Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Шағымға неге шамданады?

780 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Газетімізде жарық көрген «Шағын ауданның мәселесі шаш етектен» (21 қазан, №201 саны) атты мақалаға байланысты Өскемен қала­сындағы 19-шағын ауданның тұрғындары атынан хат келіп түскен еді. Хат иелері аталған мақалада көрсетілген мәселелермен келіс­пейтін­дігін білдірген екен. Осыған орай, мақалаға арқау болған тақырыпқа қайта оралып, 19-шағын ауданның тұрғындарымен тағы жүздестік.

Шағымға неге шамданады?

Естеріңізге сала кетейік, «Шағын ауданның мәселесі шаш етектен» атты мақалада 19-шағын ауданда салынып жатқан бірнеше тұрғын үйдің сапасыздығы жөнінде мәселе көтерілді. Атап айт­сақ І.Есен­берлин 2/2, Көкжал Барақ 4, Əл-Фараби 38/2, Қазыбек би 46, Уəлиев 9/3 мекен­жай­ларындағы көпқабатты үй­лердің тұрғындары жаңа баспаналарының сапасыз­дығы­на шағымданып, бар­ма­ған жерлері, ашпаған есіктері қалмағанын айтқан болатын.  

Осы мақаладан кейін ре­дак­циямызға келіп түскен хат­қа қол қойған азамат­тар «біршама өкпе-назы­мыз­ды білдірмекпіз» дей ке­ле: «Қа­ламыздың сол жаға­лауын­да орын тепкен 19-ша­ғын аудан – Өскеменнің жаңа бөлігі, қанаттанып келе жатқан жас шағын аудан болып табылады. Жаңадан бой көтерген қалашық болғаннан кейін халықтың сыны да, көзі де, мақтауы мен даттауы да осы жақта. Жанашырлықтан гөрі бастамаға қолдау танытып, қолұшын беруден бұрын, тыр­нақ астынан кір іздеп, түй­медей нәрсені түйедей қы­латындар қарасы қоғамда аз емес» деп бастаған. Содан соң шағын ауданда атқарылған, атқарылып жатқан шаруалар­ды тізіп өтіп, «Біздің жайлы да сүйікті мекенімізге ай­нал­ған 19-шағын ауданға та­ғыл­ған айыпқа, орынсыз сын­ға түбегейлі келіспейміз» деп аяқтаған. Соңында осы аудан­ның бірнеше тұрғыны қол­дарын қойып, мекенжайларын көрсетіпті. Тізімге көз жүгір­те келе Есенберлин 6А ме­кен­жайынан үш тұрғын­ның қолын байқадық. Проб­ле­масыз үй қандай болады екен деп иелері қол қой­ған үш пәтердің есігін қақ­тық.  Сөйтсек, үшеуі де пәтер ­жал­даушылар екен.

– Мен «квартирантпын». Баламен серуендеп жүрген едім. Екі қыз жүгіріп келіп ақ қағазға қол қойғызып алды. Не туралы екенін білмедім. Қолында он бәленбай бос қа­­ғаз болған. «Ешқандай ша­­ғы­мым жоқ деп қол қоя са­лы­ңызшы» деп өтінген соң қоя салғанмын, – дейді 22-пә­тердің тұрғыны Г.Аққазина.

Сол сияқты 3-ші пәтердің тұрғыны да жалдап тұрып жат­қандар. Оның үстіне олар ешқандай қағазға қол қой­маған. Тұрғындардың айтуынша, 8-ші пәтерді де жа­лдап тұрады екен. Тұрғын­дар демекші, дәл осы үйдің тұр­ғы­ндарымен тілдестік. Пробле­масы сол баяғы біз мақалада атап өткен үйлердікіндей. Терезе астынан жел үрлейді, қабырғасы қопсып жатыр, тағысын тағы.

– Үйдің сыртын қаптата­мыз деген­біз. Кіреберісін өзіміз ақша жинап жасаттық. Пандусты да жүгіріп жүріп өзім қойғыздым. Өйткені жол­дасым 1-топтағы мүгедек, арбада отыр. Үйдің сапасын өзің көріп тұрсың, – деді Дәмеш Байдырахманова.

Иә, үйдің сапасы көрініп тұр.

Айтқандай, бізге келіп түскен хаттың мәтінін Мәдениет қай­раткері, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасы­ның орынбасары – Сағынбек Ақанов ска­нер­леп, әлеуметтік «Facebook» желісінде бө­ліс­­­­кен еді. Пост авторымен хабар­ласқанымызда:

– Қолды волонтерлер жинады. Оларды кім ұйымдас­тыр­ғанын білмеймін. Ал хатты ішкі саясатта алып қал­ған. Бірақ 19-шағын ауданда мәселенің бары рас. Бауыр­ларымыз да үй алып, улап-шулағанын білеміз, – деді Сағынбек Ақанов.

