Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті отырысы болды. Депутаттар Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады.
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті отырысы болды. Депутаттар Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады.
Заң жобасы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу үшін қолайлы жағдай жасау, тиісті инфрақұрылымды салуға инвестициялар тарту, көрмеге келушілер мен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа инновациялық технологиялар енгізу, туристік саланы дамыту және Қазақстан экономикасына инвестициялар тарту мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеуге бағытталған.
Палата 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістерді қабылдады. Нақтылау нәтижесінде бюджеттің игерілмеген қаражаты жалпы сомасы 100,0 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады. Оның ішінде: «Жезқазған–Бейнеу» теміржол желісінің құрылысы – 30,0 миллиард теңге; «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-тың жарғылық капиталын ұлғайта отырып, одан әрі «Байтерек» ҰБХ» АҚ-тың жарғылық капиталын ұлғайту – 30,0 миллиард теңге; ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындық – 20,0 миллиард теңге; ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің орнына тұрғын үйлер салу жобасын іске асыру үшін «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде Астана қаласы әкімдігі уәкілетті ұйымының «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ-қа кредитті қайтаруы – 20,0 миллиард теңге.
Сенаторлар, сондай-ақ, кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады. Құжат Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын жүзеге асыруға және нәтижелерге негізделген Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.
Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қабылдады. Жер берілгеннен кейін белгілі бір кезең ішінде игерілмесе, бұл жерлерге арттырылған салық мөлшерлемелерін енгізу көзделіп отыр. Одан басқа, Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын іске асыру мақсатында заң жобасында жеке тұлғалардың мүлкіне, көлік құралдарына салықтарды және акциздер мөлшерлемелерін арттыру жөніндегі нормалар қамтылған. Сонымен қатар, заң жобасында салықтық әкімшілік ету мәселелерін жетілдіруге бағытталған нормалар да көзделген.
Депутаттар одан басқа, «2014-2016 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы» заң жобасын да қабылдады.
Заң жобасымен мынандай мөлшер белгіленіп отыр: облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен берілетін республикалық бюджетке бюджеттік алып қоюлар 2014 жылы – 132,0 миллиард теңге, 2015 жылы – 168,5 миллиард теңге, 2016 жылы – 213,9 миллиард теңге; республикалық бюджеттен облыстық бюджетке, астананың бюджеттеріне берілетін бюджеттік субвенциялар 2014 жылы – 978,1 миллиард теңге, 2015 жылы – 904,4 миллиард теңге, 2016 жылы – 836,9 миллиард теңге болды.
Палата, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын да қабылдады. Онда осы үш жылдық мерзімде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі жыл сайын 1 380,0 миллиард теңге болып белгіленді.
«2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңның жобасын талқылау барысында Мәжілісте мақұлданған жобаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Өзгерістер өңірлердегі білім беру, денсаулық сақтау және көлік салаларындағы, сондай-ақ, халық өмірінің жағдайын жақсарту мен тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымдарын сапалық тұрғыда жаңарту жөніндегі мәселелерді шешуге бағытталған.
Одан басқа, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге, аса маңызды топтық және жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз су беру бойынша қызметтер бағасын субсидиялауға, Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде өңірлерде жеке кәсіпкерлікті қолдауға арналған шығыстарды ұлғайту қолдау тапты. Сонымен қатар, минералдық-шикізат кешенін дамытуға, кен орындары бойынша іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ, ауылдарды сумен қамтамасыз ету үшін қосымша қаржыландыру көзделіп отыр. Бұл заң жобасына сенаторлар өзгерістер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.
Сенат отырысына Премьер-Министр Серік Ахметов, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов, Үкімет мүшелері, ұлттық компаниялар мен даму институттарының басшылары қатысты.
Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасының одан әрі дамуы үшін аса қажетті заң жобалары жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданғанын атап өтті. Ол Үкімет мүшелері мен депутаттардың бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».