Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің бір топ түлегі індетпен күрестің алғы шебінен табылды. Оқуын жаңа ғана аяқтап, қызметіне кірісер тұста жас дәрігерлер пандемиямен бетпе-бет келді. Олардың қатарында 25 жастағы Нұридін Тілеубек те бар. Ол төтенше жағдай енгізілген кезден бастап Оперативтік волонтерлік штабта қызмет етуге кірісті. Ерікті жастар қиын жағдайда қалған отбасыларға, жалғызбасты аналарға, қарт адамдарға азық-түлік себеттерін таратып, дәрі-дәрмек апарып көмектесті. Кейіннен індет алқымнан алып, жағдай ушыққан кезде 25 волонтер провизорлық стационарларда, карантиндік объектілерде дәрігерлік қызметіне араласты. Алғашында індеттің алдын алу үшін шетелден келген отандастарымыздың карантинге жабылғаны есімізде. Сол мекемелердің бірінде Нұридін әріптестеріне көмектесіп, жалпы жағдайды қадағалауға қол- ұшын созды.
«3,5 мыңнан астам отандасымыз шетелден оралды. Індеттің өзге елдерде кеңінен таралып жатқан кезі. Ол кезде алда не болары белгісіз еді. Елге келгендерден міндетті түрде коронавирусқа тест алынады. Вирус жұқтырмаған азаматтарды 1,5 күннен кейін үйіне карантинге жібереді, ал вирус анықталғандарын инфекциялық стационарларға ауыстыратынбыз», деп еске алды Н.Тілеубек.
Игі ісімен өзгелерге үлгі болған волонтерлердің пандемия кезіндегі жұмысын ерлікке теңеуге әбден болады. Өйткені өзіне, жақындарының денсаулығына төнген қауіпке қарамастан, қайырымды істен бас тартқан жоқ. Нұридін де ең қиыны жақындарыңның денсаулығына алаңдау екенін айтады.
«Жұмыста соншалықты қиындық көп болды дей алмаймын. Психологиялық қысым болған шығар. Себебі халық жаппай карантинде үйде отырғанда, біздің Оперативті волонтерлік штабта жұмыс қыза түсті. Ал провизорлық стационарда жүргенде вирус жұқтырып аламын ба деген қорқыныш болды. Бұл көбіне өзің үшін емес, үйдегі ата-анама, ініме, атам мен әжеме жұқтырып аламын ба деген қауіп еді», дейді волонтер. Десе де вируспен бетпе-бет жұмыс істеген еріктілерге университет жатақханадан орын беріп, барлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз еткен екен.
Қазір Нұридін №4 Алматы қалалық емханада дәрігер-терапевт болып қызмет етеді. Пандемия кезіндегі провизорлық стационардағы жұмысы болашақ дәрігерді ширатып, мол тәжірибе жинақтағаны сөзсіз. Күнделікті 8 сағат уақытын емханада өткізетін жас маман Бостандық ауданында тұратын 1700 адамның денсаулығына жауапты.
Волонтер болу – әдетте бір күнде пайда болатын кенеттен келген шешім емес, ол – өмір салты. Қайырымды ісімен белгілі болған жандардың барлығы тарихын әріден бастайды. Тура сол секілді бүгінгі кейіпкеріміз де университетке түсіп, Алматыға келгеннен бастап бұл қызметке белсенді араласып кеткенін айтады.
«Университетке түскеннен бері белсенді студенттер қатарында болып, түрлі жобаларды жүзеге асыруға атсалыстым. Олардың ішінде қайырымдылық іс-шаралар ерекше орын алатын. Қоғамдағы тұрмысы төмен отбасыларға, қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмек, азық-түлік таратып, үй шаруасына қолғабыс ететінбіз. Отаны қажет ететін балалардың еміне қаражат жинап, қайырымды акциялар мен концерттер ұйымдастырдық», дейді Н.Тілеубек.
Жас дәрігер жоғары оқу орнында жүзеге асырған жобалары жайлы да ерекше ықыласпен айтып берді. Көптеген студенттік ұйымдарға жетекшілік еткен Нұридін 2 жыл бойы өзі білім алған ордада жастар ұйымдары комитетін басқарған. Жобалары университет деңгейінен өсіп, үкіметтік емес ұйымдармен, шетелдегі әріптестерімен байланыс орнатуға мүмкіндік берген. Нұридін 2017 жылы ВИЧ/ СПИД профилактикасы тақырыбына арналған «Speak up AIDS» халықаралық дебат турнирін ерекше мақтанышпен атап өтті. Болашақ дәрігерлердің өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны қуантады.
