Аймақтар • 03 Қараша, 2020

Б.Сағынтаев: Учаскелік полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру қажет

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың полиция департаментінің басшылығымен онлайн-кеңес барысында жергілікті полиция қызметі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz

Б.Сағынтаев: Учаскелік полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру қажет

Кеңес барысында полицияның учаскелік инспекторларының жұмыс нәтижелері тыңдалды. Қалада 491 учаскелік инспектор мен олардың 102 учаскелік көмекшісі қызмет етеді. 102 учаскелік пункт жұмыс жасайды. Өткен жылы Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша криминогенді аймақтарға 37 модульдік полиция бекеттері орнатылды, оларға ағымдағы жылдың басынан бері 40 мыңға жуық өтініш түскен.

Жыл басынан бері учаскелік инспекторлар 5 мыңнан астам қылмысты ашып, қала тұрғындарының 370 мыңнан астам шағымдары мен арыздарын қарады. Әкімшілік жауапкершілікке 61,6 мың азамат тартылды.

Алматы әкімі Б.Сағынтаев құқық бұзушылықты болдырмау, оның ішінде тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Кеңес барысында учаскелік полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту, учаскелік полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мәселелері қаралды. Сондықтан дамудың кешенді бағдарламасын қабылдау қажет.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту міндеті алға қойылды, өйткені қала тұрғындарының жайлылығы мен тыныс-тіршілігі осыған тікелей қатысты.

Кеңесте аудандар полиция басқармалары учаскелік инспекторларының нәтижелі жұмыстары атап өтілді.