Сұхбат • 04 Қараша, 2020

Шекара шебіндегі аудандарда ауқымды жұмыс атқарылуда

1577 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Кешегі алмағайып заманда шалғайдағы ауыл халқы үдере көшпесе де, көбі қала жаққа ойысқан. Енді міне, шекара шебіндегі Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай және Үржар аудандарының 2020-2024 жылдарға арналған әлеу­меттік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыс қолға алынды. Жоспарға сай басталған жұмыстардың алғашқы нәти­же­­лері туралы бізге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ай­тып берді.

Шекара шебіндегі аудандарда  ауқымды жұмыс атқарылуда

– Даниал Кенжетайұлы, шека­ра­­дағы бес ауданды қамтыған бағ­дар­ла­ма 2020-2024 жылдар ара­лы­ғын­да­ғы бесжылдық кезеңге есептел­ген екен. Осы жылдарға қандай мақ­сат­тар қойылды?

– Қай-қайсымыздың да түп-тамы­ры­мыз – ауылда. Дегенмен бір кездері тіршілік қамымен көпшілік ел ауылдарын тастап, қалаға қоныс аударғанын білеміз. Кейбір ауылдардың бос қалғаны да шындық. Біз өз тарапымыздан орта­лық және шет аумақтар арасындағы жағ­дай­ды теңестіру үшін даму мәселелерін те­рең зерделеп, Күршім, Тарбағатай, Ка­тон­­қарағай, Зайсан және Үржар аудан­­­дары халқының өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстар әзір­ле­­дік. Облыс тұрғындары үшін шекара маңындағы аумақтарды дамытудың әлеу­меттік-экономикалық маңызы зор. Оның үстіне облыстар ішінде өзге мем­ле­­кет­термен шектесіп жатқан ең ұзақ шекара – Шығыс Қазақстан аумағында. Өскеменнен алыс, Қытаймен шекаралас жатқан бес ауданның да даму қарқыны баяу. Бүгінгі таңда аталған шекаралас аудандарда 194 мың адам тұрады. Соңғы жылдары көші-қонға байланысты тұрғындар саны 17 мыңға азайған. Жалпы, халықтың ауылдық жерден кетуі облыстың барлық өңіріне тән. Бірақ қазір көшу саябырсып, тұрақталып қал­ды.

Шекара маңындағы ауылдарды дамыту жұмыстарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше бақылауына алып отыр. Мемлекет басшысының тап­сыр­­масы бойынша біз жұмыс топтарын құрдық. Құрамына орталық органдар мен түрлі ведомстволардың өкілдері кірді. Кешенді даму жоспарын әзірлеу кезінде өңірлердегі мәселелерді, болашағын, әлеуетті және жасырын резервтерді зерттеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Халықпен кездесулер өтті, олардың ой-пікірлері тыңдалды. Жалпы аудандар мен облыс орталығының арасындағы жолдар жөнделіп, инфрақұрылымның қалыптасып келе жатқанын көріп отырсыздар. Ішінара ауылдар болмаса, көбіне ин­тернет желісі де жетті. Құрылған әлеу­меттік-экономикалық жоспарымыз жүзеге асса, ауыл халқының әл-ауқа­ты, әлбетте, артады. Қаладағыдай ыс­тық су, суық суы үйіне енгізілсе, жолы сайрап жатса, білім мен медицина сапасы артса, туған жерінен ешкім табан аудара қояды деп ойламаймын. Қо­йылған міндеттерді шешу үшін біз қол­дағы барлық бюджеттік, бюджеттен тыс ресурстарды, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың құралдарын жұмылдырдық. Бес жыл ішінде кешенді жоспарларды іске асыруға барлығы 209 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Жұмыспен қамту жол картасы жобалары есебінен бұл сома 9 млрд-қа артып, 218 млрд теңгені құрады. Оның 70%-ы – бюджет қаражаты есебінен. Осы орай­да салынған әрбір 7 теңге жеке ин­вес­тицияларға тиесілі екенін атап өту қажет.

