Шүкірлігі аузында жүрген қазақтың өнерлі перзенті Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбековпен дидарласудың өзі оның тұнық даусын естуден басталды-ау. Ол әуелі ел алдында әуелете ән шырқайтындай тамағын кенеп алды да:
– «Әкеміз қасиетті домбыраны қолыңнан тастамасаң, қазақы қанындағы бар дүниең жаныңнан жоғалмайды», – дейтін тебіреніп. Сол уақытта бұл нақылдың мәніне бойлай алмап едім, кейін тереңдігін ұқтым. Менің бүгінгі жетістігім, ата-анамның ақылын тыңдап, жүрегіме ұялаған ән өнеріне деген сезімді шыңдай білуімде жатқан шығар, – деп бір қайырды да, өнер жолына қалай түскендігін термеледі.
Үнемі ауылдағы жиын-тойда атой салып, жырмен жұртты тамсандырып қайтатын сөзге сүлей, ойға кенен анасының әсерлі әңгімесіне әуес еді. Сонда алқалаған әлеуметтің ынтызарлығына қарап қыран құстай қомданып, домбыраның сүйемелінсіз қаракесек жырды әуелететініне ерекше сүйінетін. Жады зерек бала Ерболат баяғы бабалардың аузынан қалған жырды жатқа соғып, бала күнінен өнерге бір табан жақын болады. Толқынды желіден күн сайын Манарбек, Жәнібек, Дәнеш, Қайрат сынды жезтаңдай әншілердің асқақ әнін тыңдап, олардың табиғат берген таза даусына құмартып, дәстүрлі әнін бойға сіңіре түскен. Бір тыңдағаннан санасына сіңіріп алған зеректігіне ел сүйсініп, ғажайып әңгімелеріне құлақ қойса, тұйғындай ғана тұрпаты бар, қара торы бала өзгеден екі есе құмарлықпен өнерге ынтыға қарайтын. Сондай бір сәттерде исі қазаққа белгілі болсам деген арманы кеудесінде бүрлегенін, кейін жалпақ жұртқа әншілігімен танылар өнерпаз боларын білді ме екен?
«Отбасымда «әу» демейтін адам жоқ. Негізі нағашыларым өнерге кең құлаш жайған адамдар. Бірақ кер заманның күйбең тіршілігіне оралып, танымал болған бірі жоқ. Анам Дәнехан Іргебайқызы ертеректе дүние салды. Менің репертуарымдағы әндердің дені сол кісіден қалған мирас. Мектеп қабырғасында жүргенде көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысып, ән айтуға бейімделе бастадым. Ауылдағы үлкен ағам Болатбек мәдениет үйінің меңгерушісі болатын, сол кісіден біраз тәлім алдым. Кішігірім жиындарда өлең айтып, бірте-бірте Құдай бұйыртып сахналарға шыға бастадық», дейді өткенге бір сапарлап.
Айтуынша, оқушы шағының соңғы көктемінде: «Қалай да сахнада домбырамен ән салатын күнге жетемін», – деп алдына мақсат қояды. Алайда ойда-жоқта әкесі дүниеден озып, жылы өткенше қарашаңыраққа қолғабыс етуге тура келеді. Қатарластары қалаға қарай қырбайласа да, жас түлек оған бола қынжылмады. Содан ауылдағы мәдениет үйін маңайлап, мектептегі жиын біткеннің сахнасында ән әуелетіп, көзтаныстарға әнші ретінде танылады. Ең ақырында ел ішіндегі ағаларға еліктеуінің нәтижесінде музыка өнерін таңдағанына шүкірлік айтатын күнге жетті.
1995 жылы әсем шаһар Алматыға тартып, ағалардың нұсқауы бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына құжаттарын тапсыруды ойлайды. Дегенмен кескін-келбеті келісіп тұрса да актер болуды көздемеген жас талант бұл киелі шаңырақта оқудан бас тартады. Онсыз да тіршілік қуып, өнерден алыстап бара жатқанына күйініп жүрген бозбала мұндай қолпаштаудан кейін тәуекелге шын мінеді де, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне барып бағын сынайды. Адам қалағанының бәріне қол жеткізе алады. Тек жүрек қалауына қайшы әрекет істемесе болғаны. Бұл тұрғыда Е.Шалдыбековті ерекше атап өтуге болады. Ол да қала қарбаласы, тіршілік қамымен жүрсе де, жүректе бұғып жатқан арман жолында аянып қалмаған. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне барып бағын сынаған күннен кейін, студенттер сапынан табылған.
