Руханият • 04 Қараша, 2020

Ұлт руханиятының ұстыны

933 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақа­ласы осыдан екі жыл бұрын жарияланған болатын. Бұл еңбек әлеуметтанушы ғалымдар мен халықаралық сарапшылар тарапынан қоғамды рухани жаңғыруға бағыттаған бағдарламалық ұстын ретінде жоғары бағаланды.

Ұлт руханиятының ұстыны

Сонымен қатар, аталмыш жазбадан бір жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаланың жал­ғасы ретінде мойындалумен қатар, Ұлы дала тарихын еуроцен­тристік көзқарастан арылту жо­лында «Ұлт тарихындағы кеңіс­тік пен уақыт» ұғымы аясында: «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы да­ладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түр­кі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтар отаны» тақы­рып­тарын қамтып, ұлт тарихы жа­йында философиялық һәм прак­ти­калық мәні бар ойлар айтылуы­мен құнды болды.

Сондай-ақ, мақаланың екінші бөлімі «Тарихи сананы жаңғырту» бағытында: «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түр­кі әлемінің генезисі», «Ұлы дала­ның ежелгі өнер және техноло­гиялар музейі», «Дала фольк­лоры мен музыкасының мың жы­лы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» та­қы­рыптары аясында, толғамды ой, толымды ұсыныс, тың идеяның бағыт-бағдарын айқындап берген еді.

789

Атап айтқанда, Халық әртісі, Қазақ­станның Еңбек Ері Асанәлі Әші­мов Елбасы мақаласы мемлеке­тіміздің, хал­қы­мыздың алдында тұрған міндеттер мен парызымызды дөп басып көрсетіп берді десе, тарих ғылымдарының док­торы Талас Омарбеков: «Біздің қа­зақ халқының тарихы әлі де жүйеге түс­пеген, әртүрлі бөтен концепциялар­мен шұбарланған, нақтырақ айтар болсақ, еуроцентристік бағытта кетіп, өзіндік бағдарынан адасқан, сондықтан да едәуір шатасқан тарих. Олай дейтін се­бебіміз, күні бүгінге дейін қайталанбас өлке – Ұлы даланың ежелгі және ор­тағасырлық тарихын баяндаудың еш­кімге ұқсамайтын өзіндік іргетасы әлі қалана қойған жоқ. Осыны тап бас­қан Елбасының мақаласы бізге мем­ле­кет құрудағы таңғажайып тарихи ерек­шелігімізді анықтауға мүмкіндік беріп отыр», депті. Сол сияқты философ Ғарифолла Есім Нұрсұлтан Әбіш­ұлының мақаласына «ұлттық тарих­танудың тұғырнамалық бағдары» деген баға беріпті.

Ендеше, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қара­шасында баспасөз бетіне шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында рухани стратегиялық мақ­­саттарды іске асырумен қатар, бар­­­лық құрылымдарды талдамалық және әдістемелік сүйемелдеуді; оның ішін­де қоғамдық-саяси ахуалды монито­рингтеу мен талдауды; азаматтық қо­ғамдағы процестерді болжауды; ғы­­лы­ми зерттеулер жүргізуді және мем­­­ле­кеттік жастар мен отбасы сая­са­тын іске асыруды әдістемелік қам­ту үшін Үкімет қаулысымен 2019 жылы 23 сәуірде құрылған «Рухани жаң­ғы­ру» қазақстандық қоғамдық даму инс­титутының бізге берген есебіне жүгін­сек, өткен жылы «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фоль­клоры мен музыкасының мың жы­лы», «Тарихтың кино өнері мен теле­визия­дағы көрінісі» жобалары бойынша елеу­лі істер атқарылған көрінеді.

Бірінші бағыт – «Архив – 2025» жобасына тоқталар болсақ, 2019 жылдың желтоқсан айында тарихымызды тың фрагменттермен толықтыру мақсатында, 2020-2025 жылдарға арналған 68 баптан тұратын кешенді жоспар қабылданыпты. Мұндағы мақсат – отандық және шетел­дік архивтер мен ғылыми-зерттеу орта­лық­тарынан жаңа құжаттар іздеп, оны тапқан жағдайда ғылыми айналымға ен­гізу екен.