Ағымдағы жылы 44,1 млрд теңге (бас­тапқы жоспар бойынша 37,6 млрд) бағыт­талды, оның ішінде бюджеттік қаржы­ландыру есебінен – 34,2 млрд теңге. Осылайша бес ауданның жыл­дық бюджеті кешенді жоспарлар қабыл­дан­ғаннан кейін 1,5 есеге өсіп, 75 млрд теңгені құрады. Биылдан бастап 2024 жылға дейінгі жоспарларды іске асыру барысында 21 мыңнан астам, оның ішінде 8,6 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Айта кету керек, карантиндік шектеулердің қиын кезеңінде басталған 2020 жылғы инфрақұрылымдық жобалар 5,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыды. Олардың жартысы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында екенін де ескерте кеткен жөн. 170 адам сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына тегін қысқа мерзімді курстарда оқыды. «Ең­бек» бағдарламасы аясында 1648 адам қо­ғамдық жұмыстармен қамтылды. Ше­кара маңындағы ауылдарда жұмыс істей­міз деген жастарға мүмкіндік мол.

– Алға қойған мақсат түсінікті болд­ы. Енді шекарадағы аудандарды да­мы­тудың ең негізгі бағыттарына тоқ­талып өтіңізші.

– Шығыс өңірінде табиғат әртүрлі. Тау-тасы, орман-тоғайы, өзен-көлі бар жұмақ мекен. Қай ауданды алып қарасақ та, туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Бі­рін­шіден, шекаралас аудандарда об­лыс­­тағы төрт қорық аймағының үшеуі орна­ласқан. Атап айтсақ, Тарбағатай, Катон­қарағай ұлттық парктері және Марқакөл қорығы. Олардың аумағынан 20 туристік соқпақ пен маршрут өтеді. Үржар ауданы емдік суы, батпағы бар Алакөлімен, Күршім ауданы қорық аума­ғындағы Марқакөлімен, Зайсан ауданы балығымен, Катонқарағай ауданы Берел қорғаны, Рахман көлімен танымал. Ал Тарбағатай ауданы Ырғызбай баба ке­сенесімен, Шимайлы пет­ро­глифт­е­рі­мен белгілі.

Екіншіден, аумақтардың әрқай­сы­сында әлі игеріле қоймаған қазба бай­лық­тары бар. Облыс экономикасының кешенді саласы тау-кен өндірумен ты­ғыз байланысты түсті металлургия бо­лып табылатындықтан, жақын арада біз­дің назарымыз пайдалы қазбалардың кен орындарына барлау жүргізуге бағыт­тал­мақ. Бірінші кезекте бұл – Шығыс Қазақстанның жалпы ауданының 30%-ға жуығын құрайтын Зайсан көлін, Зайсан ойпатын қоршайтын аумақ. Ал жерасты қазба байлығы Зайсан, Күр­шім және Тарбағатай аудандарынан өтеді. Кен орын­дары мыс, алтын және кең таралған пай­далы қазбаларға бай бол­ғандықтан, облыста оларды өндіру және қайта өң­деу үшін ірі орталық құру­дың мол мүм­кіндігі бар. Бұл – енді уақыт енші­сін­дегі жоспар.

Шикізат базасын одан әрі кеңейту жұ­мыс істеп тұрған өндірістерді қазір­гі за­манға сай ұйымдастыру, жұмыс орын­да­рының санын ұлғайту көз­дел­ген. Ин­женерлік және әлеуметтік инфра­құ­ры­лымды дамыту үшін қажетті жағ­дай­­лар жасалмақ.

Үшіншіден, бұл аумақтарда мал мен өсім­дік шаруашылығы дамыған. Демек ауыл шаруашылығы өндірісі жергілікті ха­лықты ғана азық-түлікпен қамтып қоймайды, экспортқа бағытталған өнім өндіру жобаларын да іске асыруға ық­пал етеді. Бес ауданда 170 ірі және орта мал шаруашылығы, 24 өсімдік шаруа­шылығы тұрақты жұмыс істейді. Олар­дың негізінде ірі кешендер құру және одан әрі кластерлік даму үшін ұсақ шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шар­­уа­шылықтарды тарта отырып, ко­опе­ра­ция жасауға болады.

