Медицина • 03 Қараша, 2020

Жаңаөзенде – жаңа ПТР зертханасы

143 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңаөзендегі көпбейінді аурухананың жанынан ПТР зертхана ашылды. Мұнда енді тәулігіне 200-ге дейін тест сынамасын тапсыруға мүмкіндік бар. Жаңаөзен қалалық денсаулық сақтау саласының үйлестірушісі Сәнім Танаеваның айтуынша, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті мұнай мекемесінен 89 млн теңге бөлінген.

Жаңаөзенде – жаңа ПТР зертханасы

ПТР зертханасына 4 мың адамға ковидті тексеретін реактивтер келді. Алматы қаласынан әкелген медициналық жабдықтардың монтаждау жұмыстары 26 қазанда басталды.

– Мұнда білікті мамандар, медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Бұл зерт­хананың ерекшелігі тек ковидке қарсы тест жасалып қана қоймай, өзге де талдамалар, лабораториялық зерт­теу­лер жүргізіледі. Сондай-ақ көп­бейінді аурханаға 45 оттегі нүктесі тар­тылды. Енді баллонды тасымай-ақ пер­зентханаға, терапиялық корпусқа, инфекциялық ауруханаға және жан­сақтау бөліміне оттегі тетіктерін алуға мүмкіндік бар, – дейді С.Танаева.

Мамандардың айтуынша, екінші толқын бола қалған жағдайда қала сыр­тындағы 9 шақырым қашықта орналасқан ауданаралық туберкулез диспансерінде 100 адамға арналған төсектік-орын мен қорғаныш құралдары дайын. Бүгінде туберкулез диспансерінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалада аурудың азаюына байланысты енді жедел-жәрдем стансасы 31 желтоқсанда сол ғимаратқа көшпек.

Жалпы, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Л.Есенғалиеваның айтуынша, індеттің ықтимал келесі толқынына да­йын­дық аясында жұмыстар жүргі­зілуде. Қазіргі таңда аймақ бойынша 215 инфекциялық төсектік-орын мен 9 стационар бар. Бұдан бөлек тағы 11 стацио­нар мен 1 835 кереует қолданысқа әзір. Барлық техника, мүлікпен қамтылған бұл орындар резервте тұр.

– Қазіргі уақытта біздің облысымызда ПТР-тестілеумен айналысатын 5 зертхана бар. Бірі – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшікте. Барлығы қоса алғанда, бұл зертханалар бір тәулікте 3 700 ПТР-зерттеу жүргізуге қауқарлы, – дейді Л.Есенғалиева.

Сондай-ақ тағы бір инфекциялық аурухананың қолданысқа дайындығы 95% деп бағалануда. Ғимаратқа КТ, УЗИ, рентген құралдары қойылған. Бұ­дан өзге жыл соңына дейін 100 орын­дық қалалық көпбейінді аурухана ашылады деп күтіліп отыр. Коро­навирустың болжамды келесі тол­қынын қайтаруға 2 700 медициналық қызметкер дайындықтан өткізілді. Олардың тізімі бекітілген. Әр апта са­йын басқа аймақтардағы ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құра­мы­мен онлайн-сабақтар өткізілді.

Қарағанды медициналық универ­ситетінің профессорлық-оқытушылар тобы аймаққа келіп кеткені мәлім. Олар КВИ-ге қатысты емдеу протокол­дарын түзуге белсене атсалысты. Сәйкесінше, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында дәрігерлер үшін біліктілік арттыру се­ми­нарлары өткізілді. Сондай-ақ індет­тің ендігі толқынына тосқауыл қою мақсатында Маңғыстау өңіріне екі жыл­жымалы медициналық кешен жеткізілген. Олар шалғай елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетеді. Тағы 20 реанимобиль көлігін бөлу жұмыстары жалғасуда. Қоймаларда бірреттік және көп рет қолданылатын медкостюмдер, қолғаптар, бетперделер, медхалат­тар мен көзілдіріктер секілді жеке қорғаныс құралдарының 2 айға жететін қоры құрылып, 3 млн бетперде сатып алынды. Жағдай қиындай қалса, олар жергілікті дәріханаларға жеткізіледі. Сондай-ақ Маңғыстауда КВИ-дің келесі толқынына әзірлік аясында 70 мың адам тұмауға қарсы екпе алады деп жоспарланған. Бүгінде 90%-ына екпе салынды. Олардың басым көпшілігін жүкті әйелдер, жиі ауыратын тұлғалар мен есепте тұрған азаматтар құрайды.

 

Маңғыстау облысы