Дана халқымыз ғасырлар бойы мәдениеті мен өнерін, дәстүрі мен асыл мұрасын алтын бесігінде тербетіп келе жатқан архив қоймалары рухани жаңғыруымызға бастаухат болатын текті тиек. Егемен еліміздің тарихына таған тартсақ, елеулі оқиғалар жайында нақты дерек қалдыру, бастан кешкен жайды түйіндеп жазып қою əдеті, сондай-ақ өткен замандардың жазба дүниелеріне зер салып, назар аудару ертеден-ақ қалыптаса бастағанын аңдаймыз. Бүгін де біз, әдеттегідей, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивіне бас сұғып, біраз маңызды мәліметтерге қанық болдық. Заманауи қондырғылармен жабдықталған оқу залы керек мағлұматтарымызды лезде тауып алуға жәрдемдесті. «Сандық мұрағаттар» жобасы сәтті жүзеге асырылыпты. Соның нәтижесінде сирек құжаттар электронды түрде барлық пайдаланушыларға қолжетімді екен. Міне, содан ғой көңіліміз толқып, өткенге бір сапар шеккендей болып отырғанымыз.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін елорда әкімдігі Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивін дамыту стратегиясын әзірледі. Мұрағат тәуелсіздік дәуіріне және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне ерекше назар аударады. Мұнда сақталған бірегей құжаттарда тәуелсіздіктің ең жарқын кезеңдерінің бірі – астанамыздың сол кездегі Ақмолаға ауысуына негіз болған көріністер бар. Атап айтсақ, инфрақұрылымның өсуіне ықпал еткен мемлекеттік органдарды көшіру, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын ашу туралы жарлықтар, сондай-ақ кино және фотоқұжаттар – елдің бас қаласы қарқынды дамудың жарқын куәгерлері, – дейді қалалық архив директоры Мейрам Бектембаев.
Иә, құнды құжаттар ғасырлар қойнауына қайта оралтады. Оларсыз Қазақстанның бай тарихын елестету мүмкін емес. Мұндағы ескі деректер – мемлекет қолындағы саяси, шаруашылық, ғылыми, əлеуметтік, мəдени немесе тарихи мəні бар документтердің жиынтығы. Сондықтан оларды қорғау мен пайдалану ережелерін қатаң сақтау еліміздің мемлекеттік жəне қоғамдық ұйымдарының, сондай-ақ əрбір азаматтың абыройлы парызы.
Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің қызметкерлерінің айтуынша, былтыр Ұлттық мұрағат қала тарихы жайында сирек кездесетін құнды құжаттарымен толыққан. Түстеп көрсетсек, Ақмола уезінің ашылуы, Қоңырқұлжа Құдаймендиннің аға сұлтан болып сайлануы, алғашқы қоғамдық банк, пошта торабы және әйгілі Константин жәрмеңкесін құру туралы материалдар. Ғажабы, мұнда тек елорданың ғана емес, тәуелсіз еліміздің тарихын білгісі келетіндер үшін баға жетпес айғақтар да жетерлік. Тіпті шетелдік репозиторийлерден сирек кездесетін деректер бар. Мәселен: Сұлтан Кенесары Қасымовтың (1829-1841) іс-әрекетін бақылау ісі, Ыбырай Алтынсариннің исламтанушы Николай Ильминскийге жазған хаттары, 1914 жылы 15-25 маусымда Санкт-Петербургте өткен Мұсылман съезі туралы ақпараттарды көптеп кездестіресіз.
Ол ол ма, 1917 жылдан бастап Қазақстанның тәуелсіз даму дәуіріне дейінгі революция, Кеңес Одағының құрылуы, ұжымдастыру, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тылдағы өмір, эвакуация және басқа оқиғалар туралы ақмолалықтардың саяси, экономикалық және мәдени өмірінің жергілікті дәлелдері бар.