Жалпы кешенді жоспарлардың негізгі стра­тегиялық міндеттері – кәсіпкерлікті, туризмді, агроөнеркәсіптік кешенді да­мыту, сондай-ақ тұрғын үй және инже­не­рлік инфрақұрылымды, сапалы білім беру және медицинаны, мәдениет және спорт­ты, қызмет көрсету саласын дамыту.

 

Тұрғындардың тұрмысын туристер арттырады

– «Рухани Жаңғыру» бағ­дар­ла­ма­сы­­ның аясында атқарылып жат­қан жұ­­мыстар өңірді дамытуға қалай  ық­пал етіп жатыр?

– Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының міндеттері аясында шекара маңындағы аудандар аумағында тарихи-мәдени мұраны зерттеу және сақтау жөніндегі жарқын жобалар іске асырылуда. Жоғарыда атап өткендей, өңірде өткеннің бірегей тарихи ескерткіштері бар. Жыл сайын облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінетін археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының облыстық бағдарламасы арқылы елеулі жетістіктерге қол жет­кі­зіп отырмыз. Солардың ішіндегі ең көр­нек­тілері – Катонқарағай ауданын­да­ғы Берел қорғаны және Тарбағатай ауданындағы Елеке Сазы қорымы. Онда тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтардың жетекшіліктерімен сақ және көне түркі заманының жәді­гер­­лері табылды. Шілікті, Елеке Сазы және Үржар ханшайымының реконс­трукцияланған «Алтын адамы» мың­да­ған артефактілер «Ұлы Дала алты­ны» атты арнайы экспозицияға бірік­ті­рілді. Өткен жылы ол Мәскеудегі мем­лекеттік орталық мұражайында көр­сетілді. Бүгін­де Ұлыбританияның Кембридж уни­вер­си­тетінің «Fitzwilliam» мұра­жайын­да көр­мені экспонаттау бойынша дайындық жұ­мыстары жүріп жатыр. Мұның бәрі бабаларымыздың әлемдік өркениеттің қалыптасуына үлкен үлес қосқанын көрсетеді.

– Соңғы жылдары өңірге турис­тер­ді тарту үшін көптеген жұмыс атқа­рыл­­ды. Ал бес аудан үшін қандай ша­ра­­­лар қарастырылған?

– Айта кетейін, туризм қоғамдағы бар­лық салаларға, бизнес нысандарының дамуына ықпал етеді. Әртүрлі қызмет ұсы­натын жаңа кәсіпорындар қай уа­қыт­та да ашыла береді. Бұл жаңа жұмыс орын­дарын құрып, халықтың табыс дең­ге­йін көтеруге әсер етеді.

Туризммен айналысамын деген кә­сіп­­керлерге мемлекеттен қолдау көр­се­­тіледі. Жасалған жобасына сәйкес суб­си­дия, кепілдік қарыз беріледі, инже­нер­­лік инфрақұрылым жүргізуге де мүм­кіндік жасалады. Мысалы, Зайсан ауда­нындағы аңшылық және сауықтыру туриз­мін ұйымдастырумен айналысатын шаруа­шылыққа электр желісі тартылды.

Коронавирус індеті кезіндегі шека­ра­­лардың жабылуы ішкі туризмді да­мы­туға қолайлы болды. Биыл демалыс база­ларының, қонақүйлердің иелері сани­тарлық шараларды сақтай отырып, турис­терді қабылдап, жұмыс істеді.

Осы тұста Алакөлдің шығыс жаға­ла­­уының дамуына жеке тоқталып өте­йін. Бес жыл ішінде жағалауы жайлы курорттық аймаққа айналып, арбат са­лын­ды, туристік-ақпараттық орталық ашыл­­ды, мәдениет үйі мен мұражай қайта құрылды, 120 шақырым жол жөн­делді. Жыл сайын жағалауға 13-15 жаңа демалыс үйлері тұрғызылып, ойын-сауық, тамақтану нысандары ашы­­лып жатыр. Алдағы уақытта жыл бойы турист тарту жоспарланып отыр. Есеп­­теп қарасақ, инфрақұрылымға ша­ма­мен 10 млрд теңге салынды. Алда­ғы төрт жылға екі есе көп бағыттау жос­пар­ланған.

