Тарих • 05 Қараша, 2020

Үш ғасыр куәгері Құртқа тәуіп

2926 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Құртқа тәуіптің кім болғаны және тарихта белгілі істері туралы алдымен бабамыздың халық емшісі, қажы болғанына қосымша қазақ тарихында ең ұзақ өмір сүрген кісі екенін атап кету қажет.

Үш ғасыр куәгері Құртқа тәуіп

Үш ғасырдың куәгері Құртқа тәуіп 136 жыл өмір сүрген және ол туралы Қазақ Совет энциклопедиясында былай деп жазылған:

«Құртқа Сұлтанқожаұлы (1770-1906) – Жетісу және көршілес қырғыз еліне аты кең тараған халық емшісі. Ұлы жүз Шапырашты тайпасы Шыбыл руының Байыс деген атасынан. Құртқа араб-парсыша оқыған. Ол ауыр науқастар­ды емдеп жазып, күрделі операциялар жа­сай білген. Түрлі шөптерден дәрі жа­саған. Қоқандықтармен соғыста жара­лы болғандарды емдеп, операция жасап, сүйектегі оқты алған. Құртқа өте ұзақ жа­сап, 136 жыл өмір сүрген» (Қазақ Со­вет энциклопедиясы, 1974 ж. 7-том, 51-бет).

Өз заманында қазақтан аты асып күллі түркі жұртына белгілі болған Құртқа тәуіп бабамыз 1770 жылы туы­лып, 1906 жылы дүниеден өткен. 136 жыл ғұмыр кешкен әулие атамыз Жетісудың Ұзынағаш қонысын мекен еткен. Тәуіптің зираты да Ұзынағаш темір жол стансасынан (Қазір Қазыбек бек темір жол бекеті) 25 шақырымдай жерде.

Осы мақаламызда Құртқа тәуіп туралы белгілі ақпараттың бірнеше қы­рын ашуды жөн көрдік.

Алдымен Құртқа тәуіп туралы ақын­дар шығармалары мен халық аузындағы мәліметтерді берейік.

Құртқа тәуіп туралы ақиық ақын Сүйінбай Аронұлы жырлаған. Ол қыр­ғыздардың атақты ақыны Арыстанбек Байлашұлымен айтысында:

Шыбыл деген бір елім,

Мынау менің Шыбылым.

Мен сөйлесем шынымен,

Шығар сенің шығының.

Ерегіссең менімен,

Шығар сенің тығының.

Қысы кетсе, жазы бар,

Дүниенің сазы бар.

Шыбылдан шыққан атақты,

Көпке әйгілі Құртқа қажы бар,

– деп жырлап, Құртқа тәуіптің тек қа­заққа ғана емес, қырғыз еліне де әйгілі екенін атап кеткен.

Ал жазушы Мамытбек Қалдыбаев 1995 жылы шыққан «Бәйдібек баба арманы» кітабында былай жазған:

«...Құртқа, Саурық батыр, Шапыраш­тының болысы Андас датқа үшеуі Сүйін­бай ақынға келіп жолығады. Сонда Сүйекең:

 Бұл қазақтың бас тәуібі

Құртқа болар,

Андастың асыл сөзі нұсқа болар.

Адамнан асып туған Саурық батыр,

Қырғыз бенен қазаққа тұтқа болар,  – деген екен.

Сонымен бірге ел азаматы, білікті басшы Сәбетбек Еркінбайұлы «Күрті – бақыт мекені» атты кітабында:

«...Жайылған бар қазаққа

Құртқа атың,

Халқыңа тиіп еді шапағатың.

Жазатын ауруларды бүкіл елде,

Ғұлама емші болып тарап атың»,  – деп ақын жырлағандай, Құртқа тәуіп – еліне қамқор абыз, әулие көріпкел, қасиетті шипагер болған», – деп жазады.

Осындай атақты ақындар жырына қосқан Құртқа тәуіп елге халық ем­­шісі, тәуіп ретінде белгілі болған. Ба­ба­мызға тәуіптік қасиет өзінің әке­сі Сұл­танқожадан дарыған екен. Сұл­тан­­қожа емші ретінде елге танымал бол­ған, ол жас Құртқаны өзіне көмекші ре­тінде алып жүріп емшіліктің көптеген құпияларына баулып, дәрілік шөптердің қасиеттеріне үйреткен. Жас Құртқаны Орта Азия, араб, парсы елдерінің бі­лім беру ордаларына жіберген. Құртқа Сұл­танқожаұлы сол орталықтарда көп­теген жылдар бойы емшіліктің ғылыми негіздерін зерттеп үйренген.

