Қазақстан • 03 Қараша, 2020

Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту

2104 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлінің күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгендігіне Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында атап өткені белгілі. Осы орайда белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігі де айтылған-ды.    

Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының" тапсырысына орай "Лұғат" қоғамдық қоры үкіметтік емес ұйымдардың қызметінде мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру  мақсатында еліміздің 6 өңірінде ҮЕҰ қызметкерлеріне оқыту семинарларын ұйымдастырған болатын. Осы игі шараны қорытындылауға байланысты өткен жиында Алматы қаласы әкімі аппараты Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет бүгінде қоғам тарапынан қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту туралы мазмұнды ұсыныстардың жиі көтеріліп жатқандығына тоқталды.

Тіл инспекторының айтуынша, тіл туралы заңымызды алға тарта отырып, отырыс-жиындарымызды қазақ тілінде бастап, орыс тілінде жалғастырып кетудің кезеңі кетіп бара жатқандығын, көзбояушылықпен қоғамның келіспейтіндігін алға тартты. Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде тіл жанашырларының осы бағытта көтеріп отырған ұсыныс-пікірлері орынды. Яғни, ана тіліміздің кеңінен қанат жаятын кезі келгендігін уақыт өзі көрсетіп отыр.  

"Лұғат" қоғамдық қорының басшысы Бижомарт Қапалбектің айтуынша, еліміздегі түрлі бағыттағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қолдау және жандандыру мақсатында жүзеге асқан мемлекеттік тілді ілгерілету семинарларына Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы, яғни әр өңірден 50-ден маман қатысып, іс қағаздарын қазақша жүргізуді үйренген. Оқыту тәжірибесінің маңыздылығы тұрғысында ойларын ортаға сала келе Б.Қапалбек «Дегенмен де, соңғы жиырма жыл ішіндегі көкейкесті мәселелер әлі күнге шешімін таппай келеді» деп қынжылады.  Себебі, тіл үйренуге ықылас-пейілсіз, немқұрайды қараушылықтың салдарынан амалсыз оқып жүргендер бар. Өйткені, іс қағаздарын қазақша жүргізу мұндай ұйымдарға керек те емес. Олардың көпшілігінде орыс тілді азаматтар басшылық ететіндіктен, тегін оқытамыз дегенге иіле қоюы да екіталай. Ары қарай мемлекеттік іс қағаздарын қазақша жүргізіп кетеді дегенге де сенім аз. Ал оның себеп-салдары өте тереңде жатыр. Сондықтан да тілдің жағдайы қауіпсіздік және де шекара мәселесі сияқты мемлекеттің пәрменімен қорғалуы қажет.

Пікірталас алаңында белгілі саясаткер Дос Көшім өркениетті елдердегі заңдарды мысалға келтіре отырып, елімізде тіл төңірегінде қалыптасқан ахуалға тоқталды. Саясаткердің айтуынша, азаматтардың мемлекеттік тілді білуін заң арқылы талап ету демократия, адамдардың құқығы мен еркіндігіне қайшы келмейді. Сондықтан да бүгінгі қоғам алдына қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі қойылып отыр. Тілді қолданбаса, ол қажетсіз болса, тіл жойылады. Ел іргесін тіктеген жылдан бергі аралықта қаншама қазақ мектептері ашылды, қаншама қазақтың баласы қазақ тілінде білім алды. Бірақ қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте алдық па? Қоғамды алдарқатып келген жалған статистикалармен бетпе-бет келгенде қарапайым ас мәзірінің қазақ тілінде жазылаймайтындығына көз жеткіздік. Тілді таңдау адам құқығына байланысты. Заң болсын, болмасын қоғамның тілдің қолдану аясын талап ететін кезі жетті. Д.Көшім осы орайда Балтық жағалауы елдерінің тәжірибесін мысалға алды. Өткен ғасырдың 90-жылдарында тіл мәселесін көтерген Балтық жағалауы елдеріндегі орыс тілділер бүгінде эстон, латыш тілдерінде еркін сөйлейтін жағдайға жетті.

Ендігі кезекте қоғамда тілді қолданудың заңды негіздері талап етілмек. Ал тіл туралы заңның өзі екі ұшты. Бірақ қазақ тілділер "мен қазақ тілінде сөйлеймін", "қазақ тілінде жазғанды талап етемін" дейтін болса, билікте отырған әрі отыз жылға жуық уақытта тіл үйренбегендер үшін қиындықтар туындайды. Сондықтан да қазақ тілділер қазақша жауап беріп, қазақ тілді ортаның бар екеніне, оның қажеттілігіне орыс тілінде сөйлейтін қалың көпшіліктің көзін жеткізуі керек.

Жиын барысында Алматы қаласы әкімдігінің, аудан әкімі аппараттары тілдерді дамыту мәселелеріне жауапты мамандар, үкіметтік емес ұйымдар және тіл мониторингі тобының мүшелері, белгілі тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері мемлекеттік тілдің қолданысын аясын кеңейтуге байланысты ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Сонымен бірге республикалық немесе жергілікті бюджет қаржысы есебінен өткізілетін тегін семинарлар мен оқу курстарына қатысу, құжаттарды ресімдеу, қызмет көрсетудегі мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі, құқықтық негіздер мен заңнамалық талаптарды жетілдіру мәселелерін де назарға алды.  

АЛМАТЫ