Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Саналы таңдау мен риясыздықтың үлгісі

154 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен бір мақаламызда волонтерлік қозғалыстың маңызын халықаралық деңгейде терең білетін Президент Қ.Тоқаевтың «Жан дүниесі таза емес, ойы лас адамдар волонтер бола алмайды» деген пікірін келтірген едік. Сөйтсек волонтерлер мәселесінің түйіні осы қозғалыстың ішкі мазмұнында жатқанға ұқсайды. Біз үнемі оның ішкі «болмысына» емес, тек сыртқы «пішініне» қарап келген тәріздіміз.

Саналы таңдау мен риясыздықтың үлгісі

Неліктен волонтерлік жақсы дамы­ған ел­дерде адамдардың өзіне-өзі қол жұмсаудың деңгейі әлдеқайда тө­мен, ал олардың пси­хологиялық денсау­лығы, ке­рі­сінше, жоғары деген сұрақ­қа жауап іздеп көрелік. Өйткені волон­тер­лік маңызды мәселелерді шешуге мүм­кіндік береді. Ондай қоғамда во­лон­терлердің қатарында көбіне өзіне сенімді, денсаулығы мықты, бақытты, психологиялық тұрғыда дені дұрыс адамдар қалатын кө­рінеді. Себебі олар – волонтерлікті мәнін жоғалтқан өмірді қайта табу деп түсініп, өздерінің алдарына басқаларға қызмет жасауды мұрат етіп қойғандар. Волонтерлік олардың өмірінде маңызды эмо­ционалдық рөл атқарады. Ол жұ­мыс волонтерлердің, әсіресе жас­тардың, жан дүниесіне жа­ғымды әсер етеді.

Жалпы алғанда, волонтерлікпен айна­лысқан адамдардың өмірін­де волон­терлік өшпестей із қал­дырады, ол жастар­дың әлеуметтік бойкүйездігін жеңуге жағ­дай жасайды. Волонтерлік әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі ретінде адам­ның өзін өзі дамыту, өзін әлеуметтік тұр­ғыда маңызды және пайдалы сезіну, па­триоттық сезімі мен рухын күшейтуге оның жаңа білім мен тә­жі­рибе жинақтауына септігін тигізеді.

Волонтерліктің басты бағыт­тарына ізгілік, басқаларға деген қамқорлық, қолдауды қажет ете­тіндерге риясыз немесе өтеусіз ең­бек кіреді. Нәтижесінде, волон­тер­лер жеке тұлға ретінде жеті­ліп, патриоттық сезімге ие болып, ұлт­­тық-мемлекеттік мүдделерді түсінуге, жалпы­адамзаттық және рухани-өне­гелік құндылықтарды бойына дарытып, оларды дамы­туға күш салады. Қо­ғамдағы мәде­ниет­аралық төзімділік артып, бі­реуге деген теріс ниеттілік пен төзбеушілік, қастандық азайып, жас­тардың қоғамға жат қылықтары кеми түседі. Волонтерлер әлеумет­тік қыз­мет көрсету кезіндегі жұ­мыс­тарында игі­лік, кеңпейіл, ашық, ізгілік пен еріктілік, бей­ресмилік, ынталылық, жігер­­лілік, нысаналылық, мейірім, ықы­­лас және рақым сияқ­ты адами дүниелерді негізге алады.

Олай болса, моральдық-эти­калық тұрғыдан да волонтерлік қоғам өміріне қатысудың заң­ды жолы болып табылады. Өйт­­­кені волонтерлер арасында ­адам­­дардың құқықтары мен ар-намы­сына, олардың ұлттық және мәдени ерек­шеліктеріне құр­­­метпен қарауға басымдықтар берілген. Волонтерлік қызметтің басты уәжіне мейірбандық, ат­қарған жұмысынан қанағат алу, жаңа мүмкіндіктер мен мұрат-мүдделерге ұмтылу, жаңа кәсі­би қасиеттерді дамы­ту, өз тәжі­ри­бесімен бөлісу, өзін өзі сыйлау­дың пайда болуын жатқызуға болады. Сайып келгенде, волонтерліктің негі­зін еріктілік, тәуелсіздік, бірлік, жан-жақтылық, адамгершілік, әділ­дік, бейта­раптық сияқты қағи­даттар қалайды.

Волонтерлер өмірге терең қа­ра­ған­дық­тан, волонтерліктің де маңы­зы тереңі­ректе жатады. Ол бейбіт өмір, өркендеу, серіктестік және адамдардың басқа да өмірлік сұрақтарымен тығыз байланыс­ты. Ендеше, волонтерлер қоғамда сенім­ділік тудырады, оның бір­лігі мен ын­тымағын арттырады. Өйткені волон­терлер – шын мә­нін­де бастамашыл, қызметін сол өз бас­тамалары негізінде жүргі­зетін белсенді адамдар. Оларға қо­ғамының, елінің проблемаларына немқұрайды қарау тіптен тән емес. Саналы таңдау жасаған во­лонтерлер басқа адамдардың адами қасиеттерін жеке басының ерекшеліктерін құр­мет­тейді, өз жұмысының сапасына, оның өз мерзімінде орындалуына жауап береді. Волон­терлердің өмірлік ұстанымдарына ор­тақ іске адал болу, атқаратын тапсырмаларын түсіну, жұмысын шын жүрекпен істеу және еріктілік кәсібін мақтан ету жатады. Бұл – олардың жан байлығы молдығының көрсеткіші.

