ПТР зертханасына 4 мың адамға ковидті тексеретін реактивтер келді. Алматы қаласынан әкелген медициналық жабдықтардың монтаждау жұмыстары 26 қазанда басталды.
– Мұнда білікті мамандар, медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Бұл зертхананың ерекшелігі тек ковидке қарсы тест жасалып қана қоймай, өзге де талдамалар, лабораториялық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ көпбейінді аурханаға 45 оттегі нүктесі тартылды. Енді баллонды тасымай-ақ перзентханаға, терапиялық корпусқа, инфекциялық ауруханаға және жансақтау бөліміне оттегі тетіктерін алуға мүмкіндік бар, – дейді С.Танаева.
Мамандардың айтуынша, екінші толқын бола қалған жағдайда қала сыртындағы 9 шақырым қашықта орналасқан ауданаралық туберкулез диспансерінде 100 адамға арналған төсектік-орын мен қорғаныш құралдары дайын. Бүгінде туберкулез диспансерінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалада аурудың азаюына байланысты енді жедел-жәрдем стансасы 31 желтоқсанда сол ғимаратқа көшпек.
Жалпы, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Л.Есенғалиеваның айтуынша, індеттің ықтимал келесі толқынына дайындық аясында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аймақ бойынша 215 инфекциялық төсектік-орын мен 9 стационар бар. Бұдан бөлек тағы 11 стационар мен 1 835 кереует қолданысқа әзір. Барлық техника, мүлікпен қамтылған бұл орындар резервте тұр.
– Қазіргі уақытта біздің облысымызда ПТР-тестілеумен айналысатын 5 зертхана бар. Бірі – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшікте. Барлығы қоса алғанда, бұл зертханалар бір тәулікте 3 700 ПТР-зерттеу жүргізуге қауқарлы, – дейді Л.Есенғалиева.
Сондай-ақ тағы бір инфекциялық аурухананың қолданысқа дайындығы 95% деп бағалануда. Ғимаратқа КТ, УЗИ, рентген құралдары қойылған. Бұдан өзге жыл соңына дейін 100 орындық қалалық көпбейінді аурухана ашылады деп күтіліп отыр. Коронавирустың болжамды келесі толқынын қайтаруға 2 700 медициналық қызметкер дайындықтан өткізілді. Олардың тізімі бекітілген. Әр апта сайын басқа аймақтардағы ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамымен онлайн-сабақтар өткізілді.
Қарағанды медициналық университетінің профессорлық-оқытушылар тобы аймаққа келіп кеткені мәлім. Олар КВИ-ге қатысты емдеу протоколдарын түзуге белсене атсалысты. Сәйкесінше, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында дәрігерлер үшін біліктілік арттыру семинарлары өткізілді. Сондай-ақ індеттің ендігі толқынына тосқауыл қою мақсатында Маңғыстау өңіріне екі жылжымалы медициналық кешен жеткізілген. Олар шалғай елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетеді. Тағы 20 реанимобиль көлігін бөлу жұмыстары жалғасуда. Қоймаларда бірреттік және көп рет қолданылатын медкостюмдер, қолғаптар, бетперделер, медхалаттар мен көзілдіріктер секілді жеке қорғаныс құралдарының 2 айға жететін қоры құрылып, 3 млн бетперде сатып алынды. Жағдай қиындай қалса, олар жергілікті дәріханаларға жеткізіледі. Сондай-ақ Маңғыстауда КВИ-дің келесі толқынына әзірлік аясында 70 мың адам тұмауға қарсы екпе алады деп жоспарланған. Бүгінде 90%-ына екпе салынды. Олардың басым көпшілігін жүкті әйелдер, жиі ауыратын тұлғалар мен есепте тұрған азаматтар құрайды.
Маңғыстау облысы