Жоғарыдағы жоспарлы жобаны сәтті орындау үшін республикалық бюджеттен 3,9 млрд, жергілікті бюджеттерден 10,1 млрд теңге қарастырылып, отандық архив­терді халықаралық кеңістікке кедер­гісіз интеграциялау мақсатында, Ресей, Қытай, Германия, Франция, Италия, Бельгия, Польша, Чехия, Ма­жар­стан, Түркия, Моңғолия, Мысыр қа­тар­лы 17 мемлекетпен ынтымақтастық ке­лі­сім­шарт жасалыпты.

Сонымен қатар өткен жылы мем­лекет­тік архив қызметкерлері Ресей Фе­де­рациясына ат басын бұрып, Мәскеу, Петербор, Қазан, Омбы, Астрахань қа­ла­ларында болып, ондағы мұрағат қорымен танысқан. Нәтижесінде, бұған дейін отандық ғылымға белгісіз 4,5 мың­нан ас­там парақ құжат, 10 мыңға жуық фотодерек тапқан.

Бұлардың арасында Абылай хан­ның өмір тарихына қатысты құнды мә­ліметтер, Кіші жүз қазақтарының пат­шаға қарсы қозғалысы, Бөкей ордасының экономикалық жағдайы, сонымен қатар алаш арысы Мұстафа Шоқайға байланысты материалдар, Қазақ Социалистік Кеңес Рес­пуб­ли­ка­сының тағдыр-талайына қа­тысты өт­кі­зілген Компартияның саяси бюро отырыс­та­рының хаттамалары т.б. дү­ние­лер бар кө­рінеді.

«Жобаны іске асырудың күрета­мы­ры кадр мәселесін орнықтыру үшін аталмыш сала мамандарын даяр­лайтын жалғыз жоғары оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті базасында мұрағатшы кадр жа­сақтау қажет», дейді «Рухани жаң­ғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының өкілдері. Қолдағы дерекке үңілсек, мұрағатшы мамандығы бойын­ша жыл сайын 60 студент магистратура мен докторантура бітереді екен. Бұл жеткіліксіз. Қазірдің өзіне атал­мыш салаға 349 мұрағатшы маман қажет.

Екінші жоба – «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімі бойынша жауапты мемлекеттік орган Білім және ғылым ми­нистрлігі. Аталмыш жоба аясында, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты парк құрудың тұжырымдамасы жасалып, даталы мерекелер Әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жыл­дық мерейтойларын атап өтуге бағыт­талған кешенді жоспар іске асырылыпты.

Сонымен қатар ежелгі әдебиет се­рия­сының бірінші томы «Ұлы дала жауһарлары» жарық көріпті. Мұнда ежелгі Түркі қағанаты тұсындағы көне жәді­герлер, сонымен бірге ІХ-Х ғасырларға тән шығармалар топтастырылған. Атап айтқанда, «Авеста», «Алтын жа­рық», «Абыздардың құлшылығы» және  Күл­тегін, Білге қаған туралы жыр­лар мен осы дәуірде жазылған «Бұ­ғыты», «Онғын», «Тұй-ұқұқ», «Үккүлі (Күлі) шор» жазба ескерткіш мәтін­дері, Тоныкөк жырлары, VІІІ ғасыр үлесі «Мойын шор», «Теркін тариат», «Суджі» әдеби жәдігерлері, «Ырық бітік» түс көру һәм түс жору көне жазба ескерткіштеріне жаңаша тілдік, тарихи, этнографиялық талдау жасалып, жарық көруі білікті мамандар тарапынан жоғары бағалануда.

Сондай-ақ Енисей өлкесінен табыл­ған VІІ-VІІІ ғасырға тән түркі жазба ес­керт­кіштері – «Хемчик-чыргакы», «Бай-булун», «Уюк-туран», «Чаа-холь» жазба жәдігерлері, Талас руна жазба ескерткіштері және Қазақ­стан жерінен табылған «Есік жазуы», «Күлтөбе жазуы», «Ертіс», «Жетісу», «Әулиеата» жазба ескерткіш мәтіндері лайықты түрде орын алған.