«Мұрағаттың міндеті тек құжаттарды сақтау ғана емес», дейді М.Бектембаев. – Бүгінде Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында жалпы қоғам үшін де ата-бабаларымыздың өмірінің құжаттық дәлелдері қолжетімді болуды міндетке алдық. Мұрағат өткен дәуірдегі азаматтардың ғұмырынан жарқын мысалдарын келтіріп, біздің ұрпақтың рухани жетілуіне ықпал етуі керек».
Демек, архивтің маңыздылығы оның тарихи оқиғаларды білу мен түсінудің қайнар көзі болып табылатындығында, материалдық және рухани мәдениеттің жетістіктерін жинақтайтындығында және ұрпақтар арасындағы қатынастардың сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігінде болып отыр. Міне, сондықтан тарихи жадымыздың бірегей қайнар көзі кеуіп кетпеуі үшін оны үнемі дамытып отыруымыз шарт.
Бір қызығы, қалалық архивтің оқу залына жыл сайын 100-ден астам зерттеушілер келіп, мұрағат көздерімен жұмыс істейді екен. Отандық және шетелдік ғалымдар, студенттер, магистранттар, өлкетанушылар жиі бас сұғады. Ал архивтің анықтамалық қызметі жыл сайын орташа есеппен 10 мың сұранысты орындайды. Көбінесе заңды және жеке тұлғалардың меншік құқығы, кәсіпорындар мен мекемелер тарихы туралы мәліметтер іздеп келетіндер көп. Тек қазақстандықтар ғана емес, сонымен қатар шетелдік азаматтар да бар. Осы ретте ұжым жастарды көптеп тарту үшін интерактивті алаң құрып, өлкетану көрмелерін жиі өткізіп тұрады.
Соңғы кезде оқырмандардың дүниеден өткен ағайын-туысын, соғыста қаза тапқан аталары жайында, ру мен жеке адамның шығу тарихына қатысты мәліметтерді іздеуге деген қызығушылығы арта түскен. Әсіресе шежірелік сипаттағы анықтамаларға әуес. Бұл бізге жас көрінетін астанамыздың 2 ғасырлық тарихы бар екендігін тағы бір аңғартатындай.
Архивтерді ақтарсаңыз, XX ғасырдың 30-жылдарынан бастап жер аударылған халықтардың кескін-келбеті мен жүріп өткен жолы шығады. Оған қоса жергілікті немістер Германияға бару үшін туыстық қатынастарын растайтын әртүрлі отбасылық байланыстарды іздейді. Соғыс кезінде жоғалып кеткен туыстарын іздеген адамдардан келіп түскен өтініштер де орасан.
Кейде отбасылық шежірені табу қиынға соғады. Неге десеңіз, мәселен Польшаның тумасын өткен ғасырдың 30-жылдары Ақмола облысына жер аударды делік. Жазасын өтеп біткеннен кейін қайта Ақмолаға көшіп келіп, осында тұруға бел байлайды. Ал ақпараттар бөлшектенгендіктен олардың басын құрау өте күрделі іс. Бұл жерде жеке тұлғаға тиімділігі, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінің оқу залынан өз туыстары туралы ақпаратты ақысыз іздей алады. Бұл ізденіс түптің түбінде олжамен аяқталатынын ескерсек, көз майын ағызып құжат ақтару қиын шаруа емес.
Бір қарағанда архив – жанды тірліктің жансыз дерегі сынды көрінері де бекер емес. Бірақ та бұл сырт көзге ғана. Асылында архив əлемі тереңіне бойлап, жіті үңілетін зерделі иесіне кезіксе, бір кереметі оған да тіл бітіп сөйлейді, жан дірілі мен айғақты сырын айқара ашып, тілдеседі. Архив шежіре-кеніш, шежіре-сыр дейтініміз содан.