Болмысы туған топырағына тартқандай, табиғаты да сұлу, Кетпен тауындай асқақ көрінетін өнер иесінің бұл орайда:
– Не де болса білім алып, өзіме керекті ақпарды там-тұмдап жия берейін дегенді ғана мақсат тұттым. Сөйтіп колледжде асқақ асылдың сынығы Төрткен Кененқызының класынан тәлім алдым. Сол кісіден көп нәрсе көңілге түйіп, музыканың шыңы – дәстүрлі ән екенін ұғындым, – деп еске алады өзі.
«Бағалай білгенге бақ қонады», – демекші, өзі білім алған шаңырақта талайларды тәнті еткен ол 3 жылдық білімді жетілдіру мақсатында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Қазақ өнерінің талай қарлығашын қанаттандырған бұл іргелі оқу орнында жыл өткен сайын күрделене берер музыка саласының қыр-сырына қанығады.
Қайнаған Қарадаланың әсем табиғатынан нәр алып, аспаншыл шыңдарына қарап арман-мақсат құрған жас Ерболат студенттік жылдарда қазақтың маңдайына біткен дара тұлғалармен біте қайнасып араласып, пікірлесіп жүрді. Дәстүрлі ән өнерінің дарабозы Рамазан Стамғазиев сынды көптеген зиялы қауымның кең құшағы, ақ пейілі жас талантқа ерекше ашық еді. Өйткені кешегі салқар даланың сарыны осы бір Ерболат ныспылы азаматтың өн бойынан есіп-сорғып, әуелеп көрініс беріп тұратын. Содан да болар, өнердің биігіне көтерілген, жерлесі Жақсылық Мырқаевпен жолығады. Дарыны дара Дәнеш Рақышев пен Қайрат Байбосыновтың шәкірті жас өнерпаздың бойынан жалын, жанарынан от байқаған көреген адам еді. Ән айтуы, асқақ биікте әуелете шырқауы жан жүрегін тебіренткен. Содан шәкірт болар текті азаматты таптым деп қос алақанын ысқылаған дарабоз әнші жас талантты бауырына басады. Тағылымы терең туындылардың сырлы сымбатымен ғана қанықтырмай, мазмұн мәйегін, ішкі астарына дейін Ерболаттың бойына сіңіруге тырысады. Қағылездігі, зеректігі талантымен ұштасқан шәкірт те сонау С.Аронұлы атындағы Алматы облыстық филармонияға қызметке тұрғаннан бастап, ұлы ұстазы дүниеден өткенше бар қазынаны қотарып, дара әншіден текті елдің ғажайып әндерін үйренеді.
Иә, «алмас кездік қын түбінде» жатпайтыны белгілі. Жалын атқан жастығын әншілік өнерге арнап, жоғары оқу орнын зор абыроймен бітірген өнер иесі туған жердің түтінін түтетуді қалайды. Сөйтіп жер жәннаты Жетісуға бет түзейді. Сол уақытта Алматы облысының орталығы Талдықорғанға ауысып, жастар лек-легімен туған жеріне туын тігуге ниеттеніп көшіп келіп жатқан еді. Өмірде әр адамның басында ең бір аяулы сәтті шақ болады емес пе? Өскен жерден тамыр үзіп кеткісі келмеген талант С.Аронұлы атындағы облыстық филармонияға жұмысқа қабылданып, өңірде дәстүрлі өнердің отын жағады. Жастық жігері жалындап тұрған жас жігіт қосымша Талдықорған қалалық өнер мектебінде Жетісу ән-жырынан сабақ береді. Ең ғажабы өзі пір тұтқан ұлы тұлға Д.Рақышев атындағы мектеп-интернатында шалғай ауылдан келген балаларды өнермен сусындатып, дәстүрлі әнге баулығаны. Себебі бүгінде сол шәкірттерінің алды Шаттық Уатқан, Гүлмира Асылбекқызы секілді музыка майталмандары өнер саласында аянбай еңбек етуде.
«Дәнеш атамыздың есімін арқалаған қарашаңырақта білім беру маған тылсым күш бергендей болды. Себебі қазақтың маңдайына біткен айтулы әншісінің үні қалған білікті білім ордасы. Бала кезімде біздің ауылға концертпен келгені еміс-еміс есімде. Оның ән салған сахнасы, дәріс берген сыныптарын көргенде ерекше сезімге бөлендім. Мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Мектеп ішіндегі музейде аяулы жары Рахилям Имярова апайымыз қызмет істеді. Сол кісі арқылы көптеген естелігіне қанықтым. Дәнеш Рақышевтың шәкірттерімен етене жақын болдым. Нұржан Жанпейісов, Абылайхан Қармысов секілді ағаларыммен әлі күнге тығыз байланыстамын», дейді кейіпкеріміз бұл орайда.