Келесі жылы көл жағалауында ашық аспан астындағы «AlazoneArena» сахнасы пайда болады. Онда 4 мыңға жуық орын бар, шамамен Юрмаладағыдай. Сондай-ақ жағалауда жаңа құрылыс аймағы анықталып, 60 гектар жерге инженерлік инфрақұрылым тартылады. Ол жерде заман талабына сай жайлы қонақүйлер салу жоспарланған. Бұл жер учаскелері инвесторларға жалға беріліп, кейіннен үздік жоба байқауы арқылы жеке меншікке берілуі мүмкін.

Саяхатшыларды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін жағалауға құны 1 млрд теңгелік жабдықтау желілері жүр­гі­зіледі. 2,4 млрд теңгеге жоғары вольт­ты желі құрылысы арқылы электр қуа­тының тапшылық мәселесі шешілді.

Бүгінде логистика толық қамтамасыз етіліп, әуе және темір жол бағыттары субсидияланып жатыр. Үржар ауылындағы әуежайды қайта жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта әуежай АН-24 және Як-40 әуе кемелерін қабылдап, 322 рейспен 25 мыңға жуық жолаушыны тасымалдаса, жоба аяқталғаннан кейін әуежай Fokker 50, Bombardier CRJ-200, Embraer EMB 120ER сынды әуе кемелерін қабылдай алады. Сөйтіп, рейстер саны 405-ке, ал жолаушылар ағыны 30 мыңға дейін артпақ.

Орта есеппен туристік аймаққа қазір­дің өзінде жылына 600 мың демалушы келеді. Оларға шамамен 12 млрд тең­ге­нің қызметі көрсетіледі. Оның ішінде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 4 млрд теңгенің өнімін, яғни 2 мың тонна нан өнімдерін, жарма және макарон өнімдерін, 4 мың тонна картоп пен көкөніс, 1,5 мың тонна ет және ет өнімдерін, 5 мың тонна сүт және сүт өнімдерін, 200 тонна өсімдік майын сатып отыр. Алакөлге бір маусымда кемі бір млн демалушы келсе, үлкен жетістік болар еді.

Туризмге тоқталғанда, автомобиль жолдарының сапасы туралы айтпай кету мүмкін емес. Себебі көлік жолдарының сапасы, кез келген жобаның жүзеге асуына тікелей әсер етеді. Соңғы бес жыл ішінде біз шекара маңындағы аудандарда автомобиль жолдарын жөндеуге, салуға 2,4 млрд теңге жұмсадық. Ал кешенді жоспарларды іске асыру басталғаннан бері бұл сома 3 есеге артып, 6,7 млрд теңгеге жетті. 2020 жылы 268 шақырым жол жөнделді. Оның ішінде 12 елді мекенге кіреберіс жолдар және «Үлкен На­рын – Күршім» жол учаскесі бар. Сондай-ақ 13 ауылда 130 шақырым көше жөнделді.

 

Қуатты зауыт – бақуатты халық

– Халық енді-енді туризмге назар ауда­рып, сол салаға бет бұрды. Бұл өңір­дің экономикасына серпін берері анық. Десе де, ауыл тұрғындарының негіз­гі шаруашылығы – мал өсіру, егін егу. Ауыл шаруашылығында қан­дай оң өзгерістер бар?

– Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыты сүт және ет екені белгілі. Соңғы 5 жылда салынған инвестицияның көмегімен халықтан сүт сатып алуды ақшалай есептесек, 17 есеге, өнім ретінде 13 есеге ұлғайттық. Өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылық жүктемесі 29%-дан 75%-ға дейін ұлғайды. Биыл кәсіпорындардың жүктемесін 87%-ға дейін қамтамасыз етіп, сүт бағытын дамытуымыз керек. Осы жылы Күршім ауданының фермалары 45 млн теңгеге 454 тонна сүт өндірсе, халық 85 млн теңгеге 854 тонна сүт өндірді, яғни екі есе артық. Ал Зайсан ауданында халық сүт қабылдау пункттері арқылы 85 млн теңгеге 850 тонна сүт сатты. Біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, сүт кооперативтерін одан әрі дамытамыз. Бұл – халық үшін тұрақты табыс көзі. Сөйтіп олар өз ісін кеңейту үшін жұмыс істей бастауы мүмкін. Халықтан сүт жинау жобасы өзінің тиімділігін растап, сүтті мал шаруашылығымен айна­лы­судың пайдалы екенін дәлелдеді. Соңғы 5 жылда облыс тұрғындарынан сүт сатып алу 240 млн теңгеден 4 млрд тең­геге дейін ұлғайтылды.

«Еңбек» бағдарламасы арқылы етті мал шаруашылығын дамыту қолға алынып, шекара маңындағы бес ауданда 452 жоба іске асырылды. Бір ғана Тарбағатай ауда­нында мал шаруашылығын жүр­гізу­ші шаруашылықтар 632 млн теңгеге 12 мың бас асыл тұқымды ұсақ мал сатып алды. Зайсан ауданында тұқымды түр­лен­діру үшін 10 мың бас ұсақ мал бар.

Ал ірі жобаларды іске асыру үшін «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» сала­лық бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Мәселен, Үржар ауданындағы «Алғабас» шаруа­шылығында жеңілдетілген шарттар бойынша бордақылау мақсатында 450 млн теңгеге мал сатып алынды.

­Өсімдік шаруашылығын дамыту бағ­­дарламасына сәйкес, экспорттық әле­ует­ті арттыруға және саланың тиім­­ді­л­ігін арттыруға ықпал ететін да­қыл­­дардың алаңдарын ұлғайта отырып, егіс­т­ікті әртараптандыру бойынша жұ­мыс жүргізілуде. Бұл туралы Пре­зи­де­нт Жолдауында табысты 1,5-2 есеге арттыруға мүмкіндік беретін тиім­ді­лігі жоғары өсімдікке көшу бойынша бел­сенді жұмысты жалғастыруды тап­сыр­ған болатын.

Шығыс Қазақстанда өндірісті ке­ңей­ту және экспорт көлемін ұлғайту үшін ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, әлемде бұршақ және майлы дақылдарға сұраныс жоғары. Сыртқы нарықтағы ең ірі тұтынушы – Қытай. Бұл мемлекет жыл сайын миллиондаған тонна майлы дақылдарды импорттауға дайын.

Бүгінде елімізде өсірілетін күнба­ғыс­­тың 66%-ы біздің облыста өседі. Бұл дақылдың үлесі облыстағы жалпы егістіктің 23%-ын құрайды. Оны 40%-ға дейін ұлғайту өз қолымызда. Сондай-ақ өсімдік майларының әр түрін өндіру бо­йынша көшбасшы болуға да мүм­кін­ді­гіміз бар. Сол үшін де майлы да­қыл­дар­ды қайта өңдеу үшін төрт ірі жобаны іске асыру басталды. Оларды іске қосып, қайта өңдеу көлемін жылына 700 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сонда шикізатқа деген қажеттілік туындап, егіс алқаптары кеңейеді. Қазірдің өзінде Зайсан ауданында 1 мың гектар күнбағыс, 400 гектар соя, 150 гектар жүгері өсіріледі. Катонқарағай ауданында «Жас Қанат» шаруашылығы 180 гектар алқапта жергілікті «Бірлік» соя сор­тын аудандастыруда. Егер тәжірибе жұ­мыстары сәтті аяқталса, бұл сорт аудан шаруашылықтарына таратылады. Жер жөнінде қорыта айтсам, шекара маңындағы аудандарда егіс үшін бар­лы­ғы 300 мың гектардан аса жер пайда­ла­ны­­лып жатыр.

