Аймақтар • 04 Қараша, 2020

Түркістанда халықаралық театр фестивалін өткізу жоспарланып отыр

254 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Cоңғы екі жылда Түркістанда бірнеше жаңа мәдени нысандар бой көтерді. Олардың қатарында облыстық қазақ драма театры, "Ясауи" музейі, "Ұлы дала елі" мен "Қабылдау" орталығы, Конгресс-холл, амфитеатр сынды ғимараттар бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда халықаралық театр фестивалін өткізу жоспарланып отыр

Бұдан бөлек, облыс орталығында қазақ хандары мен билері және "Түркі әлемі" орталықтары, Түркістан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ өңірде мәдени іс-шаралар бүгінгі талапқа сай өткізіліп келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев  соңғы 9 айда өңірдегі 24 музейде 2000-нан аса онлайн іс-шара ұйымдастырылып, 3369 дана жаңа экспонат жинақталғанын атап өтті. Нәтижесінде облыстағы музейлердің жалпы қоры 173 986 данаға жетіп отыр. Сондай-ақ биыл ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай, Отырар ауданында композитордың өзі тұрған үйінен "Ш.Қалдаяқов" музейі ашылды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, келесі жылы Түркістанда халықаралық театр фестивалін өткізу жоспарланып отыр.

Жалпы, бүгінгі таңда облыста 678 мәдениет және өнер мекемесі жұмыс істейді. Жыл басынан бері коронавирус індетіне байланысты шектеу шараларының талаптары сақтала отырып, облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен клубтар мен кітапханаларда, музейлерде 9 мыңнан астам іс-шара өткізілген.