Жалпы, кез келген жұмысты бастағанда жақындарыңның, достарыңның қолдауы аса маңызды. Нұридін айналасында өзі секілді жаңа идеяны іліп алуға дайын жанып тұрған жалынды жастардың көп екенін айтады.
«Сені қолдап, демеп жіберетін достарыңа көп нәрсе байланысты. Сол кезде құрдастарым менімен бармағанда, мүмкін бүгінге дейін осы іспен айналысар ма едім, білмеймін. Біз ортақ қызығушылығымызды таптық. Одан бөлек пандемия кезінде құрылған волонтерлік штабқа жиналған жандар туралы сағаттап айта аламын. Ел басына күн туғанда көмекке студенттер, журналистер, мұғалімдер, оқушылар, зейнеткерлер де келді. Барлығымыз бір жұдырықтай жұмыс істедік», дейді волонтер.
Қайырымды істердің басында жүрген жастар үшін бұл – үлкен өмірлік тәжірибе екені бұрыннан айтылып келеді. Мұнымен волонтер жастардың өзі де толық келіседі. «Біріншіден, волонтерлік адамды қайырымды, өзгелерге мейірімді болуға үйретеді. Бұл іспен жылдар бойы айналысу арқылы коммуникативті дағдыларымды дамыттым дей аламын. Ол басқа адаммен тіл табысу, қиын жағдайдағы адамдармен сөйлесу секілді менің мамандығым қажет ететін басты қасиеттер болды. Қиын жағдайлар көп екені рас. Мысалы, провизорлық стационарда, карантиндік объектілерде жұмыс істеген кезде коммуникативті дағдылар деген сабақтан жинаған білімімізді тәжірибеде пайдаландық», дейді Нұридін. Ол сондай-ақ мамандығына керек бұрын-соңды болмаған ПТР-тест жасауды, зерттеудің қалай жүретінін көргенін баса айтты. Кейіпкеріміз болашақ дәрігерлер үшін пандемия кезіндегі бұл жұмыс үлкен мектеп болды деген пікірде.
Дәрігер секілді абыройлы мамандықты адал алып жүру – үлкен міндет. Ол үшін жас мамандарға, ең алдымен жұмысына деген махаббат пен сүйіспеншілік керек. Биыл ғана оқуды аяқтап, қызметіне кіріскен Нұридін өз мамандығын өзгелерге көмек көрсете алатыны үшін таңдағанын айтады. Ол алғашқы жұмыс орны №4 қалалық емханада әріптестерінен мол тәжірибе жинап, абыройлы дәрігер атануға ұмтылатынын бірнеше қайтара айтты.
Ал пандемия кезіндегі жанкешті ерлігі үшін Нұридін Тілеубек Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың марапаты мен «Халық алғысы» медаліне ие болды. «Төтенше жағдай жарияланғанда жағдай тұрақсыз еді. Осындай қиын кезде қайырымды іспен атақ үшін емес, шын жүрекпен айналыстық. Бұл марапаттарды еңбегіміздің жемісі деп білемін. Бұл мен үшін әрі қарай тоқтамай жұмыс істеуге итермелейтін ынталандыру деуге болады», деп ағынан жарылды жас маман.
Ол еліміздегі волонтерлік қызметтің соңғы екі жылда қарқынды дамып жатқанын атап өтті. «Мемлекет қолдауымен волонтерлік адымдап дамып келеді. Қандай да бір нәтиже туралы айту ерте. Дегенмен жүйелі жұмыс әлі де жетіспей тұр. Біздің салада емханалардың, волонтер дәрігерлердің бірыңғай базасы қалыптасса, жұмыс қазіргіден де тиімді болар еді. Барлығы тәжірибеге келіп тірелетінін түсінемін, қазір біз соны жинақтап жатырмыз. Алдағы уақытта волонтерлік қозғалыс үлкен бір қауымдастыққа айналатынына сенімдімін», дейді Н.Тілеубек.