Қалалық архивті ақтарып отырып біз мынандай қызықты деректерге жолықтық. Соғыс жылдарында елордада зениттік және химикатқа қарсы қорғану үшін бейбіт тұрғындарды жаппай оқыту басталады. Ересек тұрғындардың барлығы дерлік тізімге алынады. 16-дан 50 жасқа дейінгі ер адамдар міндетті әскери дайындықты игереді. Қалада әуеден қорғаныс штабы құрылып, өзін өзі қорғау сабақтары оқытылады. Сол қиын қыстау кезеңде Ақмола ауыр жараланған солдаттар мен офицерлерді емдейтін орынға айналыпты. Сонымен қалада 2 эвакуациялық аурухана орналасқан – №1600 және № 3006.
Соғыс жылдары ақмолалықтар майданға көмектесуге барынша тырысады. Қарапайым халық елдің қорғаныс қорына қаражат жинаған. Мыңдаған тонна азық-түлік пен жылы киім салынған пакеттер майданға жіберіліпті. Соғыс басталғаннан-ақ қала өнеркәсібі әскери тәртіпке бағынып, қайта құрыла бастайды. Ақмола қаласында одақтық маңызы бар зауыттар іске қосыла бастайды. Аталған зауыттар оқ-дәрі әрі тракторларға арналған станоктар шығарыпты.
Деректерге сүйенсек, Ақмола қаласында 4 дивизия құрылған. 310, 387, 29 жаяу әскерлер және 106 кавалерия. 1941 жылдың желтоқсанында жауынгерлер мен командалық құрамды орналастыру үшін әскери қалашықта 126 казарма дайындалады. Оған 7600 адам қабылданады. 1500 жауынгер қаланың ішіндегі мұражай ғимаратына орналасса, ал «Сталин туы» газетінің редакциясына 800 адам қоныстанады. Жалпы 9783 ақмолалық майданға аттанып, соның 7 414-і оққа ұшыпты. Кейіннен 38 ақмолалық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. 7 солдат үшінші дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталған екен. Осындай көп қолға түссе бермейтін маңызды мағлұматтар соғыс тақырыбында сөз қаузарда тілге тиек болар дүниеге бай әрі жастардың намысына қайрақ болмақ.
Алдағы уақытта қалалық архив орталығының қызметкерлері студенттерге экскурсия жүргізіп, тарихи үйірме ашуды көздеп отыр. Оған себеп – мұрағат қорларының мəн-маңызын болашаққа ұғындырып, өткен өмірді қайта парақтау.
Қайта парақтау дегеннен шығады, республикамыздың архив қазыналарын зерттеу негізінде жазылған ғылыми монографиялар мен əртүрлі еңбектер, деректі кітаптар мен көркем шығармалар, түсірілген кинофильмдер аз. Олардың көпшілігі ғылыми жұртшылыққа да, қалың оқырман қауымға да белгісіз. Ал тікелей Қазақстандағы архив ісінің өткен жолы мен қазіргі деңгейі жайында жүйелі пікір қозғайтын жекелеген авторлардың мерзімді баспасөз беттеріндегі кезеңдік мақалалары болмаса, архив жайында республикамызда осы уақытқа дейін қазақ тілінде, яки орыс тілінде бірде-бір арнаулы, елеулі еңбек жарық көрмеген. Көрген жағдайда да, оқырманға толық жете бермейді. Өкініштісі сол...
Сөз соңында айтарымыз, бірде француз тарихшысы Шарль Ланглуа: «Құжаттарды ештеңе алмастыра алмайды: құжаттар жоқ жерде тарих та жоқ. Мемлекет жоғалған байлықты қалпына келтіре алады, жоғалған жерлерді қайтарып ала алады, бірақ жоғалған құжаттарды қалпына келтіру мүмкін емес», депті. Осы бір оймақтай ойдың астарында үлкен мән жатқандай. Біздіңше, уақыт маңдайына жазылған жәдігерлер адамзаттың күнтізбесіндей қадірлі болуы тиіс. Ол өткен мен бүгінгінің арасына өзек болар алтын арқау емес пе?