Әбу Ибн Сина мен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы секілді ірі тұлғалардың ізбасары Құртқа тәуіп халықты шөппен немесе халық әдісімен емдеп қана қой­май, оташы да болған. Оның себебі Құртқа тәуіп Шығыс медицинасының негіздерімен қатар Петербор медицина институында білім алған.

ХІХ ғасырдың басында Құртқа тәуіп­тің аты бүкіл өлкеге әйгілі болып, оған емделуге жан-жақтан адамдар келеді. Сондай кісілердің ішінде сол кездегі қазақ жерін игеруге келген адамдар да болып, олар Құртқа тәуіптің емшілік өне­рін көреді. Солардың арасында бір­неше татар азаматтар болады, сол азаматтармен тілдесу арқылы Құртқа тәуіп орыс тілін де меңгеріп алады. Сол кісілердің ықпалымен Құртқа тәуіп Петербор Медицина-хирургия академиясында бірнеше айлық курстан өтіп, жаңа медициналық әдістерді, соның ішінде оташылықты үйренеді.

Құртқа тәуіп бүкіл өмірі бойында сол ілімдерін халықтың денсаулығын жақсартуға, ауруларды емдеуге бағыт­тайды. Оның емшілігі жайлы ел аузында жүрген көптеген аңыз-әңгімелердің кейбірін атап кетейік.

Жетісуды билеген Тезек төренің баласы ауырып, Құртқаға қос атпен кісі шаптырыпты. Құртқа тәуіптің төре аулына бара жатқанын естіп, жақындары келіп:

 – Абыз ата, Тезек төренің елге тізесі қатты батып жүр. Алым-салықты үйіп-төгіп, ес жидырмай, ата қонысымызды тартып алды, елді еңіретті. Енді соның есесін қайыратын кез келді. Анау дімкес ауру баласына у бер де қатыра сал. Әр сауалға – бір зауал,  – деп жер тепкілеп, тілек тілепті.

Құртқа тәуіп үндемей, Алтынемелде отырған төре ордасына аттанады. Ұн­тақтап саумалға қосып ішкізген дәрісі шипа болып, бір айға жетпей беті бері қарап, адам болмайды деген бала түре­геп, дін аман жүгіріп кетеді.

Ауылына келгенде, әлгі туыстары қайта келіп:

 – Абыз ата, төренің баласы тұрып ке­тіпті, сіз емдеп, құлантаза жазып жібе­ріпсіз,  – деп тепсінеді.

 – Сіздер қызық екенсіздер. Дәрінің бәрі – у болады. Мен берген дәрі – оған шипа болды. Ал естеріңізде болсын, мүсәпірді мүсіркеу керек, емдеу – парыз. Қолдан келсе, шипа болар жағдай жасауымыз керек. «Ең басты байлық – денсаулық» демекші, тәні жарымжан пенде – ең бейшара, ең мүсәпір. Ауырған жанды аялауымыз қажет. Қаскүнем қарақтан өледі, қомағай тамақтан өледі, батыр садақтан өледі, бай қадақтан өледі. Абайлап сөйлеп, ойлап іс істеу лазым. Өзін күткен өрге шығады, өзгеге өлім тілеген елді бұзады. «Ашыққанға қазан астырма, тоңғанға от жақтырма» деген бұрынғы ата-бабаларымыз. Біреуге өлім тілемей, өзімізге өмір тілейік. Жараның азабын жаралы біледі, қазаның азабын қаралы біледі. Ері саудың – елі сау, аурулы елде – күнде дау. Ел-жұртымды аурудан, даудан аман қылсын»,  – деген екен.

Құртқа тәуіптің бұл сөзі – өсиетнама болып қалың елге тарапты.

 – Тәуіптің соңы Құртқа абыз болар. Көзі қарақты, сөзі салмақты, елі­не ардақты мұндай шипагер-тәуіп бағы­мызға туған екен. Қадірін біліп, қасиетін асырайық. Надан кісі сусыз арыққа ұқ­сай­ды. Әлсіз денеге – ауру ұялайды. Басы ауырған бақсы-балгерге тоймайды. Ал Құртқа тәуіптей сегіз қырлы, бір сырлы шипагердің болғанына, тәубе!  – депті Тезек төре тәуіптің емшілігіне аса разы болып. Содан ел аузында «Тәуіптің соңы Құртқа болды» деген қанатты сөз қалыпты.

