Тарих • 04 Қараша, 2020

Ер үстінде еңсе биік

553 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дәуір алмасса да дәстүрін дәріптеуге іңкәр, бабадан қалған өсиетті, дала ділмарының тарихтан аршылған аңызын ауыздан-ауызға жеткізген халықтың даналығына дала бойлар ма? Шарайна жерді тітіреткен, семсер сілтесер қарсылас қалдырмаған түркінің ерлігін жырлар болсақ таң асыра толғанарымыз хақ. Бұл жолғы әңгіменің де әуені сол жақтан естіледі. Күміс қасты ердің үстінде батырларымыз тұлпар тізгіндеп, тебісімен жұмыр жерді теңселткен. Сондағы ер-тұрман оғланның ожданындай бағалы саналған. Алыптардың айбынды тұлғасына астар болған жауһар жәдігер-тұғын.

Ер үстінде еңсе биік

Бақсаңыз, ұлы көшпенділердің сарқытындай қисапсыз қол жинап, құс қанаты талатын салқар даланы емін-еркін жайлаған сақ пен ғұнның ұрпағына ер-тоқымның орны ерек болғаны тарихтан аян. Сол тауанды тарихтан сыр тартпас бұрын ержүрек ердің қанатына баланып, ұлттың тірлік тұтқасына баланған жылқы туралы аз-кем тоқтала кеткеніміз артық болмас. Бүгінде бабаларымыздың ер-тұрманды, соның ішінде үзеңгіні ойлап тапқанын жалпақ әлем мойындайды. Сонымен бірге бұл жаңалық әлемдік өркениеттің дамуына да негіз болғаны анық.

Енді ойлап қарасаңыз, сол ұлы халықтың заңды ұрпағы бізбіз, түбіміз түркі ұлыспыз. Қазір де қазаққа мұрнын шүйіре қарауға бейіл кейбір халық шандып-шандып шәркей киіп, жалаң жүргенде біз талқыдан тері өткеріп шалбар киіп, ат құлағында ойнадық. Құс қанаты талатын айшылық қашықтықтар біздің табанымызда иленіп жатты. Тіпті Алтай мен Атыраудың арасын алты-ақ күндік жол еткен де біздің балбал пішінді баһадүр ерлер емес пе? Міне, бұдан соң қалай Ұлы даладағы ұлы халықпыз деп мақтанбасқа? Неге біз өз тарихымызды сонау Тигр мен Ефрат өзенінің жағасында-ақ өркениеттің алтын бесігі атанып, атын дүрлеткен вавилондықтардай әлемге аңыз ғып айтпасқа?! Ол үшін тағы қандай қадам керек деп ойлайсыз?

Біздіңше, әуелі осыншама бай тарихымызды баянды зерттеп, зерделей алмауымыздың өзі ұлттың ұяты болса керек. Бұлай байлам жасаудағы себеп те біреу-ақ: тағылымы мол тарихи жазбаларға жолыққан сайын осы ойға тап боламыз. Мысалы, дана халқымызда «Ат үстіндегі қазақ – тақ үстіндегі қазақ» деген кесек сөз бар. Неге бұлай айтты дейсіз ғой? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін еліміздің ертедегі тарихи жазбаларына үңіліп көргеніміз артық болмас. Сол жазбалардың бірінде сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, алан елдері жаңа дәуірден жеті ғасыр бұрын да ер-тұрман, күйме, арба, арқан-жіп, қару-жарақ, сауыт-сайман жасап қолданғаны айғақталады.

Ол аз десеңіз, ел археологтері Ган Су, Тұрпан, Алтай, Санжы, Іле алқапта­рындағы сақ, үйсін тұрақтарынан тапқан атқа мінген шабандоз, ерттеулі ат, жү­ген, ауыздық, үзеңгі қатарлы заттар айғақ. Мұнан бөлек, қазақ даласындағы жартастарға сызылған ерттеулі ат сурет­тері, Байқал көлі, Сарыөзен аңғары, Кас­пий маңайы, Дунай өзені алқабы, Алшын тауы, Тілеу тауы қойнауларынан қазып алынған ер-тұрман жасау шеберханалары дәлелдеп отыр. Алысқа бармағанның өзінде күні кешегі Ақтау қаласы маңынан табылып, ғұндарға тиесілі деп танылған ер-тоқымның жайын ойша елеп-екшеңіз.

