз (қазақ) об­лыстық комитеті», №141 «РК(б)П Қазақ Өлкелік комитеті», №708 «Қазақ­стан Коммунистік партиясы Ор­та­лық комитеті», №811 «Қазақстан Ком­му­нистік партиясы Орталық комитеті жа­нын­дағы Партия тарихы институты», №896 «Фотоқұжаттардың архивтік коллек­циясы» қорларында кездеседі.

Архивте сақталған Т.Рысқұловтың жеке ісінде оның жеке іс парағы, пар­тиялық билеті, қысқаша өмірбаяны, РК(б)П мүшелерінің Бүкілресейлік са­нағындағы сауалнамасы, лауазымды қызметтерге тағайындалуы туралы бұй­рықтар мен қаулылар топтастырылған.

Оның өмірбаяны туралы №141
«РК(б)­ П Қазақ Өлкелік комитеті» қоры­ның 16-тізімдемесі №734 ісінде сақ­талған жеке істе келесідей мәліметтер көр­сетілген: Тұрар Рысқұлов 1894 жылы (пар­тиялық билетінде 1893 жылы туған деп көрсетілген) Жетісу облысы, Верный уезінде дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Ана тілі – қазақ тілі. Сөйлеп, жаза алатын басқа да тілдер – орыс тілі және бірнеше түркі халықтарының тілі. Әлеуметтік жағдайы – шаруа-көшпенді. Мамандығы – бағбан. Отбасы құрамы – әйелі, екі баласы бар. Білімі – орта.

1907-1910 жылдары Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектебінде, 1910-1914 жылдары Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебінде оқып, оны бау-бақша өсіруші мамандығы бо­йынша бітірген.

Қазақстан Республикасы Президен­тінің Архивінде Т.Рысқұловтың қоғамдық саяси қызметіне байланысты стенограммалар, баяндамалар, ақпараттар, тезистер, хаттар, анықтамалар және т.б. құжаттар да сақталған. «Қазақстан Ком­мунистік партиясы Орталық комитеті жа­нындағы Партия тарихы институты» №811 қорының 16-тізімдемесі №725 ісінде, 1918-1920 жылдары Т.Рысқұлов Түркістандағы аштықпен күресуге белсенді қатысқаны туралы айтылады. 1918 жылы 28 қарашадағы Түркістан Автономиялық Республикасы Орталық атқару комитетінің өкімімен Аштықпен күрес жөнінде Орталық комиссия құрылып, Т.Рысқұлов сол комиссияның төрағасы болып тағайындалады. Ол басшылық еткен комиссия Түркістан Республикасының 19 уезі мен қаласында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашты.

Т.Рысқұлов 1920 жылы Өлкелік мұ­сылман бюросының төрағасы қыз­метін атқарып жүрген кезінде Түркі халық­тарының коммунистік партиясын құруға тырысады. 1920 жылы қаңтарда өткен коммунист-мұсылмандардың ІІІ Өлкелік конференциясында тек қана жергілікті халықтардан құралатын дербес «Түркі рес­­публикасын» және «Түркі ком­мунистік партиясын» құру туралы резолюция қабылданады.

1920 жылы 1 наурызда өткен РК(б)П Өлкелік комитеті, РК(б)П ОК Түркістан комиссиясы және Бүкілодақтық атқару комитеті мен Түркістан Автономиясы Орталық атқару комитеті Президиумының біріккен отырысында Т.Рысқұлов Түр­кістан Автономиясы Орталық атқару комитетінің қызметі туралы айта келе: «Егер біз мұсылмандардан Шығыс рево­лю­циясының авангардын жасағымыз келсе, онда сырттан келгендер емес, мұ­сылмандар өз-өздерін басқара білуі керек» – дейді (ҚР ПА. №811-қор, 16-тізімдеме, №725 іс).

1921-1922 жылдары РКФСР Ұлттар ісі жөніндегі Халық комиссарының орынбасары ретінде Т.Рысқұлов ұлттар саясатына байланысты келесідей мәселелерді көтереді: 1) ұлттық армия құру; 2) ұлттық партия құру; 3) басқыншы-отаршыл ретінде келген қоныстанушыларды елден шығару немесе олардың жерді пайдалану құқықтарын шектеу; 4) барлық Шығыс халқын бір жағынан батыстық-еуропалық капитализмнен, екінші жағынан Кеңестік Ресейдің саяси ықпалынан азат ету. 

№139 «РК(б)П Қырғыз (қазақ) облыстық комитеті» қорының 1-тізім­демесі №449 ісіндегі дерек бойынша, 1922 жылы 27 қаңтарда  РК(б)П Қырғыз (қазақ) облыстық комитеті жауапты пар­тия қызметкерлерінің қатысуымен өткен отырыста Т.Рысқұлов «Ұлттық саясат туралы» баяндама жасайды. Бірақ, 1922 жылы 14 ақпанда РК(б)П Кыр­ғыз (қазақ) бюросының жауапты пар­тия қызметкерлерімен бірге өткен кеңей­тілген отырысында оның ұлт­тық мәселелер бо­йынша тезисі сынға ұшы­райды.

Кейінірек, Филипп Голощекиннің төрағалығымен 1926 жылы 18 желтоқ­санда өткен Қазақ Өлкелік комитеті бюросының, БК(б)П Өлкелік бақылау комиссиясы Президиумының және Халық комиссарлар кеңесі мен Қазақ Орталық атқару комитетінің біріккен отырысында «Т.Рысқұловтың төрағалығымен Мәс­кеуде өткен Бүкілодақтық атқару комитеті мен КСРО Орталық атқару коми­тетінің мүшелері – ұлтшылдардың жиналысы туралы» мәселе қаралады (ҚР ПА. №141-қор, 1-тізімдеме, №489 іс).

