Сұхбат • 04 Қараша, 2020

Сарыарқаның табиғат сақшысы

570 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде браконьерлікпен күрес өзекті проблемаға айналғаны қашан?! Әсіресе орталық өңірлерде жағымсыз фактілер тыйыл­май тұр. Десек те Сарыарқаны мекен еткен жануарларды қорғауда қорықшылардың еңбегі өлшеусіз. Бөкендей сұлу аңды браконьерлердің құрығынан сақтау үшін басын бәйгеге тігіп, еліміздің тұмса табиғатындағы тәртіпті қадағалап жүрген жанның бірі – Мұрат Әлиев. «Дала қылмыскерлері GPS, әріптестерім Рэмбо деп атайды» деген «Охотзоопром» кәсіп­орнының инспекторы қызметтегі қиыншылықтар мен жануарлар әлемін сақтаудың маңыздылығы жөнінде әңгімелеп берді.

Сарыарқаның табиғат сақшысы

Инспектор атануды мақсат еткен

– Бұл қызметті таңдауға қан­дай себеп түрткі болды?

 – Туған жерім – Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Баршын ауылы. Ауылда мектепте оқып жүр­ге­­німде «Охотзоопром» мекеме­сі мен аң­­­шылық шаруашылық инс­пек­ция­сы­ның мамандары келіп үгіт-насихат жұ­­мыстарын жүр­гізетін. Олардың қыз­­меттік киім­­деріне қарап, сондай-ақ ақ­бөкендерді қорғау туралы жә­не жұ­­мыстағы оқиғалары туралы айт­­қан­да қызығушылығым оянды. Осы қы­зығушылықпен 2006 жы­лы бас шаһар­дағы С.Сейфул­лин атындағы агро­тех­никалық уни­верситетке түсіп, 2010 жылы «Аң өсіру және аңшылықтану» мамандығын тамамдап шықтым. Осы­лайша, аңшылық инспекция­ларына, «Охоотзоопромның» фи­­лиалдарына түйімдемемді қал­дырып, екі айдан ке­йін Павлодар­ға жұмысқа шақырту алдым. Бұл кезде даладағы жұмыстың қыр-сырын біле бермейтінмін. 2011 жы­лы Қарағандыға жануарлар дүниесін қор­ғау инспекторы болып ауысып, өмі­рімде ал­ғаш рет арқарды көрдім. 2012 жы­лы тірек пунктіне ауыстым. Негізгі міндетіміз – ақбөкендер­ді қор­ғап, заңбұзушылықты алдын алу. Әріп­тестерімнің арасында ең жасы мен бол­­ғандықтан аға буын өкілдерінен жұ­­мыстың ерек­шеліктерін, браконьер­лер­­мен күреске қатысты біраз мәсе­леге қа­нықтым. Алдыма мақсат қойып, тәжі­рибемді арттыра бер­дім. Киіктің жайылып баратын ба­ғыттарын, аңшылардың жүретін жер­лерін біле бастадым. 2014-2016 жылдар аралығында маманды­ғым бойынша астанада магистрату­ра оқып шығып, «Охотзоопром­ға» оралдым.

– Қызметіңіз бала күндегі үмітіңізді ақтады ма?

– Шындығына келсек, бұл жұмыстың қызығынан бөлек қаупі мен қорқыны­шы көп. Түрлі жағ­дайлар орын алатынын біліп жатырсыздар. Өзімнің ту­ған же­рімде жұмыс істегендіктен жағ­дай­дың 70%-ын білем деп айта ала­мын. Браконьер қайдан келіп, қай­да қаша­тыны секілді маңызды дүниелерден хабардармыз. Ізде­рін айыра аламыз. Ол біздің ша­ңымызды көргеннен қашуға тырысады. Бірақ олардың артынан қуып, ұстамасаң қылмысты тоқ­тата алмайсың. Мұндай сәттерде іштей қорқыныш бә­рін­де болады. Алайда жұмыстың аты жұмыс.

 

Әріптесі өлім аузынан аман қалды

– Браконьерлермен бетпе-бет келген сәттеріңіз туралы айтып берсеңіз?