Сенбесеңіз санадағы салмағын са­рап­­таңызшы: баба тарих не дер екен? Таңғалмасқа шараңыз жоқ! Себебі сол дәуірлердің өзінде қазақ даласында ер-тұрман жасау шеберханаларының болуы жылқымен қоса әбзелдер құнының жоғары деңгейде болғанын растайды.

Ал бүгін ше? Тақымы аттан босап техника тетігіне телмірген ұрпаққа ай­нал­ғанымызды несін жасыралық?! Ер түгілі жүген мен ноқтаны, құйысқан мен өмілдірікті түсінде де көрмейтін ұрпақ тәрбиеленіп келеді. Ал олардан: «Аталған мұралардың құны туралы ойланасың ба?» деп сұрасаңыз, әбестікке баланады бүгін. Сосын да санаға, тоң жүрекке ақылдың миуалы нұрын төгер деп атам қазақтың асыл сөзіне құлақ түресің. Данагөй халқымыз бір мақалында: «Аттан айырылсаң да, ер-тоқымнан айырылма» деп өсиеттепті. Демек, бұл жердегі «ер-тоқым» сөзі жігіттік ар-намыстың биік үлгісін әспеттеп тұрса керек. Яки, ол уақытта Алаштың әрбір азаматы үшін қандай қиын-қыстау, сын сағаттарда да ерді сақтап қалу міндеттелген. Сосын ғой жапан түзде аты өліп, азығы таусылып арып-ашып жаяу қалса да ер-тоқымын арқалап елге оралатыны.

Атақты тарихшы И.Георги қазақтың ер-тұрмандары жөнінде: «Әйгілі сәйгүліктеріне ғажайып ер-тоқым, жабулар мен жүген салады» дейді. Былай қарағанда қарапайым сөз болып көрінгенмен, тарих үшін бұл лепес тіптен қымбат. Осы бір қысқа пікір арқылы ежелгі сәйгүліктердің де, алғашқы ер-тоқымның да иесі қазақ екені меңзеледі. Енді бұл ретте басқасын атамағанның өзінде, Тарлан аттың үстіне алтыннан ер-тұрман салған Ер Тарғынды, тұлпарын гауһар таспен безендірген еңсегей бойлы Ер Есімді ескеріңіз. Бәрінің тағдыры ерге байланған. Әрі осы алыптар ер-тұрманын барлықтан, байлықтан алтындамапты. Бақсақ, әу баста мысал еткеніміздей астындағы ерін тағым, билік етер биік тұғырым деп қасиет тұтқаннан істетіпті. Мұның бәрін неге айтамыз? Өйт­кені бүгінде ат ер-тұрманынан айырылды.

Ел нағыз ердің намысына сусады. Бүгежек, бұқпантай, боркеміктер бой кө­бейтті. Тасада тұрып сөйлесе тау қо­парып, тас үгуге дайын да, топқа түссе тө­беден ұрғандай отыратындар бар. Мұ­ның бәрі ер-тоқымның киесін, аттың қадірін білмегендіктен болып отырған сыңайлы.

Ал құр ерге мінудің салдары туралы ойланған кім бар қазір? Музейде тұрған ерге мінер-мінбес, ал былайғы сән үшін жасалған ердің ерттеусіз-ақ қызық үшін мініліп жатқаны қаншама? Кейбіреулер мұндай ерлерді дөңгелек үстелдер үшін орнатып, қонақтарды жайғастырып мәз болысқанын көрмес көзіміздің көргенін қайтесіз? Осыдан барып аталарымыз жиі айтатын «құр ерге мінбе» дейтін тыйым сөздің қаншалық қадірі қашқанын бай­қайтындайсыз.

Шынында, қазақ неге ұрпағын бұлай тыйып өсірді дейсіз ғой? Себеп те айқын. Көшпенді қазақ үшін құр ерге міну ұрпақ­сыздықтың белгісі болған. Яғни атын әкеліп, ерттеп беретін ұрпағы жоқ адам ғана құр ерге мініп, екі жанын қамшылап қалады дегенді білдіріпті. Ал біз құр ерге не мақсатпен мініп жүрміз, айтыңызшы?

Байырғы батырларымыздың ер үстінде еңсесі биік болған. Жылқының жалына жабысқанда намысы өршіп, жауын сескенткен. Ер-тұрманын сайлап, ел мен жердің азаттығы үшін жан алып, жан беріскен. Сол наркескен намыстың отын жағатын астындағы қасиетті ер-тұрман еді. Ар жағын өзіңіз бағамдай береңіз.