Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Қоғамдық көлік – халық игілігіне

552 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтау қаласының автобус паркі 18 заманауи үлгіде жасақталған қоғамдық көлікпен толықты. Автобустар Қостанай облысының «СарыАрқаАвтоПром» АҚ зауытында құрастырылған.

Қоғамдық көлік – халық игілігіне

Сыйымдылығы 70 жолаушыға арнал­ған «Yutong» маркалы көлік экологиялық таза дизель оты­нымен жүреді. Еуро-5 стан­дарттарына сәйкес келе­тін газ қозғалтқыштарымен жаб­дық­­талып, мүмкіндігі шектеулі жан­дарға ыңғайлы болу үшін төмен еденді етіп құрастырылып, арнайы көтергіш құралы орна­тыл­ған. Жаңа қоғамдық көлік­тер­де қа­уіпсіздік шарасы да қарас­ты­рыл­ған. Яғни көлік бейне­ба­қы­лаумен жабдықталған. Жазда тұрғындарға ыңғайлы болу үшін салқындатқыш қойылған және алдағы уақытта GPS қондырғысы қойылмақ.

Облыс әкімі Серікбай Трұмов қала халқын қуанышты сәтпен құт­тық­тап, жаңа қоғамдық көліктер ақтау­лық­тар­дың өмір сүру сапасын жақ­сар­ту­ға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

«Өңірде қоғамдық көлік мәсе­ле­сін шешу мақсатында «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ бастамасымен 2018 жылы «Ақтау қаласы автобус паркін жаңарту» бағдарламасы жасақталды. Сондай-ақ бұл Nur Otan партиясының сайлау алдын­дағы бағдарламасына да енгізілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында жолаушылар тасымалы мен оларды субсидия­лау мәселесін жүйелі түрде шешуді тапсырған болатын. Міне, бүгін Ақтау қала­сына елімізде құрас­ты­рылған отан­дық өнім қала тұр­ғын­дарын тасы­мал­дайтын болады», деді Серікбай Трұмов.

Автобустардың жалпы құны 721,8 млн теңге, оның 30%-дық алғашқы жарнасы мемлекет тарапынан төленді, ал қалған 70%-ы «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның лизингтік бағдарламасы арқылы төленеді.

Бұдан кейін көлік табыстау шарасы денсаулық сақтау саласында жалғасты. Медицина басқармасының материалдық-техникалық базасы тағы 2 жылжымалы медициналық кешенмен толықты. Отандық автокөлік негізінде құрастырылған және көшпелі жағдайда азаматтардың ден­саулығын тексерудің кең спект­­ріне арналған техникалар Түпқараған мен Қарақия аудандық ауру­ханаларына табысталды.

Созылмалы ауруларды ерте анықтау, денсаулық жағдайын, алдын алу және емдеу рәсімдерін анықтау үшін қажетті заманауи цифрлы құралдармен жаб­дықталған жылжымалы диаг­нос­тика­лық медициналық кешендер Yutong қала­ара­лық автобусы негізінде құ­рыл­ған. Бұл көліктердің автономды жылы­ту, кондиционерлері және бірнеше ка­бинеті бар. Гинекологиялық қарау ка­би­неті, биохимиялық қан алу учаскесі, дәріханалық пункт, жалпы қабылдау каби­не­ті, рентген-бөлмесі бар кешенде медициналық тексерулер, диспансерлік тексеру­лер, консультациялық-диаг­нос­ти­калық медициналық көмек көр­сету, медициналық және зерт­ханалық зерттеулер, саламат­ты өмір салтын үгіттеу және қалып­тас­тыру қызметі жүргізілмек. Сон­дай-ақ қорғасын бөлмесінде қауіпсіз рентген және флюорография жасауға болады. Арнайы жасақталған көлік медициналық көмек көрсету, скринингтер өткі­зу, білікті мамандардың консуль­­тацияларын жасау арқылы ауыл­дық жерлердегі халыққа ме­ди­циналық қыз­мет­терді жоға­ры дең­гей­де көрсетуге мүм­кіндік береді.

Қарақия аудандық орталық ауруха­на­сының бас дәрігері Гүлшара Сақтап Сенек, Құланды және Бостан ауыл­да­рына барып, диагностикалық-меди­ци­налық ке­шен қандай қызмет атқаруға қауқарлы екенін, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көр­се­туде ешқандай кедергі жо­ғын айтты. Ал Түпқараған аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлшат Шалабаева, рес­пуб­­ликалық бюджет есебінен сатып алынған кешен­нің көмегі­мен жұмыс едәуір же­ңіл­дей түсе­ті­нін айтады.

Маңғыстау облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева жылжымалы медициналық кешенімен жеке танысып, медицианлық көлік­тердің шалғайдағы ауыл тұрғын­дарына дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетілетініне сенімді екенін жеткізді.

 

Маңғыстау облысы