Адамгершілік пен азамат­тық тәрбие­ден нәр алған волонтер­лердің басқа адам­­дардың игілігіне ба­ғытталған қыз­мет­­терінде сөзі мен істерінің бір бола­тын­дығының айғағы болмақ. Волон­терлер үшін ең маңыздысы, бі­реуге көр­сеткен көмегінің сол адам­ның жағдайын сәл де болса жеңіл­детуге өз септігін ти­гіз­гені және ол тегін, өз еркімен істел­гені болмақ. Волонтер қыз­ме­тінің бас­ты қағидаты – еріктілік. Ол қызметтің құндылығы мен маңыз­дылығы ең алдымен волон­тердің өзіне қажет және оның мәні зор.

Волонтерліктің белсенді дамуы қо­ғамда басқалар үшін өмір сү­ру, адам­гершілік, еңбекқорлық, өз идеясы мен ісіне берілгендік сияқты жағымды өзгері­стерге әкелері сөзсіз. Ендеше, волон­тер­дің тұлғасы басқаларға қарағанда үйле­сімдірек болып келеді. Оның өзге адам­ның жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеті, өзін әлеуметтік ортада ұстай білу, сол ортадағы адамдармен дұрыс қа­рым-қатынас орната алу қабілеті мо­лырақ. Олар басқалармен са­лыс­­тырғанда қоршаған ортаны бақылап, қорытындылар жа­­­сап, үйрену мен тиісті қоры­тындылар жасауға бейім. Сон­дық­­тан волонтерлер басқа адам­дардың мінез-құлқын жақсы тү­­сінеді. Еріктілердің бойында ком­­муникативтік және ұйымдас­ты­­рушылық бейімділіктің дамуы мен көмек көрсетуге деген қызы­ғушылық тал­пы­ныстың деңгейі жоғары.

Жалпы, волонтерліктің ма­ңы­зы мен ықпалы туралы сөз қоз­ғағанда, олардың жеке адамға тигізер әсеріне емес, кері­сінше, ең алдымен, бұл қозғалыстың да­му­дың күн тәртібіне және қо­ғамның дамуына ықпал ету мүм­кіндіктерін ескерген абзал. Өйт­кені оның қоғамдық келісімді нығайтып, қоғамды біріктіре алатындай әлеуеті мол. Өзінің мәні бойын­ша волонтерлік азаматтық қоғамды алға жылжытуға, оның институттарының қалыптасуына, солайша азаматтық бел­сенділікті дамытуға тікелей әсер етеді.

Волонтерлік – ар-намыс кодек­сін қатаң ұстанатын өмір салты. Волонтердің істері басқа адам­дардың жағдайын жақ­сар­тып, қо­ғамда үнқатысу мен ынты­мақ­тастықты орнатуға әкелуі керек. Олар­дың өз жұмысы үшін мақ­тау немесе сол атқарылған ша­руаның бағасына тең немесе одан артық болатын заттай сыйақы талап етуге құқығы жоқ. Де­генмен, во­лонтерлердің жұмысы бар­лық жағдайда тіптен де төленбейді деуге бол­мас. Әдетте олар жұмыстарына ақы алу­дың орнына тәжірибе, білім мен кәсіби дағдыларды игер­генді, пайдалы жеке байла­ныс­тар орнатуды төлемақы ре­тінде қабылдағанды дұрыс көреді. Осылайша во­лонтерлер кәсіби тұр­ғыда қалыптасып, үлкен әлеу­меттену мектебінен өтуде.

Тағы бір көңіл аударарлық жайт, во­лонтерлер өзінің саяси не­месе діни тиіс­тілігін көрсетуге де, көр­сетпеуге де құқылы, ал бірақ волон­терлікті өздерінің на­­ным-сенімдерін насихаттау үшін пай­далануға жол берілмейді. Ерік­ті жалғыз қалса да, бастаған ісін ая­ғына дейін жеткізуі керек. Егер дағдарыстық жағдай орын алған кез­де ол жерге бірінші болып во­лонтерлер келіп, жергілікті қа­уымдастықтармен оның зардаптарын еңсеруге күш салып, көп уақытқа дейін сонда болып, кетпей, ақырына дейін қалады. Олай болса, нағыз волонтер – ол адамгершілік пен са­ламатты өмір салтының, төзімділік пен ық­пал­дастықтың, сол сияқты саналы таңдау мен риясыздықтың үл­гісі. Сондықтан волонтерлердің әре­кеті бүкіл адамзатқа тиесілі деп тү­сінген жөн. Олар үшін пікірлес адамдардың барынша көп болғаны маңызды. Оның жақтастарының қатарының өсуі, бәлкім, біздің қоғамның шын мәнінде рухани-адамгершілік тұрғыда жаңғыруына әкелері сөзсіз.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саяси ғылымдар докторы