Үшінші жоба – «Түркі әлемінің генезисі». Бұған жауапты мемлекеттік мекемелер – Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері екен. Аталмыш жобаға қатысты атқары­лып жат­қан жұмыстар қатарына: Түркіс­танның ежелгі қонысының тарихи келбе­тін қалпына келтіру; Дүниежүзілік түркі халықтарының фестивалін және түркі эностарының мәдени күндерін өткізу; сондай-ақ, ортақ онлайын кітапхана құру мә­селесі күн тәртібінде тұр.

Осы жоба негізінде өткен жылы хал­­­қымыздың ежелден келе жатқан төл өнері айтысты насихаттап, осы ар­қы­­лы тіл шеберлігін көркемдестіріп, тұр­ғындардың поэтикалық санасын қалып­тастыру мақсатында, «Ұлы дала ән мен жыры, ақындықтың жеті қыры» атты кешенді шара ұйымдастырыпты. Тұңғыш рет өткізіліп отырған мәдени оқиға кезінде айтыстың хас шеберлері Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқтамысова дүйім жұртқа жаңа қырынан танылды. Әдетте сахнада қара домбыраны қолға алып, бір-бірін әзіл-қалжыңмен түртіп, халықтың мұң-мұқтажын айтатын от ауыз­ды, орақ тілді ақындар, бұл жолы әнді де айтып, әлі сиясы кеппеген өлеңдерін де оқып, көпшіліктің көңілін таба білген сыңайлы.  Бағдарламада айтыстан тыс ұлтымыздың дәстүрі «Қыз ұзату», «Беташар»­ сияқты рәсімдер тиянақты орын­­далып, аталмыш тақырыпта фильм­дер көрсетілген. Мәдени шара Алматы об­лысының орталығы Талдықорған қаласынан бастау алып, әрі қарай Се­мей, Павлодар, Ақтау, Қарағанды, Жаңаөзен, Петропавл, Орал, Тараз тұр­ғындарын ән-жырмен сусындатып, барлығы 13 қалада өнер көрсетіпті. Шоу фор­матында ұйымдастырылған айтыс-концертке 4000-нан астам адам куә болған.

Төртінші жоба – «Ұлы даланың ежел­гі өнер және технологиялар музейі» деп аталса, бұл бөлімге жауаптылар: Мә­дениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі. Қол­дағы ақпаратқа жүгінсек, музей алдағы күндері бас қала жоспарында негізделген Президент саябағында орналасуы тиіс болатын. Қазір бұл жос­пар өзгеріп жаңа құрылым елордадағы Ұлт­тық музей тұ­ғырында бой көтермек көрінеді.

Елбасы тапсырмасымен мұндай музей құрудағы мақсат – қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау және дамыту ісін толыққанды жүзеге асыру; көшпелі­лердің өнері мен технология үлгілерін өркендету бойынша экспедициялар ұйым­дастыру; көшпелілер тұрмысы мен мәдени заттарын қайта жаңғырта отырып, қолөнер шеберлерінің көрмелерін өткізу; Қазақстан өңірлерінде тарихи реконструкциялау фестивальдерін өткізу; қосымша шынайылық элементтері бар виртуалды музейлер ашу; елдің әртүрлі өңірлерінде жылжымалы тақырыптық көрмелер ұйымдастыру т.б. дейді мамандар.

Бесінші жоба – «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» деп аталып, бұған Білім және ғылым министрлігі жауапты ведомство ретінде таңдалыпты. Бірақ министрлік тарапынан жүктелген жобалық тапсырмаларды жүзеге асыру М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына тікелей бағышталғаны бай­қалды. Өйткені Елбасы аталмаш жоба аясында «Дала фольклорының антологиясын» жасауды айтқан болатын. Өткен жылы антологияның 1-5 томдығын жарыққа шығарып, олардың аудио һәм цифрлық нұсқаларын әзірлеу жұмыстары жақсы деңгейде орындалыпты.

