Солтүстік Қазақстан облысына қарасты, қиян шеттегі шоқ жұлдыздай Қайрат ауылы Анжелика Сергеевна үшін жұмыр жердің бетіндегі жұмақ мекен. Көкорайлы шалғыны да, көкпеңбек аспаны да жанына соншалықты жақын. Көз байланғаннан кейін Қайраттың аспаны қара барқыт жамылғандай болып тұрады. Ту биіктен жұлдыздар жымыңдайды. Анжелика Сергеевнаның да өз жұлдызы бар. Жұлдызын жандырары – тіл. Онда да қазақтың тілі. Іштей жұлдызым жоғары болса екен деп тілек тілейді. Ал адамдары ше? Тіпті керемет! Ынтымақ-ырысы, береке-бірлігі сүттей ұйып тұр. Ең жақсысы, бәрі бірдей Анжелика Сергеевнаның көңілі құлай сүйген өз тілінде сөйлейді. Ақсақалды аталарының ел тарихы, жер тарихы туралы ажарлы әңгімелерін, көп кітаптарда кездесе бермейтін махаббат, ерлік дастандарын естіп, көкірегіне құйған сайын соны леп алпыс екі тамырын қоламтаның шоғымен қарығандай қыздырып, ел жайлы ұғымы молайып, сөздік қоры еселене түседі.
Көңілді кірбің шалған кейбір сәттерде атасымен сырласады. Паһ, шіркін, Абай хакімнің әрбір айтқан сөзі – ақиқат. Тек соны кейбір жастардың тәптіштеп оқып, астарындағы кесек-кесек ойды түйсініп, толайым түсіне бермейтіндері өкінішті. Ал өзі неше қайтара оқыса да, жалыққан емес. Әсіресе қарасөздерін. Қарасөздің бәрі тұнып тұрған ғибрат, өміріне қажетті өнеге.
Ауылдан алғаш ұзап шығып, жергілікті ұлт тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген бір байқауда әлдекім Анжеликаға тосыннан сұрақ қойған.
– Сенің жан дүниеңе кім жақын? Пушкин бе, әлде Абай ма?
Әуелде абдырап қалғаны рас. Бірақ тіл ұшына үнемі сырласып жүретін, ақыл-кеңесін өмірінің темірқазығына айналдырған Абай атасы оралған.
Шыны сол еді. Өйткені Абайдың көп шығармаларын оқыған. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын неше қайтара сүзіп шыққан. Ой маржанын теру үшін. Кейін асықпай ойланып көрсе, жауабы дұрыс тәрізді. Ал сұрақ болды ма, жоқ па, ол жағын әлі күнге дейін ажырата алмай жүр. Асылында рухани азық берген ұлылардың бір-бірінен кемдігі жоқ. Екеуі де қатар аққан бұлақ тәрізді.
Кішкентай кезінен белсенді болды. Бәлкім жаратылысынан, әйтеуір, бір нәрсемен ерекшеленуге тырысқан. Биге де, ән үйірмесіне де қатысты. Соңғы жылдары жас жүрегін поэзия жаулай бастады. Өзі ғана оқыған жоқ, құрбыларына да оқып беретін. Кейін «құлақтан кіріп, бойды алатын» Абай өлеңдерін мәнерлеп оқи бастады. Қазір қазақ тілін орыс тілінің деңгейінде біледі. Өзінің айтуына қарағанда, жергілікті ұлт тілін артығырақ.
– Мені қатты таңғалдыратыны – қазақ халқының салт-дәстүрінің өте бай екендігі. Бұл ел мәдениетінің қаншалықты терең екендігін көрсетеді деп ойлаймын, – дейді өзі, – Отан сүю ерлік пен мәрттік, жомарттық пен адамгершілік қасиеттердің бәрі ғасырлар бойы сабақтасып келе жатқан салт-дәстүр арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратыны ақиқат. Ең бастысы, әдемі де мазмұнды салт-дәстүр біз тәрізді жастарды тура жолдан адастырмас бағыт сілтеп отырады. Жөн-жосықты біліп-үйренуге және өз өмірінде қолдануға бағыттайтын заң іспетті десем де қателеспейтін шығармын. Өз басым Қазақстанда туып-өскеніме, тілін үйреніп, салтын меңгеріп алғандығыма қуанамын. Кейде қазақ тілін қайдан білесің, тілді үйренуге не себеп болды деген сұрақтар да қойылып жатады. Меніңше, әр адам мемлекеттік тілді меңгеріп, білуі керек. Өз басым болашақта аудармашы болсам деймін. Сол үшін қазір талаптанып, оқып жатырмын. Жалғыз тілді емес, ұлттың жан дүниесін көбірек біліп, кеңірек танысаң, ұлылығына еріксіз мойынсұнасың.
Енді бір ауыз сөз талапты қарындастың қол жеткізген биігі жайында. 2016 жылы облыстық Абай оқуларында үшінші орын иеленген, 2017 жылы Махамбет оқулары байқауында бірінші орынды алыпты. Дәстүрлі «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасының «Сөз шеберлері» аталымында екінші орынды иеленген. 2019 жылы «Жас Ақмола» байқауында үздік студент атаныпты. «Туған жерім – Қазақстаным» республикалық ақындар мүшәйрасында бірінші орынға лайық деп танылған. Әртүрлі тақырыпқа жазған мақалалары басылымдарда жарияланып жүр. Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының белсенді мүшесі.
Бұл жиырмадан жаңа асқан бойжеткен үшін аз дүние емес. Шығар асуы, жетер биігі алда. Өзі де арманшыл. Тым-тырыс жатқан, бұйығы Қайрат ауылының түнгі аспанына қиялшыл көңіл көз салып қояды. Мың сан жұлдыздың ішінде өз жұлдызын көрген сайын «жұлдызым жоғары» деп дәме етеді. Шынында да, қос тіл қос қанаты тәрізді қолтығынан демеген Анжеликаның жұлдызы жоғары болатындығына біз де бек сенімдіміз.
КӨКШЕТАУ