1927-1930 жылдары ол Түркістан-Сібір темір жолының салынуына же­тек­шілік жасайды. РКФСР Халық Комис­сарлар Кеңесі жанындағы Түрксіб құры­лысын қолдау комитетінің төрағасы қыз­метін атқарады. «Фотоқұжаттардың ар­хив­тік коллекциясы» №896 қорында оның 1927 жылы 2 қарашадағы Түр­ксіб құрылысшыларының Оңтүстік бө­лігіндегі құрылыстың басталуына байланысты Луговой бекетіндегі, Ай­на­­бұлақ стансасындағы темір жол құ­рылысының аяқталуына байланысты митингіде сөз сөйлеу сәтінде түскен су­реттері сақталған.

Т.Рысқұловтың саяси-қоғамдық қыз­метіне байланысты №141 «РК(б)П Қазақ Өлкелік комитеті» қорының 1-тізімдемесі №6403 ісінде сақталған құжаттардың бірі – оның БК(б)П ОК хатшысы И. Сталин мен БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің бірін­ші хатшысы Л.Мирзоянға жазған хаттары.

1932 жылы 29 қыркүйекте Т.Рысқұлов  БК(б)П  ОК хатшысы И.Сталинге Қа­зақ­стандағы мал шаруашылығының жағ­дайы және ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеушілік жөнінде хат жазған. Атал­ған хатта ол Қазақстанда мал саны 1928 жылы  32 миллион бас болғанын (кейбір мәліметтер бойынша 40 мил­лион), 1932 жылы ақпан айында жүргізілген бүкілодақтық мал санағының есебі бойынша мал санының 5 миллион 397 мың басқа дейін, яғни 83%-ға дейін кемігенін баяндайды. Мал саны кемуінің бас­ты себебі ретінде малдың жаппай со­йыл­уы мен ұжымдастырудағы асыра сілтеу­шілікті көрсетеді. Хаттың соңында 1932 жылы ақпан айында жүргізілген Бүкіл­одақтық мал санағы бойынша Қазақ­стандағы мал санының кестесі қоса бе­ріл­ген.

1933 жылдың 9 наурыздағы оның И.Сталинге жазған келесі хатында Қа­зақстандағы ашаршылық пен босқын қа­зақтардың жағдайы баяндалған. Мұнда ашаршылық пен эпидемияның салдарынан босып көшкен қазақтардың ауыр жағдайы туралы былай деп жазады: «Қазақстанға көрші орналасқан ай­мақтардан алынған соңғы мәліметтер бойынша, ондағы босқын қазақтардың саны: Орталық Еділде – 50 мың адам, Қыр­ғызстанда – 100 мың адам, Батыс Сібірде –  50 мың адам, Қарақалпақстанда – 20 мың адам, Орта Азияда – 30 мың адам. Босқындар сонымен қатар, алыс­та жатқан Қалмақия, Тәжікстан, Сол­түстік өлкелерге және т.б. жерлерге бар­ған. Халықтың бір бөлігі байлармен бірге Батыс Қытайға босып көшкен. Қазақ­тардың орталық аудандарға босып көшуі сияқты мұндай жағдай Қазақстанда бірінші рет орын алып отыр. Бұл жай ғана көшу емес (малы бар болған жағдайда жазда алыс емес аумаққа көшетін), аш­тыққа ұшыраған адамдардың ішетін тамақ іздеп босуы. Босып көшу жекелеген аудандарда жалпы халық саны­ның 40-50%-на дейін жетті... Өткен жыл­ғы көктемде қазақ аудандары мен бос­қындардың арасында аштық пен эпидемия салдарынан өлім-жітім көп болды... Жер­гілікті органдардың мәліметтері бо­йынша Торғай мен Бетбаққара аудандарында халықтың 20-30%-ы қайтыс болды және қалған халықтың басым бөлігі босып кетті. Шалқар ауданындағы біраз ауыл­дарындағы халықтың 30-35%-ы қайтыс болған... Қарқаралы ауданында 1932 жылы мамыр айында 50 400 адам болған, қараша айында 15 900 адам қалды және аудан орталығында күніне 15-20 адам қайтыс болады».

1933 жылы 9 қыркүйекте Т.Рысқұлов БК(б)П  Қазақ Өлкелік комитетінің бірін­ші хатшысы Левон Мирзоянға Қазақстанмен шекаралас Ортаңғы Еділ­дегі, Батыс Сібірдегі 30 000 қазақ бос­қынын тұрақты жұмыспен қамту туралы хат жазған. Сондай-ақ хатта оның 1933 жылы 13 шілдедегі өкімімен бос­қын қазақтарды тамақтандыру үшін 16 елді мекенде (Ақтөбе, Орынбор, Ор, Қарталы, Челябинск, Пермь, Қос­танай, Свердловск, Кинель, Уфа, Сызрань, Пенза, Ряжск, Мәскеу, Рузев­ка, Попорино) тамақтандыру пункті ашыл­ғаны және онда 50 000 адам азық-түлік­пен қамтамасыз етілгені баяндалған.

1937 жылы 21 мамырда Т.Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынып, 1938 жылы 8 (10) ақпанда ату жазасына кесіледі.  «Қазақстан Коммунистік партиясы Орта­лық комитеті жанындағы Партия тарихы институты» №811 қорында сақталған өмірбаяндық анықтамалардың бірінде оның 1943 жылы қайтыс болғандығы туралы мәлімет кездеседі.

КСРО Жоғарғы Соты әскери колле­гия­сының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды (ҚР ПА. №708-қор, 46-тізімдеме, №165 іс.).

        

Жасұлан ӨЗБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Президенті

Архивінің сарапшысы