Өнер • 04 Қараша, 2020

Қазақ анимациясының жаңа белесі

769 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Менің бар арманым мультфильмдер де адамға көмектессе екен, өмір сүруге баулып, ұстаздық құрса екен», деген тұңғыш қазақ мультипликаторы Әмен Қайдаровты асқақ мұраттарға жет­кізген ұшқыр қиялы мен табандылығы еді. Кешегі жексенбі балалар жүрегіне жол тапқан осынау суреткер жанның келешекке артқан үмітінің орындалған күні болды. Олай дейтін себебіміз, халық­аралық «ÁMEN» Animation film festival салтанатты жиыны ашылып, бауырлас түркі жұртының аниматорлары бас қосты.

Қазақ анимациясының жаңа белесі

Өнер мерекесіне түркі елдерінің, атап айтқанда, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Баш­құртстан өкілдері қатысты. Фести­валь­дің ашылуына орай отандық муль­типликация саласына жауап­ты құрылымдар мен анимация ма­ман­дарының қатысуымен «Қа­зақ анимациясының көкейкесті мә­селелері» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтті. Фестиваль пре­­зи­денті әрі дөңгелек үстел мо­де­раторы Мақпал Жұмабай фес­тивальдің мақсаты мен міндетіне тоқталып, жыл өткен сайын жаңа қарқын алып келе жатқан жобаның өміршең, өрісті болуына бейілді екенін жеткізді. Әмен Қайдаровтың ізбасары, Ең­бек сіңірген қайраткер Жәкен Дә­ненов фестивальдің ашылуымен құттықтап, ақ жол тіледі. Іргелі өнер саласының бүгінгі дамуы жайында сөз қозғай келіп, ел аумағында хабар тарататын шет­ел­дік балалар арналарының өнім­дерін қазақ тіліне аудару жайлы ұсыныс білдірді.

Фестивальдің ашылуына қа­тыс­қан Ақпарат және қо­ғам­дық даму вице-министрі Болат Тілепов министр Аида Балае­ваның құттықтауын жеткізді. «Қо­ғамымыздың келе­шек гүлденуі де, өміріміздің өнегелі түр­­ленуі де, жас ұрпаққа берер бү­гінгі тәрбиеміз де тәлім-тәрбиеге, үлгі-өнегеге байланысты екені анық. Бұл ретте еліміздегі қазақ ани­­ма­циясының басы-қасында жүрген талант иелері ұлттық муль­тип­ликацияның бәсекеге қабі­лет­тілігін шыңдап, соның ішінде қазақ тілді балалар контентінің ауқы­мын кеңейтіп, қарқынын одан әрі үдетеді деп сенеміз. Әрине бұл ба­­ғыт­тағы арқалап жүрген жүктің салмағы ауыр. Сондықтан осы ізгі шаруаға бел шеше кірісіп, берекесін келтіріп жүрген отандық аниматорлар қауымына зор алғысымды айтамын», делінген хатта.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың фестиваль ұйымдастырушыларына жолдаған құттықтауын жеткізген министр кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев отан­дық киноөндірушілерді қолдау мақ­сатында министрлік заңнамалық мәселелерді кешенді түрде шешіп жатқанын мәлімдеді.

Мәдениет және спорт минис­трлігі Тіл саясаты комитетінің төр­ағасы Әділбек Қаба анима­цияның ұлт­ты тәрбиелеуші стратегиялық ма­ңызына аса мән беріп, алдағы уа­қытта комитет тарапынан бірқатар мәйекті жобалар мен шешімдердің жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, жиында «Рухани жаң­­ғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Рухани жаң­ғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанова мемлекеттік тілді дамытудағы анимацияның рөлі жайында айта келіп, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік және жекеменшік серіктестікке құрылған арнайы бағ­дарлама қабылдайтын уақыт кел­генін, сол себепті анимацияны дамыту бойынша арнайы жол картасы дайындалатынын жеткізді.

Ал «Balapan» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Байма­ханқызы балалар арнасының мультипликация саласын дамытуға қо­сып жатқан үлесі зор екенін атап өтті. Яғни «Balapan»-ның отан­­дық нарықтағы анимациялық жо­балардың 90 па­йызға жуығын өнді­ретінін айта келе, қазақ тіліндегі анимациялық кон­тенттің санын арттырып, тапсырыс көздерін көбейту мәселесін алға тартты.