Бір аста Жамбыл мінген аты сылти басып келгенін көріп, Құртқа тәуіп:

 – Анау ақынның атының бір аяғының жілігі жарылған екен. Енді мінсе, күп боп ісіп, түкке жарамай қалады,  – деген соң, тәуіпке емдетіп, қаратқаннан кейін бір айдай бос жіберіп мінгенде құр аттай шауып кетіпті.

Тағы бірде бір байдың жылқылары ауырмай-сырқамай топ-топ етіп жығы­лып, қырыла бастайды. Бай Құртқа тә­уіпті алдыртыпты.

– «Бар кесел мына қара айғырда екен», – деп әлгі айғырды жыққызып, қа­ра санын ұстарамен тіліп жіберіп, ырси­ған етінің ішінен бірдемені салып қайта тігіп тастайды.

– Бұның не?  – дегендерге:

– Бұл – «уа» деген дәрілік шөптің ұнтағы. Ол мына айғырдың кеселін ке­седі, құртын құртады. Енді қорықпа,  – деп­ті. Шынында да қалған малы дін аман болыпты.

Құртқа бабамыз Абылайхан, Уәли­хан, Кенесары кезеңінде өмір сүріп, со­лар­мен бірге тәуелсіздік күресіне ат­са­лысқан. Қазақ сарбаздарының қал­мақ­тарға қарсы жорықтары мен шай­қастарына қатысып, солардың жара­қат­тарын емдеп, сынған сүйектерін құ­рас­тырып, оқтарын иіп алып, кейде шорт кесіп – ампутация және де басқа операциялар жасаған. «Ер қанаты – ат» демекші, сарбаздардың аттарын да емдеген.

Шын мәнінде, Құртқа Сұлтанқожа­ұлы әскери-дала медицинасын, оның ішін­де хирургиясының Н.И. Пироговтан әлде­қайда ерте негізін салған. Өкінішке қарай ол әлемге тіпті белгісіз, жазба куә­лік­тері жоқ, ол – ол ма, Құртқа туралы жал­­пы қазақтардың көпшілігі білмейді. Соқыр ішектің қабынуын, домалатпаны (апендицитті) хирургиялық жол­мен емдеген.

Пышақсыз да операциялар жасаған: қираған сүйектерді, теріні ашпай сыртынан құрастырып, қимылдайтындай етіп таңған, іштегі соққыдан зақымдалған жұмсақ органдарды да сыртынан сылап-сипап емдеген. Тамыр ұстап адамның кеселін анықтаған және емдеу барысын да бақылап отырған.

Бабамыз дененің кез келген жерін, сыртынан еттерін жұмсартып, қан тамырларын қысып, қансырауды тоқтатуды және жүйке жүйелері арқылы жансыздатуды жетік игерген. Онымен қатар гипнозды да жоғары деңгейде пайдалана білген. Басынан қатты соққы алып, миы шайқалғандарды, қараңғылау бөлек үйге жатқызып, тыныштықпен қамтамасыз етіп, жандарына күтуші қойған. Ауыр жаралылар мен сырқаттардың дәреттерін қадағалаттырып, денелерін аударыстырып, майлатып, ауыздарына су, сұйық тамақ тамыздырып отырған. Әйелдердің бедеулігін де емдеген. Олардың іштерін өзіне белгілі майлармен сылатып, ішкі жыныс мүшелерінің қан айналымын қалпына келтіріп, жабыққан жерлерін ыдыраттырып, сырқаттарын жазған. Оның үстіне ол кісінің жанашырлық шын ықыласы, ел арасында аңызға айналған әулиелігі де әсер етсе керек.

Құртқа тәуіптің халықты емдеудегі әдіс-амалдары мен дәрілік заттарының саны өте көп және әртүрлі болған. Ха­лықтың айтуынша, бабамыз жаза алмайтын кесел болмаған.

Сонымен қатар өте ауыр және қа­­­уіпті қылтамақ басқа да, рак, оба (чума), сияқты сырқаттарды да емде­ген. Жұқпалы аурулардан сақтану үшін алдын ала әртүрлі қауіпсіздік ша­ра­ларын кең пайдаланған, залалсыз­дан­дыруды игерген. Мысалы, жаңа қо­ныс­қа көшіп келгенде, алдымен жерді за­лалсыздандырған, сонан кейін ғана үйлерді тіккен. Күмәнді ауруларды бөлек жат­қызған, өзге де шаралар қолданған. Обадан, не басқа жұқпалы аурулардан өлген малдың денелерін тереңірек қылып көмдіріп, залалсыздандырған.