Ардагерлер кеңесі төраға­сының орынбасары желіге жариялаған жазбасын екі-үш сағаттан соң өшіріп тас­тады. Бірақ біз жазбаға байланысты барлық пікірдің скрин-көшірмесін алып қойдық. Пікір­лердің көптігі сонша, бәріне тоқталып өту мүмкін емес. Десе де, сөзіміз дәлелді болуы үшін екі-үш пікірді ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік.

Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан об­лыстық фи­лиалы­ның директоры Әлібек Қаң­тарбаев: «Жо­­ға­рыдағы шағын аудан­дағы үй­лердің сапасыз екен­дігі жайлы, өзің де жазып отыр­сың, сан мәрте сөз бол­ған екен. Жарайды, мердігер ұят­сыз­дау болған екен дейік, оны қа­лалық қабылдау комиссия­сы қалай ғана қабылдап алған? Бар­мақ басылмаған, көз қысылмаған деп қалай ғана кепілдік бересің? Ең бастысы, ол үйлердің қабырғалары бит­тің қабығындай, ішкілері сір­кенің жаялығындай екен­дігін айтып шағымданған тұр­ғын­дардың жанайқайы баяғыда облыс шекарасынан шығып кеткен».

999

Қоғам белсендісі Ермек Құр­манғали: Сол үй­лер­дің бірінде мен өзім де тұра­мын. Үйлердің сапасы шын­ды­ғында да сын көтер­мей­ді. Әсіресе терезелерінен жел аңқылдап, жаңбырлы күні су кіреді. Ал ең соңғы қабат­та тіпті қиын. 9-қабатты үйлер­дің сапасы тіпті нашар. Көрші үйдің жатын бөлмедегі дауысы келесі үйдің ас үйіне естіліп тұрады   

Ұстаз Мейіржан Темірбек: «Мен сол жерден үй алдым. Өске­менді шулатып жүріп біт­пей жатқан жерлерін зорға бітірттім. Сыртын қаптай­мыз деген уәделері далада қал­ды. Стендерінен су өтеді. Өтірік­тің шегі болу керек қой».     

Сонымен қатар осы 19-ша­ғын аудандағы олқы­лық­­тарға қатысты жасаған репор­таждарымен журналис­тер де бөліскен. Мақала газетке шықпас бұрын, бұл проб­ле­маларды әлеуметтік желілерде блогерлер де көтер­ген. Сондағы бейне материалдардың бірін­де Өс­кемен қалалық құры­лыс бөлімінің өндірістік техникалық сектор меңгеру­шісі Мадияр Әбілханов үй­лердің қабырғасынан су кірмеуі үшін темір сайдинг­пен қапталатынын айтқан. Мәсе­ленің барын да жасыр­маған. Қабырғасынан жаң­быр өтіп тұрған жалғыз үй емес­тігін де тілге тиек еткен. Яғни газетіміз хатта жа­­зыл­­ғандай «тырнақ астынан кір із­деп» отырған жоқ. Сапа­сыз үй тұр­ғын­дарының жанай­қайын ғана жеткізді. Үйлердің қоп­сыған қабырғалары қарусыз көзбен-ақ көрініп тұр.

І.Есенберлин 2/2 ме­кен­жайындағы үйдің кіре­берісіндегі қопарылып жатқан кафельдері әлі ауыспаған. Ал «ВК Техногрупп» ЖШС жоба менеджері Дəурен Дюсупов газет редакциясына берген пікірінде қазанның соңына дейін кафельдерді алып, тротуар плиткасын төсейміз деген еді. Қазан бітіп, қараша бас­талды...

Әрине, 19-шағын ауданда Есен­берлин даңғылынан Уәлиев көшесіне дейін созылып жатқан аллея салынды. Тротуар төселіп, балалар үшін ойын алаңдары орнатылды. Аллеяның кіреберісіне көрікті қаланың бел­гісі іспеттес арка қойылды. Шет жағына «Oskemen» деп латынша жазу жазылды. Аллея түнде де самаладай жарқырап тұр. Алайда сапасыз баспана бұйырған тұрғындар оған қуана ала ма? Олардың жан-айқайын кім тыңдап, мәсе­лелерін кім шешуі тиіс? Мем­лекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасы осындай сауалдар­ға жергі­лікті деңгейде құлақ асып, халық­­тың мұң-мұқтажын шешуден басталуы керек емес пе?

 

Шығыс Қазақстан облысы