 

Жайлы баспана – басты назарда

– Халықтың басты мәселесі бас­па­на екенін өзіңіз де айтып отырсыз. Шекарадағы кейбір аудандарда қаз­дай тізілген жаңа үйлердің бой көтер­ге­нін байқап қалдық.

– Бұл мәселелер – менің жеке бақылауымда. Елбасы «Ауылдарды дамытып, ауыл халқының әл-ауқатын арттырмай аграрлық секторды өсіру мүмкін емес» деп бірнеше рет айтқан. Ал өмір сапасын арттыру үшін алдымен баспана керек. Бүгінде облыстың шекаралас аудандарында тұрғын үй алу кезегінде 3 мың адам тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін әрбір аудан бойынша құрылыс көлемі мен қаржыландыру көздері анықталды. Бюджет есебінен Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында 7 екі пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, 30 пәтерлі үй салынып жатыр. Күршім ауданы Күршім ауылында 10 пәтерлі үйдің құрылысы мен абаттандырылуы аяқталып қалды. Оған қоса Марқакөл ауылында 24 және 36 пәтерлі үйлерге құжаттама әзірленді. Үржар ауылында 30 пәтерлі үй пайдалануға беріліп, 60 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Осы орайда айта кетейін, көп балалы отбасылар да ескерусіз қалмайды. Шекарадағы бес ауданда жеке құрылыс компаниялардың қаражаты есебінен көп балалы отбасыларға 15 мың шаршы метрге 71 екі пәтерлі және 6 бір пәтерлі үй салынуда. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл үйлерді шаршы метріне 140 мың теңге төлеп, сатып алғуа болады. Қалалық жерде осындай сападағы тұрғын үй құрылысының құны 240 мың теңгеге жетеді.

Жалпы, біз тұрғын үй құрылысының көлемін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, яғни шекаралас аудандарда келесі жылы кемінде 150 екі пәтерлі үй салынады. Сөйтіп, бес жыл ішінде үш мыңға жуық кезекте тұрған азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

– Шалғайдағы халықтың көкейін­де жүрген тағы бір мәселе – ауызсу. Жалпы коммуналдық шаруа­шы­лық­та қандай жұмыстар қолға алынды?

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығына келер болсақ, шекаралас аудандарда құрылыс-жөндеу қарқыны бәсеңдеген емес. Үржар ауданында шекара маңындағы – Бақты, Қабанбай, Көктал ауылдарында сумен жабдықтау құ­ры­лы­сы жүріп жатыр. Зайсан ауда­ны­ның Айнабұлақ, Бақасу, Жарсу, Тас­бастау ауылдарының желілері жаңар­ты­луда. Күршім ауданы, Марқакөл ауы­лында жұмыстар аяқталды. Алты елді мекенде блокты-модульді су тазарту стансалары орнатылды, оның ішінде Марқакөл мемлекеттік қорығы орналасқан Ұранхай ауылына да орнатылды. Осындай стансалар Үржар, Тарбағатай және Зайсан аудандарының 12 ауылында орнатылды. Зайсан қаласы мен 9 ауылды газдандыру аяқталды. Ауданның тағы 8 елді мекенінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысы әлі жалғасып жатыр. Барлық ауданда көшелер мен скверлер абаттандырылып, көгалдандырылды, көше жарығы орнатылды.

Осылайша, ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының шекара маңындағы өңірлерді дамытуға, ішкі ресурстар мен Мемлекеттік бағдарламалар тетіктерін жұ­мылдыруға назар аударуының арқа­­сын­­да ­біз бес ауданда халықтың проб­лема­ларын шешу мен бизнестің ор­нық­ты дамуына жағдай жасау бойынша үлкен жұмысты бастадық. Жылды жақсы нәтижелермен аяқтайтынымызға қуа­ныш­тымыз. Жалпы дамудың кешенді жос­парлары ауылдық жерде сапалы өмір сүруге жағдай жасайды деп айта аламын.

– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет. Шырайлы Шығысымыз өсіп-өркендеп, дами берсін!

 

Әңгімелескен, Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

Egemen Qazaqstan