Аймақтар • 03 Қараша, 2020

Көлік шығынын кім өтейді?

155 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматының Ақсай шағын ауданында орналасқан көлік жөндеу орталығында жарылыс болып, бір азаматты жеңіл дәрежеде күйік шалды. Оқиға салдарынан жөндеу орталығында тұрған тоғыз көліктің тамтығы қалмай жанып кеткен. Қара жаяу қалған көлік иелері шығынды кім өтеп береді деп дал.

Көлік шығынын  кім өтейді?

Тілсіз жаудың неден туын­да­­­ға­ны әзірге анықталып жатыр. Бол­­­жам бойынша, нысандағы май тол­­­тырылған бөшкелер от­тың қы­зу­­ына шыдас бермей жа­рыл­ған. Оқиға орнына жеткен 60 арнаулы қыз­меткер мен 13 техника қызыл жалынмен түн жа­рымына дейін ар­палысқан. Темір жабындылардан жасалған ангардың аумағы бет қаратпас ыстық болғандықтан өртті ауыз­дық­­тау оңайға соққан жоқ. Тө­тен­­­шеліктер келгенге дейін то­сын апат­қа тосқауыл болсам деген Олег есім­ді азаматтың өзі де өртеніп кете жаздаған. Абы­рой болғанда, де­несін жеңіл ғана өрт ша­лыпты.

Түгі қалмай жанып кеткен то­­ғы­з көліктен бөлек нысанның сырт­­­қы аумағында тұрған тағы үш те­мір тұлпар да зардап шеккен. Бірақ екі көліктің иесі арыз-ша­­­ғым жазудан бас тар­тыпты. Оқи­ға орын алған аумақ­ты тор­уыл­­­дап жүрген көлік иеле­рі­нен ұй­қы қашқан. Зардап шеккен ең қым­­­бат көліктің құны 10 млн, ал ең арзан дегені кемінде 2 млн тең­ге тұрады.

Техникалық орталыққа теже­гі­­шін жөндетуге келіп, аяқ асты жер сипап қалған Бақтыбай Сұлтан­баев көлігін несиеге алыпты. Тұ­рақ­ты жұмысы жоқ азамат, осы темір тұлпарымен адам та­сы­­малдап бала-шағасының нан-тұзын ажыратып отырған. «Көз алдымда көлігім көкке ұш­ты. Сақтандыру компаниясы­на ха­барлассам, біз тек жол кө­лік оқи­­ғасы болған жағдайда ғана шы­­ғынды өтеп бере аламыз де­ген­ді айтады. Несиеге алған­­дық­тан банкке де телефон соқ­тым. Олар да ешқандай жеңіл­дік жасай алмайтындарын мәлім­деді. Жөн­деу орталығы шығы­нды бір­ден өтеп бере алады деге­нге сену қиын. Мұнда да нысанды жалға алып өзіміз секілді жан бағып жүр­­ген жандар», дейді Бақтыбай Сұлтанбаев.

Тоғыз көліктің иесі Әуезов ауда­­нына қарасты төтенше жағ­дай­­лар бөліміне арыз жазған. Құ­зырлы орынның басшысы Айдар Сқабаевтың сөзінше, зерттеу қо­ры­тындысы 10 күннен кейін ғана дайын болады. Нақты кел­ген шы­ғ­ын көлемі де зерттеу жұ­мыс­та­ры жүр­­гізілгеннен кейін анық­талмақ. Қо­­рытынды дай­ын бол­ғаннан ке­йін іс сотқа жі­бе­рі­леді.

Статистиканы сөйлетсек, жыл сайын ел аумағында 2 мыңнан ас­там автокөлік өртенеді. Бұл өрттердің жалпы саны­ның 20%-ын құрайды. Көп жағ­дайда апат электр сым­да­ры­ның тозуы мен жөндеу орта­лық­тарындағы дәнекерлеу жұ­мыс­тарын жүргізу кезінде өрт қауіп­сіз­дігі ережелерін өрес­кел бұзу сал­дарынан туындай­тын көрінеді. Қаса­қана өрт қою фак­ті­лері де ста­тис­тиканы то­лық­тыруда.

Есте болса, өткен жылы газ бал­лон жабдықтарымен жаб­дық­тал­ған көліктердің жабық тұрақ­тар­­ға кіруіне тыйым салу туралы тиісті заңнамаға толықтырулар енгі­зілген болатын. 2019 жылғы 13 желтоқсандағы Үкіметтің №921 қаулы­сына сай тұрғын үйлерге және қоғамдық ғимараттарға кірік­­тірілген және жапсарлас са­лын­­ған автотұрақтарға өрт қа­уіп­­сіздігі қағидаларына сай газбен жүретін көліктерді қою­ға рұқсат жоқ. Бұл талап­тар мем­­ле­ке­таралық және Ұлт­тық құ­­ры­лыс нормаларында көздел­ге­нін атап өту қажет. 550 мың көлік ресми түрде тіркелген мега­по­лис­те газбен жүретін көліктер саны жыл санап артып келеді. Үнем­ді әрі эко­логиялық тұр­ғы­дан тиімді болғанымен мұндай көлік­тердің өртке бейім болатыны маман­дар та­ра­пынан аз айтылып жүрген жоқ. Осы тұста жоғары­да біз айт­қан талаптың қалай қада­ға­ла­нып жатқаны баса назар аударуды қажет ететіндей.

 

АЛМАТЫ