Алғаны жақсының артықшылығы не, көрері не, ұтары не, ал алғаны жаманның жайы қалай болмақ? Осы мәселеде бұрынғы ақын-жырау, би-шешен аталарымыз мен адамзатқа ортақ ұлы ойшыл тұлғалар не айтты. Соны бір дүркін жаңғыртып көрсек. Қазақта: «Жақсы болсаң жақын көп» деген мақал бар. Бұл жерде әйеліңнің де жақсы болмағын меңзеп тұр. Өзің жақсы, әйелің қырсық-қыңыр біреу болса, аталарымыз: «Жақсы болса алғаның, үйіңнен кісі кетпейді, Жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді» деп шегелепті.
Сол тәрізді халқымыздың тағы бір мақалдарында: «Қатының жақсы болса, жұмақ үйiңде, Қатының жаман болса, тозақ үйiңде» немесе «Алғаның жақсы болса, есіктегі басыңды төрге сүйрейді, жаман болса, төрдегі басыңды көрге сүйрейді» деп, әйел затының ер адам үшін қаншалықты маңызды екенін мақал арқылы түсіндіріп тұрса, атақты қарауыл Қанай шешен: «Астыңдағы атың жүрдек болса, жалғанның пырағы, Алғаның жақсы болса, үй мен қонақтың тұрағы» дейді. Балпық би де: «Алғаның жақсы болса, пейіштен шыққан хормен тең» деген екен.
Бірде Қаз дауысты Қазыбек би ел аралап жүріп, бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоқтығына қарамастан, жас әйел қадірлі қонақтарды жақсылап күтіпті. Үйдегі келінге риза болған би: «Жақсы бір болса алғаның, қоғамды болар жан жағың, Жаман бір болса алғаның, үйіңнен кетпес жанжалың» деген екен.
Қытай жұртының үлкен ойшылы Лао Цзының «Зор жетістікке жеткен кез келген еркектің артында аса қуатты да, ақылды әйел тұрады» дегені де тегін емес тәрізді. Бірде ағылшын қайраткері Унистон Черчилл жұбайы Клементин Хозьермен қолтықтасып келе жатып, әйелінің бала күнгі ғашығымен кездесіп қалады. Анау қарапайым құрылысшы екен. Черчилл әйеліне «мынаған күйеуге шыққанда, жұмысшының қатыны атанар едің» десе, Хозьер ханым жұлып алғандай: «Мен оған тигенде Англияның премьер-министрі осы болар еді», депті.
Бұл айтылғандардан біз алғаны жақсының талабы, тағдыры жақсы болатынын байқадық. Яғни жақсы әйелі бардың үйінің оты сөнбейтін, жұмақтай бір мекен болатынын ұғындық. Сондықтан да жар таңдауда жаңылыспаңыздар, ағайын!