Қазір Мәртөк, Қарғалы аудандарының шаруа қожалықтарынан тікелей тасылған 2 мың 339 тонна картоп, 535 тонна пияз, 419 тонна сәбіз және 319 тонна қырыққабат тұрақтандыру қорының қоймасына салынды.
Бүгін өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру жөніндегі комиссия мүшелері көкөніс сақтау қоймасына келіп, қысқы азықтың сапасын тексерді. "Ақтөбе" Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері Мирамбек Анаровтың айтуынша, қорға үш шаруашылық – «Пригородный» , «Болат ЛТД» және «Еламан-2014» ЖШС-тері картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат жеткізсе, соңғы екеуі 200 тоннадан картоп тапсырған. Қыс бойы ерекше температурада сақталатын көкөніс жазға шейін молынан жетуі керек.
«Халық көп тұтынатын көкөніс тұрақты бағамен қаладағы «Табыс» коммуналдық базарында, шағын базарлар мен «HALYQ SAUDA» әлеуметтік дүкендерінде сатылады», деді Мирамбек Анаров.
Айта кету керек, бұл –облыста халық ең көп тұтынатын азық-түлік, соның ішінде көкөніс бағаларының көтеріліп кетпеуіне жол бермеу үшін жасалып жатқан қадамдар. Сол үшін де биылғы көктемде жергілікті шаруа қожалықтарының өсірген өнімдерін тұрақтандыру қорына сатып алу үшін облыстық бюджеттен 240 миллион теңге бөлінген болатын.