 – Ірі қылмыс жасаған браконьерлермен 7-8 рет қарсы келген шығармын. Ең қауіптісі 2016 жылы Жезқазған даласында орын алды. Инспектор Сергей Тулов бастаған топ кешке екі мотоцикл мінген екі адамды көріп, көлікпен ізіне түсті. Біздің топ басқа тұсынан тығылып, күтіп тұрдық. Қатарымыз та­ғы бір топ қосылды. Бірінші құ­ра­ма із­деріне түсіп, тым қатты жа­қындамай ара­қашықтық ұстап отырды. Көлік тоқ­тамаса, соғып құлата алмаймыз. Себебі жоғары жылдамдықпен адамды қағып кетуің де мүмкін. Сондықтан инспекторлар оң жағына шығып, мотоциклдер­дің сүрінуін күтті. Ойлағанымыздай-ақ бі­раз уақыт­тан кейін жан-жағына жал­тақ­таудың салдарынан аударылып түс­ті. Оқыс жағдай осы сәтте орын ал­ды. Инспектор Достай Нұрбе­ков бірі­нің қо­лын қайырып, кісен салып жат­қаны сол еді, артынан жа­қындаған екін­ші бра­коньер мойнына пышақ кезеп, жібе­рулерін талап етті. Пышақты қатты та­қа­­ғанның әсерінен Нұрбековтың тамағы тілініп кетті. Сол кезде әріптестеріміз ке­ліп үлгеріп, браконьерлер ұсталды. Инс­пекторға алғашқы көмек көрсетіліп, мой­ны тігілді. Пышақ күретамырына сәл жет­пей аман қалды. Бұл іс Нұра ауданына тапсырылды.

 

Инспекторларға мылтығын кезеді

– Өміріңізге тікелей қауіп төн­ген жағдайлар болды ма?

– Бір жағдай шамамен 2015 ­жыл орын алды. Жаңаарқа ауданын­да Жалын деп аталатын карьердің жанынан Nissan Patrol көлігін бай­қап, бірден ізіне түстік. Сол кезде аңдып келе жатқанымызды сезіп, жылдамдықты арттыра сала қаша жөнелді. Ізімен жүріп, әлгілердің жанталасып көліктерінен екі өлі ақбөкен­ді түсіріп, тобылғының арасына тығып жатқанын көрдік. Жақындағанда біреуі мылты­ғын бізге қарай кезеді. Бөкендер мен қаруды тастаған бойда тас жолды бетке алып қашты. Әккі браконьерлер видеокамераға тү­сіретінімізді бірден түсінгендік­тен ет пен қаруды тастап, көліктері­нен айғақ заттар табылған жоқ. Бі­рақ қылмыстық іс қозғалды. Қа­зір ж­а­қындай түссең көбі осылай қа­ру кезенуден тайынбайды. Бұған қо­са көліктің жолына тастайтын арнайы темір шегелерді алып жү­реді. Бассаң дөңгелегің жарылады. Мұндай жағдайлар өте көп. Сондықтан көбіне екі көлікпен жүріп, қауіптің алдын алу үшін бір-бірімізден қалыспауға тырысамыз. Қазіргі көліктеріміз де жаман емес. Жарақтандырылған. Браконьерлерді іздері арқылы тануды меңгердік.

– Инспекторлардың қорғану құ­рал­­дары бар ма?

– Карабин винтовкасы, «Сай­га» автоматы және «Байкал» та­паншасымен қамтылғанбыз. Бірақ браконьерді барынша қару қолданбай ұстауға тырысамыз.

– 10 жыл бойы ұстатпаған бра­ко­ньерлерді қолға түсір­гендеріңіз жайлы естідік. Осы­ған кеңірек тоқталсаңыз?

– Сәтбаев қаласында жерді қатты білетін әкелі-балалы аң­шы­лар бар деген­ді бұрыннан ес­титінбіз. Қарағандыны қойып, Арқалыққа да барып киік атады деген сыбыс тарайтын. Кейін зерттеп, қай кезде шығатындарын біліп алдық. Осылайша, олардың шығатын күні жайлы ақпарат алған соң, таудың арасына көліктерімізді жасырып, таңнан бинокльмен аңдып отырдық. Сол күні ауа сал­қын болғандықтан ақбөкен тау­дың қарсы бетіне шығып, олар іздеген же­рінен таппады. Бірақ бізді байқаған сәт­те қаша жөнелді. Браконьерлердің кө­лігі жолсыз жерде қатты жүргенінің әсе­рінен бұзылып, амалсыз тоқтады. Біз жеткенше мылтықты бір жаққа, зат са­лынған дорбаларды бір жаққа лақтыра бас­тады. Бірақ оның бәрі бейнекамераға жазылды. Тексеру нәтижесінде екі жұп мүйіз таптық. Қазір Нұра ауданының ішкі істер бөлімі іс қозғап жатыр. Егер ұста­мағанымызда қанша киікті атып салатындарын кім білсін?!

 

Туыстары жұмысына қарсы болған

– Отбасылы адам екендігіңізді ес­кер­сек, туыстарыңыз қызме­тіңізге қар­сы емес пе?