Жүзден жасы аса бастағанда, баба­мызға маржандай тізіліп жұмсақ тіс шы­ғыпты.

Құртқа тәуіпті жаугершілікте ар­ба­­ға мінгізіп, сарбаздармен бірге алып жү­­реді екен. Ол шайқастарда жа­ра­лы болған сарбаздарды емдеп, қа­жет болса тікелей ота жасап жүрген. Бел­гілі профессор-хирург, Қазақстан Рес­пуб­ликасы жо­ғары мектебінің еңбек сіңірген қыз­меткері, Құртқа тәуіп ұрпағы Тұрар Кө­кеев «Құрт­қа тәуіп – Ұлы дала перзенті» атты ғылыми кі­тап жазып, жа­рыққа шығарды. Ғалым дәрігер Тұрар Көкеев мұнда Құрт­қа тәуіп жай­лы ұзақ жылдар бойы із­денісі мен зерт­теуінің нәтижесінде, өз таным, ой қоры­тындысын жаңа де­рек-дәйектермен әде­мі келтіреді. Оның ­айтуынша, өмір ба­қи малмен шұ­ғылданатын қазақ халқы мал­ды сойып жайғастыруда шеберліктің шы­ңына жеткені күмәнсіз, малдың етін жіліктеу, шел-бездерін алып тастау, күр­делі қан-тамырларының орнала­суын, буындардың, нерв жүйелерінің анатомиясын жете білуде қазақтан ас­қан маман жоқ. Осы қасиеттердің бар­лы­ғының соғыста жарақаттанған адамдарды емдеу процесінде зор көмегі бол­са керек. Ластанған жарақаттарды қай­наған сумен (шүмекті ыдысқа құйып) та­залап жуып, қанын тоқтатып (қан тоқ­татудың Құртқа бабамыз неше түрлі әдістерін білген), таза жеңіл матадан бай­лама салған. Жарақаттанған қолды (аяқты) тапжылмайтын, қимылсыз жағ­дайда бекітіп ұстайтын халге кел­тіру керек болған. Сынған сүйектің ығы­­сып кеткен сынықтарын орнына салу үшін, сол жердің жанын кетіру мақ­­са­тымен жайлап «сылап» отырып сын­ған жердің бұлшық еттерін әбден босаңсытып барып сынықтарды (майда сынықшасына дейін) сау қалпындағы жағдайға келтірген. Сүйекте қадалып тұрып қалған садақ оғын алу үшін, сол жерге келетін жүйке-нервті жансыз­дандыру үшін, өмірден алынған бір феномен пайдаланылған: адам қатаң­дау жерде ұзақ отырғанда, жамбас нер­ві қысылғаннан аяқ жансызданып қала­тыны мәлім; бұл аяққа ине шаншылса да, тіліп, кессе де адам сезбейді. Адамның анатомиясын жақсы біле отырып, оқтың қадалған жеріне келетін нервтің жолында, оның сүйекке жақын жатқан жеріне ұзақ қысым көрсетіп, сол жердің жанын кетіріп, оқты алғанда адам сезбей қалатын болған. Етті тіліп кескенде күр­­делі қан тамырлары, нерв жүйелері жоқ­тау жерлерін таңдаған.

Медициналық оқу орнын бітіргеннен кейін, Құртқа тәуіп халыққа көмек көр­сететін медициналық жасақ дайындайды. Ол соғыс кезінде қолына ақ жалау ұстап жүрген екен. Ақ жалау ұстап ал­ған­дарға екі жақ та оқ атпайды деп келі­сіп алған. Сөйтіп жүріп өз жағының да, жау жағының да сарбаздарына көмек көрсеткен. Атамыз 300-ге жуық шөптен дәрі жасай білген.

Айта берсек, ол кісінің халыққа жа­саған емінде есеп жоқ деуге болады. Ол тек емші ғана болған жоқ, сондай-ақ абыз, ел арасына сөзі өтетін би дәре­же­сіне де көтерілді. Құртқа тәуіптің ша­рапаты көрші қырғыз еліне де көп тиді. Әрине, біз әлі атамыздың табиғи жолмен емдеу тәсілдерін толық аша алған жоқпыз. Оны зерттеп, зерделеу дәрігерлердің басты мақсатына айналуы керек.

