Іс-шараға өңірдегі "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігі мен "Қайырымды жандар" тобының волонтерлері үн қосып, пробация қызметкерлерімен сотталған азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету жолдарын талқылады. Ал, волонтерлермен кездесу кезінде бас бостандығынан айрылып, шартты жазаға ауыстырылған азаматтар өз бастарынан өтіп жатқан қиындықтармен бөлісті. Соның ішінде қоғамға қайта бейімделу кезінде алдарынан шығатын моральдық-психологиялық, әлеуметтік кедергілер туралы ашық пікір білдірді.
Кездесуден соң "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігі мен "Қайырымды жандар" волонтерлік тобы Алматы ауданының пробация қызметінде есепте тұрған мұқтаж отбасыларға киім-кешек таратты.
Аталған іс-шара 2020-2025 жылдарға арналған қоғамдық құқық бұзушылықтардың алдын-алу жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарының 12-тармағына сәйкес өткізілді. Іс-шара Алматы аудандық пробация қызметінің "Шаңырақ" және "Қайырымды жандар" қоғамдық бірлестіктерімен жасасқан меморандумы аясында ұйымдастырылды.
"Сотталған азаматтар мен волонтерлер кездесуін ұйымдастырудың негізгі мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға қолдау көрсету, қоғамның қолдауына мұқтаж жандардың өмірде өз жолдарын табуына көмектесу, ортаға бейімделіп кеткенше қайта қылмыс жасауына жол бермеу. Осы ретте пробация қызметкерлері сотталған азаматтарымыздың түзелуі жолында әрдайым көмек көрсетуге дайын", дейді Ақтөбе қаласы Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Досжан Турин.