Олардың өнерге деген өлшеусіз сезімі, жанашырлығы өзі секілді сан шәкіртке ғұмырлық сабақ болғаны анық. Ел жайы, қоғам көрінісі, ұрпақ қамы мен әннің шығу тарихы жайлы таңға толғар тағылымды сөздері бойына қуат болып құйылғанын да жасырмады.
2016 жылдың күзінде ұлттық өнердің ақсақалдары Қайрат Байбосынов пен Алмас Алматов ұсыныс тастап, жайсаң Жетісудан асқаралы Арқаға қоныс аударды. Елордадағы ең үздік білім ордасының бірі – Қазақ ұлттық өнер университетінде Жетісу жыршылық дәстүрінен сабақ береді. Ағалары хабарласып жағдайды түсіндіргенде, екі қолын бірдей көтеріп келіскен екен. Олардың таңдауы түскеніне де ерекше қуанып, бала-шағасын алып, ештеңеге қарамай астананың төрінен бірақ шығады. Шынында, мың бұлақтың тамшысындай сылдырлаған сұлу сазды көкірегіңе қондырған өнерпаздың өнерге деген іңкәрлігін тілмен айтып жеткізу қиын-ақ.
Кешегі Қабан жырау, Сүйінбай, Сәдіқожа, Жамбыл сынды қасиет қонған арда бабалардан қалған жауһар жәдігерлердің нарқын бұзбай, ел ішінде насихаттап жүрген Ерболаттың ән өнеріндегі ерекшелігі де сол жетісулық мақамға салып, асыл перзенттердің аманатын арқалап, дәстүрді жаңғыртқаны. Сол өнердің өресін кеңіткен бабалар үнін тыңдағанда кеудеңді бірде шаттық кернеп, бірде мұң ториды. Замана зары, өмір шындығы, ел ерлігі деген ізгі қасиеттердің бәрін кеудесі кенді кешегілер әнмен мұра еткеніне қайран қаласың. Мұны музыка әлемінің терең сырынан сусындатар тағылымы мол өнер ордасы – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басшылары ескеріп, өнерпазды қосымша жұмысқа алады.
«Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Рабиға Есімжанова, Жаппас Қаламбаев, Мағауия Хамзин, Еркеғали Рахмадиев, Роза Бағланова тағы басқа қазақ музыка мәдениетінің қазығын қаққан көптеген ірі тұлғалардың айқын ізі қалған тарихы бай, тамыры терең «Қазақконцертте» қызметке тұрғанымда қатты қуандым. Бұл мен үшін үлкен мерей болды. Олардың өміршең әндерінің әуезі тыңдар құлаққа жағымды болса, мәні мен мазмұны уақыт өткен сайын арта түсер қазынамыз емес пе? Одан қалса Алтынбек Қоразбаев, Сара Тыныштығұлова, Айман Мұсақожаева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Жеңіс Сейдолла, Жанғали Жүзбай, Құмарбек Қалқатай, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Азамат Жылтыркөзов, Димаш Құдайберген сынды дүлдүл әншілердің тамырына нәр берген алтын шаңырақ, биыл 60 жасқа толып отыр. Бұл тек «Қазақконцерттің» ғана емес, ұлттың өнердің мерекесі. Соның ішінде Ерлан Рысқали бауырымыз жетекшілік ететін «Халық қазынасы» бөлімі көнеден келе жатқан төл өнерінің сынын бұзбай, елге жеткізіп жүр. Сол үшін де Мұқағали ақын айтқандай: «Бабаларым, рахмет сендерге!» – деп неге тебіренбеске», дейді әңгімесін тәмамдай келіп.
Естілердің есіл әңгімесін тыңдап өскен Ерболат Шалдыбеков бүгінде дәстүрлі әнімен сан жүректі тебірентіп келе жатқан қазақтың жезтаңдай ұлдарының бірегейі. Шағын мақалада әншілігімен күллі қазақтың жүрегін жаулап, еліне ер тұрпатымен танылған ғұмырынан еміс-еміс естелік таратқандай болдық. Ол аядай ғана Ақтам ауылынан шығып, өнер саласына ғұмырын арнаған күміскөмей әншілердің текті тиегі. Тар кезеңде төзімін желкен етіп, талай дауылда ерлігін ескек етіп табиғат сыйлаған талантына көлеңке түсірмей бүгінге жеткен тұлғалы азамат.