Дөңгелек үстел барысында Ұлт­тық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орын­басары Айдар Асқарұлы кино орталықтың қаржыландыруымен жүзеге асырылған анимациялық жо­­баларға тоқталып, отандық муль­­­типликатор мамандарға риза­шы­лы­ғын жеткізді. Сондай-ақ Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ ани­мациялық сту­дия­сы­ның басшысы Адай Әбділда анима­ция саласында білім грант­тарын көбейту және жас ма­мандардың әлемдік озық ани­ма­циялық студияларда кәсіби тағылымдамадан өтіп, тә­жірибе алмасуына мүмкіндік жасау жайында сөз қозғады. Одан бөлек, жиынға қатысушы өзге де мамандар тарапынан студияларды техникалық модернизациядан өткізу үшін мемлекет тарапы­нан суб­сидия бөлу тәжірибесі, отандық то­лықметрлі анимациялық фильм­­дер­дің прокаттық көрсеті­лімін ұйым­­­дастыру мәселесі де ай­тылды.

Сондай-ақ фестиваль аясында үш ел мамандарының атсалысуы­мен 11 шеберлік сыныбы ұйым­­­­дастырылып, оған 100-ден аса қа­тысушы тіркелді. «Қазақ ани­ма­ция­сының ретроспективасы» бағ­дарламасы негізінде 16 фильм көр­сетіліп, отандық «Махамбет» мультфильмінің халықаралық көр­сетілімі және түркиялық «Ра­фа­дан Тайфа жер асты хикаялары» фильмі­нің Қазақстандағы тұсау­ке­сері өтті.

Байқауға төрелік ететін қазылар алқасының құрамы білікті маман­дардан жасақталған. Олардың қатарында қазылар алқасының төрағасы, кинотанушы, PhD докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Ки­но тарихы және теориясы» кафе­драсының доценті Баубек Нөгербек, Мәдениет қайраткері, «Сақ» ки­но­студиясының бас режиссері Ба­тырхан Дәуренбеков, жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова, Жапония анимациясының режис­сері, «Netflix», «Warner Brothers», «Dis­ney», «Mad House», «Studio 4C» компанияларымен бірлесе жұ­мыс істеген Ашино Йошихару, ани­мациялық кино режиссері, ҚХР-дың Бейжің қаласындағы «Қыран» студиясының директоры Арысбек Мұқан, «Junior Eurovision-2020» қа­тысушысы Қа­рақат Башанова, режиссер, продюсер, «Qazart» кино­сту­диясының директоры Қасиет Сақиолла сынды елге белгілі мамандар және әлемдік деңгейдегі анимация шеберлері бар.

Ұйымдастырушылардың айт­­уын­ша, биыл фестиваль қор­жы­­нына 47 фильм ұсынылып, оның 37-сі іріктеуден өткен. 9 но­­ми­нация б­­ойын­ша жүлделер тағайын­далды, атап айтсақ Данияр Әб­дукаримовтің «Как мальчик спас свой город» туын­дысы «Үздік кә­сіби анимациялық фильм», Рим Шарафудтиновтің «Правила рисо­вальщика» жобасы «Үздік ре­жис­серлік жұмыс» деп ба­ға­лан­ды. Ал «Үздік сценарий» но­ми­на­ция­сын Сергей Киатровтың «Ре­визские сказки» фильмі иеленіп, «Үздік қоюшы суретші» жүлдесін Дмитрий Власовтың «Flow» және Дастан Кішкентаевтың «Алпамыс» мультфильмдері олжалады.

Сондай-ақ Томирис Аралбай­дың «Что то спрятанное в темном лесу» жо­басы «Үздік студенттік жұмыс» ретінде танылып, «Үздік студенттік режиссерлік жұмыс» но­ми­нациясы бойынша Әліби Мұқы­шевтің «Лас­тик» жобасы марапатталды. Ал Жанәділ Бай­дарбектің «Ырысты ыдыс­тар» анимациялық сериалы «Үздік мульт­хикая» болып таңдалды. «Әділ қазылар жүлдесі» Иван Ар­дашов­тың «Абақ және айналу жо­рал­ғысы» және Седа Бабаянның «Полет» мультфильмдеріне берілді. Жанат Жайлыбайдың «Дала ойындары» мультхикаясы «Көрермен көз­­айымы» атағын алса, «Үздік комикс» конкурсында Эльвира Тұр­ғынбаева жеңіске жетті.