Құртқа тәуіп шөппен емдеген, түрлі шөптерді жинап дәрі жасаған. Жібек жолымен ары-бері өтетін керуендерге аманаттап мына шеті Қытай, мына шеті Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ресей өңірінен үнемі түйіншек-түйіншек дәрі-дәрмек алдырып отырған. Гиппократ дәрінің 200 түрін, үнді тәбибтері 800 түрін пайдаланған болса, Ибн Сина дәуірінде 2600 түрлі дәрі қолданылып, оның жартысынан көбі өсімдіктерден алынған. Құртқа тәуіп осы дәрілерді және оны жасау жолдарын меңгерген, оны сақтау мен пайдалануды үнемі үйретіп отырған. Түрлі ауру-кеселдерді емдейтін шипалық дәрілерді де өзі жасаған. Сонымен қатар тәуіп түрлі жан-жануардың да адамға шипалық емін білген, адамдарға пайдаланған (мысалы, жыланның ағзасы, жабайы аңдардың түрлі ағзалары (өт, ішек-қарын, өкпе-бауыр дегендей, оларды қайнатып сорпасын ішкізген т.с.с.).

Құртқа тәуіптің тағы бір ерекшелігі – ұзақ өмір сүргені. Үш ғасырды көрген абыз ата 136 жас жасаған. Құртқа тәуіп­тің осындай ұзақ өмір сүргенінің се­бептерін де зерттейік. Ол кісінің ұзақ өмір сүруі ең алдымен белсенді қимыл жасауы және емшіліктің өзі білген құ­пияларын өз ағзасына пайдалана білгені деп айтуға болады. Құртқа тәуіп өмірінің соңына дейін емшілік жасап жүрген. Өзін-өзі емдеп, өзіне-өзі тәжірибе жасап, оны жұртқа үлгі етіп айтып отыр­ған. Құртқа тәуіптің жасы 112 келгенде, аяғын­да гангрена пайда болады, соны өз бе­тінше емдеп, содан жасанды ағаш аяқ салып, қайта жүріп кеткен.

Құртқа тәуіп сынықшы, емші ғана емес, елге қамқор болған қайраткер адам. Жаугершілік заманда шашырап кеткен туыстарын жинастырып, басын қосуға қамқорлық жасаған. Аталас туыстары оны «Ел иесі – Құртқа» деп атаған. Ел иесі атану екінің біріне бұйырмайтын қасиет екені айқын.

Құртқа бабамыз көптен ерекше бө­лініп көзге түсетін кісі болса керек. Өзі ұзын бойлы, сұңғақ денелі, ат жақты, қаба сақалды, өткір көзқарасты, қыр мұрынды, кең маңдайлы, жылы шырайлы келген. Басындағы сәлдесін мол­далардікіндей жалпайтып емес, қазақ­тың бөркіне ұқсастырып орап киеді екен. Ол кісіні көрген адам бірден сол кісінің ауанына толық беріліп, гипнозды жағдайға түскендей болып қалады екен.

Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлы – елі­не қамқор абыз, әулие. Сондықтан да халықтың ыстық ықыласынан болар, біраз жыл бұрын Көксай ауылында Құрт­қа тәуіп атындағы мешіт салынды. Бейіті басына алғаш белгі қойған ұрпақтары болатын. Кейін бейіт аумағын кеңейтіп қоршатып, темірден күмбез орнаттырды.

Құртқа тәуіпке байланысты аңыз әң­­гімелердің дені бабамыздың бүкіл са­­налы ғұмыры ізгілікке негізделгенін баян­дайды. Жүз отыз алты жыл өмір сүр­ген әулие айналасына жақсылықтың нұрын шашқан, небір ауруларды емдеп жазған, шипалы дәрігерлерді пайдаланып, емшіліктің құпия сырларын ашқан. Сондықтан да болар, оған құдайдан бұ­йырған қасиетті мойындаған ел «Құрт­қа тәуіп – жұртқа тәуіп» деген сөз қал­дырған.

Биыл Құртқа тәуіп Сұлтанқожа­ұлы­ның туғанына 250 жыл толып отыр. Осыған байланысты 13 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақ ұлттық медицина университетімен және Құртқа тәуіп атындағы академиямен бірлесе отырып, үлкен ғылыми практикалық конференция өткізгелі отырмыз. Конференцияда көптеген ғылыми баяндамалар жасалып, Құртқа тәуіптің халық медицинасын да­мытуға сіңірген еңбегін жан-жақты ашып көрсететін болады.

 

Такир Балықбаев,

Абай атындағы

Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры,

педагогика ғылымдарының

докторы, профессор