– Осы туралы кейінгі жылда­ры, ба­лалы болғалы көп ести бас­тадым. Әсі­ресе әке-шешем қар­­сы. «Далада жү­ріп, жоғалып кет­сең, бірдемеге ұры­нып қалсаң сені қайдан іздейміз?! Бас­қа жұ­мыс тап» дейді. «Күндіз күл­кі, түнде ұйқыдан қалып жүрген ең­бе­гіңді кім бағалап жатыр?» де­генді де ес­титінмін. Былтыр министр Мағзұм Мыр­зағалиевтің қо­лынан «Елім-ай» пре­миясы­ның «Үздік инспектор» номина­ция­сын алғанда арнайы ата-анама апарып, мақтанып көрсеттім. Жұмысы­мыз ескерусіз емес екенін айттым. Бұл 10 жыл­дық еңбек жолында алған алғашқы үл­кен марапатым. Соған іштей қуандым, да­лада жүрсек те еңбегімізге баға бе­ріліп жатыр. Ауыл ақсақалдары ақбө­кендер­дің көбейіп жатқанына куә болып, рақметін айтады. Ал кей кісілер түсінгісі келмейді. Себебі өз туған же­рімде жұмыс істегендіктен ауылдаст­арым браконьерлікпен қол­ға түсетін сәт­тер де болады. Сондай кездері «бұл жұ­мыста өмір бойы істемейсің ғой» деп аға­йынгершілікке салуға тырысады. Мысалы, өткенде Терісаққан ауы­лында бір киік атып келе жат­­қан УАЗ автокөлігін қолға тү­­сіргенбіз. Жас балалар екен. Бі­­рінің әкесі «Бір киікте тұрған еш­­теңе жоқ. Жүздеп атқандарды ұс­­тап алсаңдаршы» деген сынды сөз­­дер айтты. Сондықтан сыртта жүргенде ауылды жерлерге қон­бауға, көп аялдамауға тырысамыз.

 

Арқаның қаһарманы

– Әріптестеріңіз сізді «Рэмбо» деп атайтынын естідік. Бұл ат қайдан шықты?

– Жігіттердің қойып алғаны ғой (күлді). Браконьерлерді жиі ұстай­ты­ныма, жалпы жұмыста­ғы көрсет­кіш­теріме қарап айтатын болса керек. Ең жас топ басшысы болып жүрмін. Бір топта 6 кісі. Ал браконьерлер «GPS» (бағытты анықтау жүйесі) деп атап кеткен. Се­бебі, 10 жылдан бері өзіміз қорғайтын аумақтың ой-қырының бәрін танып алдым. Браконьерлердің жүретін жерін, киіктің қозғалу бағыттарын білемін десем артық айтпаспын. Жылқышылармен көп сөйлесіп, тыңғылықты ақпарат жи­наймын. Ұзақ уақыт бұл жұмысқа бе­рі­ліп істесе, кез келген адам дала заң­­дарын меңгеріп алады деп ойлаймын. Жалпы аң-құсты қор­ғап жүрген жігіттердің бәрі мақ­тауға лайық деп есептеймін. Еш­кімді бөле-жаруға болмайды. Себебі әрқайсысы да жұмыс барысында өмірлерін тәуекелге ті­геді. Мысалы, браконьерлер қо­лынан қаза тапқан марқұм Ерлан Нұрғалиевті ел біледі. Екеуміз ке­зінде бір топта істедік. Бір ауыл­данбыз. Қайтпас қайсар жігіт еді. Біз бір-бірімізді мақтап ат қо­йып, арқадан қағып жатсақ бра­коньерлердің өз арасында да «ба­тыр» санайтын адам­дары бар. Оларға инспекторлардан қашып құтылу, жеткізбеу кету – мәр­тебе. Өз орталары бар. Бір-бірінен бар ақпаратты біліп отырады.

– Қазір жануарларды қорғау­ға қа­тысты заң күшейді. Сол се­бепті браконьерлер барынша қашып құтылуға тырысатыны мәлім. Сытылып ке­ту үшін қан­дай жаңа құйтұрқы әрекет­терге барып жатыр?

– Бұрын екі-үш «джиппен» топтасып шығатын болса қазір жеке-жеке жортуға көшкен. Тіп­ті, кезінде алдымыздан шығып «сен­дер кімсіңдер?» деп қоқан-лоққы көрсетуге дейін бару­шы еді. Бүгінде маңдарына жуытпас үшін ештеңеден тайынбайды. Жоғарыда айтқанымдай салондарына «шипы» салып алады. Бұрын темір тікенекті олар­дың жолына біз тастасақ, қазір олар бізге тастайды. Осы қыста ауылда әкімдікке бір қағазға мөр бастырып шық­қанымызша жер­гілікті тұрғындар қарда жүретін техникамыздың лентасын қиып, бір жолдан қалдырғандары есі­мізде. Осындай жағдайдар жиі орын алады. Ұсталып тұрса да «киік­тің етін көлігімізге сендер салып жібердіңдер» деп көзбе-көз жала жауып, жалтармақ болғандар да кездесті. Дегенмен сараптама шындықтың бетін ашып береді.