Антологияда батырлар жыры, дас­тандар, ғашықтық және тарихи дастандар қамтылып, «Мәдени мұра» бағдар­ламасымен жарық көрген «Бабалар сөзі» 100 томдығындағы ең таңдаулы жазбалар іріктеліп алыныпты. Яғни туындының бірінші томына көне эпостық батырлар жыры енсе, екінші томына «Қырымның қырық батыры» жырлар топтамасы, үшінші томына тарихи жырлар, төртінші томына ғашықтық жырлар, бесінші томына дастандар енгізілген екен.

Жоғарыдағы жұмысты жүйелеу бары­сында, ғылыми экспедиция жасақ­талып, ел ішінен фольклорлық материал жинау әрекеті де жүйеленіп, инс­титуттың қолжазба қорындағы мұралар цифр­лық нұсқаға көшіріліп, электронды каталогы жасалғаны шын мәнінде қуанарлық оқиға.

Жоғарыдағы «Дала фольклоры анто­логиясының» әрбір томы 10 мың тиражбен жарық көріп, оның 95 пайызы жоғары оқу орындары мен республика кітапханаларына таратылса, қалған 2 350 данасы жеке оқымысты-ғалым тұлғаларға үлестіріліпті.

Сонымен қатар қордағы қолжазба мәтіндер мен архивте сақталған құнды материалдарды жүйелеу негізінде, ауди­торияға қолжетімді цифрлы тәсіл­мен «Ежелгі дәуір әдебиеті» жарық көріпті. Цифрлы форматта жарық көрген тағы бір туынды «Ұлы даланың көне сарындары» атты аудио кітапқа қор материалдары негізінде жинақталған 1935 жылдан бергі аудиожазбалар арқау болған екен. Екі тараудан тұратын басылымның «Музыкалық фольклор» бөліміне ежелгі наным-сенімдерге қатысты «Бақсы сарындары», ғұрыптық әндерге жататын «Жар-жар», «Сыңсу», «Беташар» сияқты байырғы сарындар, азалау ғұрпына бай­ланысты «Жоқтау», «Жұбату», «Дауыс салу», «Көңіл айту», «Көрісу» үл­гі­­лері мұрағат материал­дарынан ірік­теліп алы­ныпты.

Яғни ұлт руханияты үшін аса құн­ды дүниелердің әр томы қысқаша аңдат­памен басталып, түсініктемелері орыс, ағылшын тілдеріндегі түйін сөздер­мен толықтырылып, түрлі-түсті суреттермен безендірілген. Он мың данамен жарық көрген басылымдар электронды форматқа көшіруге қолайлы әрі QR коды көрсетіліп, CD диск түрінде де берілген.

Соңғы, яғни алтыншы жоба – «Тарих­тың кино өнері мен телевизиядағы көрі­нісі». Жауапты орган – Мәдениет және спорт министрлігі. Бұл жоба аясында, өткен жылы көптеген анимациялық, деректі және көркем фильмдер түсірі­ліпті. Атап айтқанда, «Крылатая душа джигита», «Қарқаралы», «Көкшетау», «Баянауыл», «О сказочной природе Казах­стана» және «Преодолевая барьеры» атты циклдар, «Адай жылқысы» қатар­лы деректі фильм, жастарды па­триот­тыққа, туған жерге деген сүйіс­пеншілікке тәрбиелейтін «Балуан Шолақ», «Шығырау», «Шырақшы» атты көркем фильмдер түсіріліпті.

Сол сияқты биыл әйгілі Қасым хан­ның ұрпағы, Қазақ хандығының не­гізін қалаушы Жәнібек туралы «Обретая вечность. Касым хан» атты көп сериялы көркем фильм мен толықметражды «Наш милый доктор – 2», «Ақтастағы Ахико», «В потоках истории: Обретая вечность. Касым хан», «Долгое эхо», «Мұқағали Мақатаев» т.б. көркем туындылармен бірге «Ботай арғымақтары» атты анимациялық фильм көрерменге жол тартпақ екен.

Соңғы жаңалықтар